Inicio Білім ТҮРКІСТАН: ҒАЛАМШАРДАҒЫ ШОҚ ЖҰЛДЫЗ – НҰРЗАДА ӘБДІБЕКҚЫЗЫ

ТҮРКІСТАН: ҒАЛАМШАРДАҒЫ ШОҚ ЖҰЛДЫЗ – НҰРЗАДА ӘБДІБЕКҚЫЗЫ

Сауран аудандық мәдениет үйінде әсерлі кеш болып өтті. Олай деуге толық негіз бар. Ауданымызға қонақ болып, физика және математика ғылымдарының кандидаты, профессор, астрофизика саласын зерттеп жүрген ғалым және Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясы тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған қазақтың алғашқы ғалым қызы, жерлесіміз Нұрзада Әбдібекқызымен «Ғаламшардағы шоқ жұлдыз» атты кездесу кеші болып өтті.

Кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысы бойынша төрағасы, ақын, журналист Айдар Сейдәзім, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры, журналист Тельман Бейсен, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ақын, Бауыржан Ерман, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетов қатысып, сөз сөйледі.

ҒАЛЫМДАР ОТБАСЫНЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Нұрзада Әбдібекқызы, 1966 жылы 13 сәуірде Түркістан облысы, Сауран ауданы, Бабайқорған ауыл округі, Абай ауылында Бейсеновтер отбасындағы 10 перзенттің 5-шісі болып дүниеге келген. Ата-анасы – Әбдібек пен Ұлпатшаның шаңырағынан 94 ұрпақ өрбіп отыр және «Ғалымдар отбасы» атанған отбасыда 10 перзенттің бәрі жоғары білімді. Үш ғылым кандидаты, екі магистр және бір халықаралық тренер, профессор, доцент, аға оқытушы бар.

Нұрзада Әбдібекқызы 1973 жылы Абай орта мектебінің табалдырығын аттап, 1983 жылы бітіріп шықты. 1983 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы аяқтады. 2004 жылы 01.04.02 – теориялық физика мамандығына сәйкес «Жалпы Салыстырмалылық Теориясы механикасындағы орбиталды және орбитаның векторлық элементтеріне қатысты тұрақтылық» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады. Айта кетсек, бұл теориялық физиканың жалпы салыстырмалылық теориясы бағытында Қазақстанда әйелдер арасынан ең алғашқы қорғалған диссертация болды. Жасынан білімге алғыр болған ол білімді нығайту және оны ғылыммен ұштастыра білу қабілетінің нәтижесінде көптеген жетістіктерге жетті.

Еңбек жолын 1988 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында теориялық физика және физиканы оқытудың әдістемелері кафедрасында оқытушы болып бастады. 1990-1997 жылдар аралығында ОҚО, Бөген орта мектебінде физика және математика пәні оқытушысы болып қызмет атқарды. 1997 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті физика факультеті теориялық физика кафедрасында аға оқытушы, 2006 жылдан доцент, 2012 жылдан профессор міндетін атқарушы, 2015 жылдан профессор, оқытушы. 2012 – 2019 жж. «Бөбек» ҚР Ғылым және Білім Министрлігі Ұлттық Ғылыми Практикалық Білім беру және Сауықтыру Орталығының Обсерватория директоры қызметін атқарды. 2019-2022 жж. «М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» КеАҚ Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар проректоры қызметін атқарды. 2022 жылдан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы қызметіне кірісті.

Осы орайда, университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің және Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашуда елеулі қызметтер атқарып келеді.

АБАЙДАН ШЫҚҚАН АЛҒАШҚЫ ПРОФЕССОР

Нұрзада Әбдібекқызының ғылымдағы атқарған жұмыстары ұланғайыр. Республикалық және шетелдік журналдарда жарық көрген 150-ден астам еңбектердің және 6 кітаптың оқу құралының авторы. Жас ұрпаққа ғылымды дәріптеуде де көп еңбек атқарып жүр. PhD, магистрлер және бакалавр студенттерінің ғылыми жетекшісі. «Жер және Космос туралы ғылымдар» атты студенттерге және оқушыларға арналған ғылыми үйірме жетекшісі. Олардың ішінде көптеген студенттер және оқушылар Республикалық және халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздары болып табылады. Қазақстан оқушыларының құрама командасының Бразилия, Бангладеш, Индонезия, Греция, Литва, Қытай, Корей, Украина, Румыния, Индия, Тайланд, Россияда, Шри-Ланка, Грузияда, Венгрияда, Польшада өткен халықаралық астрономия және астрофизикадан өткен халықаралық олимпиадалардың жетекшісі әрі тренері ретінде елімізге 65-ке жуық алтын, күміс, қола және Мақтау қағаздарын алып келді.

Нұрзада Әбдібекқызының Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі бір кітапқа жүк боларлықтай. Ол 2012 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми академиясының «Физика және математика» бөлімшесінің Ғылыми хатшысы, Астрофизика және астрономиядан Халықаралық олимпиада Кеңесінің тұрақты консулы қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасында сутегі энергетикасын дамыту бойынша 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасын әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобын құру туралы» 2023 жылғы 11 қазандағы № 362 бұйрығына сәйкес Жұмыс тобының мүшесі атанды. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің Қазғарыш-тың «Ғылыми кеңес құру туралы» 2021 жылғы 13 желтоқсаннындағы № 123/НҚ бұйрығына сәйкес Ғылыми техникалық кеңес мүшесі болып табылады.

Нұрзада Әбдібекқызының ғылыми еңбектері өз саласында өте жоғары бағаланып келеді. Эйнштейннің Жалпы салыстырмалық теориясы бойынша қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырған атақты физик-теоретик, академик Мейірхан Абдильдиннің жетекшілігімен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда (Германия, Берлин қ. 2006 ж., Франция, Париж қ. 2009 ж., Қытай; Пекин қ. 2010 ж., Швеция, Стокгольм қ. 2012 ж.) өзекті баяндамалар жасап, мол тәжірибе жинады. ҚР Ғылым және Білім Министрлігінің ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру есебінен Жалпы салыстырмалық теориясы, Релятивистік астрофизика және Эйнштейннің гравитация теориясы бойынша іргелі зерттеулермен ғылыми жобаның жетекшісі, сондай-ақ орындаушысы ретінде белсенді айналысады. Үздіксіз ізденістер, қажырлы еңбегінің арқасында 2012 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім Министрлігінің № 595 бұйрығымен «Физика» саласы бойынша «Қауымдастырылған профессор» ғылыми атағы берілді. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техника факультетінің деканы қызметін атқарады. Абай ауылынан шыққан алғашқы профессор.

Осындай қажырлы қызметінің арқасында ҚР Ғылым білім министрлігінің «Ы.Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» сынды бірқатар медальдармен марапатталған. 2023 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды.

Астрофизика және астрономиядан Халықаралық олимпиаданың Қазақстаннан тұрақты консулы және ұлттық команданың тренері ретінде 20-дан астам шетелден астрофизикадан өткен халықаралық олимпиадалардың республикалық жетекшісі әрі тренері ретінде елімізге 65-ке жуық алтын, күміс, қола медальдар мен Грамота, Алғыс хат, Мақтау қағаздарын алып келді.

Қаратау бөктеріндегі көкорай шалғыны қысы-жазы малға жайлы Абай атымен аталатын шағын ауыл-дан шыққан Нұрзада Әбдібекқызы Қазақстандағы әлем таныған бірден-бір ғарышты түбегейлі зерттеуші және соған өмірін арнаған ғалым. «Өзіміз Қазақстанның жер асты байлығын түбегейлі зерттей алмай жүргенде, бұл неге аспанға ұмтылады» деген орынды сұрақ туындайды. Алайда, оның Нұрзада есімінің өзі Ай мен Күні теңесетін аспан әлемінің қыр-сырына зерттеуге алып келді. Ендеше, Нұр сипатты Нұрзада Әбдібекқызының ғылымдағы өрісі одан сайын кеңейе берсін дегіміз келеді.

Ескендір ЕРТАЙ.