Inicio Білім ТҮРКІСТАН: «БІЗ ТҰТАС ҚОҒАМ БОЛЫП БІЛІМДІ ЖАН-ЖАҚТЫ НАСИХАТТАУҒА КҮШ САЛУЫМЫЗ КЕРЕК

ТҮРКІСТАН: «БІЗ ТҰТАС ҚОҒАМ БОЛЫП БІЛІМДІ ЖАН-ЖАҚТЫ НАСИХАТТАУҒА КҮШ САЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Білім саласы мен еңбек нарығын ұштастыруға ықпал ететін «Менің мамандығым – менің болашағым» жобасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жоба аясында Мамандықтар атласы әзірленіп, экономиканың құрылымы мен әр аймақтың даму тенденциясы зерттелуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде ерекше атап өтті.

Келешекте әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау мәселесін пысықтау керек. Мұның бәрі білім беру бағдарламаларын уақтылы жаңартуға мүмкіндік береді. Негізгі міндет – өңірлік жоғары оқу орындарын кадрларды алдын-ала даярлайтын және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталыққа айналдыру.

Бүгінгі жиында шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару маңызды деген пікір айтылды.

Мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетеді. Шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды бұған дейін де шақырғанбыз. Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. 

Әйтсе де, Қазақстан ақыл-ойдың жаһандық бәсінен тыс қалмауы керек. Өте білімді адамдар, сұранысқа ие ғалымдар жақсы жалақы, зерттеуге қолайлы жағдай іздеп немесе жай ғана жаңа тәжірибе үшін басқа мемлекеттерге жиі қоныс аударады.

Мықты ғалымдардың келуі еліміздің дамуына тың серпін береді әрі адами капиталдың сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді. Мұны әлемдік тәжірибе анық көрсетіп отыр.

Халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп, шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тарту мақсатында барлық мүмкіндікті қарастырған жөн. Ол үшін елімізде табысты еңбек етуге қолайлы жағдай жасау керек.

– Білім-ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе, дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер.

Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек. Қажет болса, арнайы құжатты дайындаймыз. Ғылым және жоғары білім министріне осы мәселені пысықтауды тапсырамын, – деді Призент.

Қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл заң ғылымның дамуына зор серпін береді деп сенемін.

Жалпы, білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет. Сіздер әлемнің үздік ғылыми орталықтарында болып, тәжірибе жинақтап жүрсіздер. Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес.

Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады.

Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал, ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады. Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады деп сенемін.

Ашығын айтсақ, елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе әлі де аз емес, түрлі саладағы түйткілдер шешілмеді. Соның салдарын енді көріп жатырмыз. Қалай десек те, алдымызда бір ғана жол бар. Біз барлық мәселені міндетті түрде шешуіміз қажет. Бұл – заманның да, халықтың да талабы. Жүйелі жұмыс істесек, барлығы орнына келеді деп ойлаймын.

Дәл қазір жасалған іс-әрекеттің игілігін ертең кейінгі ұрпақ көреді. Сондықтан бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып адал еңбек етуіміз керек. Халқымыз бұдан да күрделі кезеңдерді еңсерген. Бәрін берекелі бірліктің арқасында жеңе білген.

Қазіргі жауапты сәтте де мызғымас ынтымағымыз айқын көрініп отыр. Осы ауызбіршілігімізден айырмасын, барлығын да еңсереміз. Қазақ «Жамандық көрмей, жақсылық болмас» дейді. Елдің бірлігі де, мамандардың кәсіби деңгейі де осындай сын сағатта шыңдалады.

Қазір мыңдаған мемлекеттік қызметші құтқарушылармен, волонтерлермен бірге күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Олар апаттың алдын алу, адамдарды құтқару және тасқынның салдарын жою үшін еңбек етіп жүр. Әр азаматтың шынайы отаншылдығы нақты іс жүзінде байқалып жатыр. 

Халыққа қызмет ету – парыз. Ал, қиын-қыстау сәтте туған ел үшін адал қызмет ету – қасиетті борыш. Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары еліміз көптеген сын-қатерді бастан өткеріп жатыр. Мемлекеттік аппарат қиындықтармен күресіп, мол тәжірибе жинақтады. Шыңдала түсті.    

Қазіргі мемлекеттік қызметшілердің өмірлік сабағы тоқсаныншы жылдардағы тәжірибеден артық болмаса, кем емес. Мен су тасқынымен күресіп жатқан мемлекеттік қызметшілерге, құтқарушыларға және еріктілерге алғысымды айтамын. Сондай-ақ, күрделі жағдайда мызғымас бірлікте болып, өзара жанашырлық көрсеткен, сабыр мен төзімділік танытқан барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін.

Біз бұл қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Мемлекет тарапынан барлық шаруа тиянақты жасалады. Әр қиындықтың қайыры бар. Апаттың салдарын жою – жұмыстың бір кезеңі ғана. Ең бастысы, апат болған аймақтарда жаңару және жаңғыру жұмыстары басталады. Бұл – өте маңызды шаруа. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс тұр.