Әлемдегі түрлі саяси, экономикалық шиеленістер тұсында болашақ ұрпақ игілігі үшін кез келген түйткілді бейбіт жолмен шешуге ұмтылған мәмілегерлердің орны айрықша. «Дипломатиялық қызмет күні» қарсаңында жаһандық үдерістерге белсенді қатысып, Қазақстанның ұстанымын нығайтуға үлес қосқан, Араб түбегіндегі дипломатиялық мекемелерде ұзақ жылдар қызмет еткен Мадияр ИСМАИЛОВТЫ әңгімеге тарттық. Алғашқы кәсіби дипломат, ғалым Нәзір Төреқұловтың шөбересімен Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы байланыс, тақ мұрагері қолға алған жаңа реформалар жайында сөз еттік.
– Мадияр мырза, биыл Қазақстан мен Сауд Арабиясының дипломатиялық қарым-қатынас құрғанына 30 жыл толып отыр. Сіздің он жылға жуық Корольдікте қызмет еткеніңізді білеміз. Жалпы, екі ел арасындағы байланыс қандай бағыттарды қамтиды?
– Еске сала кетелік, 1994 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас ресми түрде орнаған. Сауд Арабиясы деген кезде біздің ойымызға бірден Ислам дінінің қасиетті мекендері – Мекке-Мәдина түседі. Тарихымыз да тереңге жайылған. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы түрлі бағыттағы стратегиялық қарым-қатынастардың даму көкжиегі кеңеюде. Оған бір ғана мысал – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары.
Президент Корольдікке соңғы екі жылдың ішінде екі рет сапармен барып қайтты. Сауд тарапымен нәтижелі келіссөздер өтті. Өз кезегінде патша үкіметі Мемлекет басшысын жылы шыраймен қабылдады.
Жалпы, 30 жылда көп нәрсе өзгерді. 2007 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы елшілігіне консул лауазымына тағайындалдым. Сол аймақта жүріп, дипломатиялық қызметім шыңдалды. Парсы шығанағындағы алты мемлекетте, атап айтсақ, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Бахрейн, Қатар, Оман бойынша дипломатиялық өкілдігіміз тек Эр-Риядта ғана болды. Ал 2007 жылдың аяғына қарай Әбу Дабиде, Біріккен Араб Әмірліктерінде елшілігіміз ашылды. Біз Эр-Риядтан қалған төрт мемлекеттегі қызметімізді үйлестіріп отырдық. Қазақстанның сол кездегі елшісі Қайрат Лама Шариф төрт елде атқарушы елші болды.
Алғашқы дипломатиялық іссапарым Эр-Риядтан басталса, екінші ұзақмерзімді қызметім Жидда қаласында Қазақстанның консулдық мекемесін басқарумен ұласты. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту бойынша қарқынды жұмыс істедік. Жидда негізінен порт жағасындағы қала. Сондықтан бүкіл Азия мен Африкадан кемелер осы шаһарға келеді. Осылайша, бүкіл Араб түбегінен тауар Еуропа, ТМД және басқа өңірлерге қарай жол тартады. Демек сауда-экономикалық мәселе өте күрделі аймақ. Статистикалық дерек келтірсем, әлемдегі бүкіл коммерциялық кеме қозғалысының 30 пайызға жуығын осы порт қамтамасыз етеді.
«Мұсылман әлемінің БҰҰ-сы» саналатын Ислам ынтымақтастығы ұйымының штаб пәтері де осында орналасқан. Оған 56 мемлекет мүше. Консулдық жанынан Қазақстанның бұл ұйымдағы Тұрақты өкілдігінің қызметіне де белсенді атсалыстық. Ұйым аясында еліміздің бастамаларын ілгерілетуде тиісті жұмыстарды жүйелі үйлестірдік. Бұдан бөлек, Мекке-Мәдинаға келетін Қазақстан қажыларының жұмысы тағы бар. Жалпы алғанда, дипломатиялық мансабымның ең маңызды кезеңі, яғни 10 жылға жуық уақытым осы Сауд Арабиясында өтті.
– Сіздің қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұловтың ұрпағы екеніңізді білеміз. Жалпы, әулетіңізде арғы атаңыз туралы қандай естеліктер сақталған?
– Нәзір Төреқұлов – Алаштың көрнекті қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат. Нәзір бабам туралы марқұм Ыбырай атамнан көп естідім. Атам Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласында жауапты қызмет атқарған. Атам зейнеткерлікке шыққан соң Күләш апам екеуі 1993 жылы Меккеге Қазақстаннан алғашқы барған қажылардың қатарында болды.
Зейнет демалысына шыққан Ыбырай атам бірде ағайын-туыстарды аралап жүріп, Оңтүстіктегі Созақ ауданына барады. Онда Ақсақтөре деген ақсақалмен тілдеседі. Ол кісі: «Оңтүстік өңірден шыққан, қазақтың ұлтжанды азаматы Нәзір Төреқұлов. 1937 жылы репрессияға ұшырап, аты шықпай қалды. Осы Нәзір бабаңның атын шығаруға атсалыссаң еді» деп аманаттап кеткен. Сөйтіп, Ыбырай атам ойлана келе, ағайындардың демеуімен Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық қор құрып, сол қордың аясында Нәзір бабамыздың атын шығару үшін жұмыстанды.
Біріншіден, ол кісінің туып-өскен жері Сыр бойындағы Қандөз аулынан ақпараттар іздестіріліп, өмірбаяны жазылды. Нәзірдің әкесі мақта саудасымен айналысқан. Сонымен Қоқанға көшіп, баласын коммерциялық училищеде оқытқан. Білім-білігімен Нәзір Төреқұлов Мәскеуге дейін барып оқып-тоқыған. Менің атам сол кісінің өмір сүрген жерлерін зерттеп, табаны тиген аумақтарды аралап, экспедиция жасауды ұйғарды. Осылайша, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Жидда, Эр-Рияд, Санкт-Петерборға барды. Мен сол тұста 14 жаста едім. Қолыма бейнекамерамды алып, атаммен мұрағаттарды ақтарып, құжаттармен таныстық. Біраз тарихшылармен кездесіп, атама серік болдым. Есімде қалғаны – Ташкентке барған сапарымызда Алаш қайраткерлерінің бірі Санжар Асфандияровтың ұлының үйіне барғанымыз. Басқосуда тың естеліктер айтылды. Бәрін таспаға бастым.
Сол кезеңде Нәзір Төреқұлов ішкі саясатта жүрді. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды Алаш қайраткерлерімен қазақ әліпбиінен бастап біраз қоғамдық-саяси мәселелерді реттестіруге атсалысқан. Кейін еңбек жолымен Саудияға жол тартты. Атам да Саудияға ізденіп, кемінде он рет барған болуы керек. Ол жақта қарт арабтар «Кеңес үкіметінен келген бір елші болды. Ол жақсы қарым-қатынас орнатып, екі елге септігін тигізді» деп еске алған. Бұл сөздер атамның ізденісті тоқтатпай, жалғастыруына түрткі болды. Маған да «Балам, сен Нәзір бабаңның жолын қуып, дипломат болуың керек» дейтін.
Шыны керек, мемлекеттік қызметке, оның ішінде Сыртқы істер министрлігі жүйесінен Сауд Арабиясындағы дипломатиялық жұмысын бастау туралы ұсыныстың түскені пешенемізге жазылған тағдыр деп қабылдадым да, «бұл қайырлы қызмет болады» деп іштей сендім. Бірден келісіп, абыроймен атқардық. Бұл жас маман ретінде маған бағыт-бағдар сілтеген үзеңгілес әріптестер мен аға дипломаттардың да үлесі.
Бүгінде Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық қор әлі жұмысын жалғастырып келеді. Сыртқы істер министрлігінде Нәзір Төреқұлов атындағы ведомстволық медаль да бар. Қордың ұйытқы болуымен еліміздің қалалары мен аудандарында Нәзір Төреқұлов атындағы мектептер ашылды. Алматы, Шымкент, Астана және басқа да қалалар мен аудандарда біртуар тұлға атына көшелер берілді.
Жалпы, Нәзір Төреқұловтың аумақтық тұтастығымызды сақтауда да еңбегі орасан зор. Батыс Қазақстанның қазіргі шекарасын сақтап қалуына бірден-бір себепкер болған Нәзір Төреқұлов деп айтады. Өйткені ол кезде біраз жер Түрікменстанға өтіп кетуі мүмкін еді. Сауд Арабиясы да Нәзір Төреқұловты үлкен тұлға ретінде құрметтейді.
Атам Нәзір Төреқұловтың жалғыз қызын көп іздеді. Әйелі орыс еді, ұлы ерте жаста шетінеп кеткен. Әнел Нәзірқызын табу оңай болмады. Ыбырай атам ресейлік орталық телеарнадағы «Күт мені» («Жди меня») бағдарламасына да қатысты, нәтиже болмады. Бірақ бір айта кетерлігі, Саудияға, қателеспесем, сол 1999 жылы кезекті бір барған сапарында Эр-Рияд қаласында Ресей және ТМД елдерін зерттейтін институттың басшысы, доктор Маджид ат-Турки есімді сауд азаматымен танысып, әңгіме барысында Әнел апамыздың Мәскеудегі мекенжайын сол кісіден біліп, Нәзір туралы Саудияның мұрағаттарындағы тың деректерге қол жеткізген болатын. Кейін атам Саудиядан тікелей Мәскеуге ұшып барып, бабамыздың жалғыз қызымен жүздескен-ді.
– Қазір Сауд Арабиясында тарихи тұлға ретінде Нәзір Төреқұловты біле ме? Бір жазбаларда Сауд Арабиясының королі Әбділәзиз Нәзір Төреқұлов атылған соң, КСРО-мен дипломатиялық байланысын мүлдем үзіп, «Мұндай жақсы адамдарды атқан елдің болашағы жоқ» делінген. Бұл салқындық 90-жылдарға дейін жалғасқан…
– Сауд Арабиясының тәуелсіздігін кеңес өкіметі алғашқылардың бірі болып мойындады. Ол заманда бұл елдің «Хиджаз және Нежд патшалығы» деген ресми атауы болды. Содан кейін Мекке-Мәдинаны қосып алған. Негізі Осман империясынан кейін егеменді ел деп таныған кеңес өкіметі болғанын арабтар жақсы біледі. Нәзір Төреқұловтың өмірбаянына үңілсек, Сауд Арабиясындағы қызметінде әйелі Нина Александровнаның үлесі бар. Мәселен, ол кісінің медициналық білімі Сауд патшалығындағы ең алғашқы емхананың ашылуына себепші болған. Мәскеуден фельдшерлерді алдыртып, әйелдер мен балаларға арнайы емхана ашқан. Мұны арабтардың өздері де үнемі айтып жүреді. Одан қалды, Нәзірдің Мәскеуге жазған хаттарымен бұл игі іс дәлелденген.
Екіншіден, дипломат кеңес одағы мен Сауд Арабиясы арасында «Мұнай-жағармай келісімшартына» қол қоюға септігін тигізген. Кеңес үкіметі өнімді Саудияға сатқан. Естеріңізде болса, мұнай бұл елде тек 50-60 жылдан кейін табылды.
Үшіншіден, автоматтандырылған байланыс жүйесін сыйға тартты. Кеңестік байланысшылар келіп, сол кездегі король Әбділәзиздің сарайына телефон сымын орнатқан. Елші Нәзір сол заманғы үздік технологияны енгізіп, өз резиденциясынан Король Әбділәзизбен тікелей хабарласып тұрды. Бұл дипломаттың екі ел қарым-қатынастарын жаңа деңгейге шығарғанын көрсетеді. Мұның бәрі дипломат Нәзірдің Мәскеудегі Калининге жазған хаттарымен расталған.
Өткен ғасырдың 30-жылдары кеңес үкіметінен Cаудияға келген екі елші болған. Біреуі – Нәзір Төреқұлов, екіншісі – башқұрт ұлтынан шыққан Хәкімов. Әрине, ол кезеңде америкалық, парсы, түрік елшілері де болған. Бірақ арабтар Нәзірді «Бүкіл елшілердің ақсақалы» деп атаған. Міне, Нәзір сондай деңгейге көтерілген. Ал Король Әбділәзиздің ұлы ханзада Фейсал о заманда Сыртқы істер министрі болатын. Тарихи суреттерді көрсеңіз, Фейсал мен Нәзірдің жақсы қарым-қатынаста болғанын байқайсыз. Осылайша, бабамыз қасиетті Сауд топырағында 8 жыл аянбай қызмет еткен.
– Сіз Сауд Арабиясының мұрағатынан атаңыздың тіпті НКВД мұрағатында сақталмаған тың суреттерді тауыпсыз. Суреттерді сөйлетсек…
– 2007 жылы Cауд Арабиясына алғашқы дипломатиялық қызметпен барғанымда екі ел арасында түрлі салада сапарлар болды. Мәдени күндерді өткізу бойынша уағдаластық. Эр-Риядта Фейсал патша атындағы Ұлттық мәдени зерттеу орталығы бар. Мен сол кезде кеңес үкіметі мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастардың тарихы түсірілген фотоларын көруге мүмкіндік алдым. 10 мыңнан аса фотомұрағат цифрланған екен. Компьютерден суреттерді қарап отырғанымда, бес сурет көзіме оттай басылды. Олардың ішіндегі тек бір фото НКВД-ның, КГБ-ның фотомұрағатында болған екен. Бірақ қалған төрт сурет еш жерде жарияланбаған. Тек арабтардың фотомұрағатында сақталыпты. Шамасы, Саудияның фотографы түсірген. Ал жіберілген жалғыз суреттің өзін Нәзір Мәскеуге, Сыртқы істер министріне есеп беру кезінде ұсынған болуы мүмкін.
Қалған тарихи төрт суретті көріп отырып, Нәзір бабамыз қасымызда жүргендей ерекше әсер алып, көзіме жас келді. Сол суреттерді «Egemen Qazaqstan» газетіне ұсындым. Олардың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған тарихи жәдігер екенін айттым. Суретте Нәзірдің Фейсал ханзаданың жанында тұрғаны да үлкен абырой. Шетелдік елшілердің арасында өзін қалай ұстап тұрғаны, тақ мұрагеріне қаншалықты жақын екендігі осы суреттен-ақ байқалып тұр.
– Кейінгі жылдары Сауд Арабиясы қатаң консерватизм қағидаттарын жұмсартып жатқандай көрінеді. Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен таныс дипломат ретінде бұл өзгеріске не себеп деп ойлайсыз? Жас монархтар ел болашағын қалай көреді?
– Бұл сұрағыңызға жауап ретінде дипломатиялық қызметте Эр-Риядта жүргенде болған қызық оқиғаны айтқым келіп отыр. 2009 жылы Қазақстанның шақыруымен ханзада Сұлтан бен Салман елімізге келді. Біз сапарын ұйымдастыруға белсене атсалыстық. Патша әулетінен болған соң, мұндай сапарға өте жоғары мән беріледі. Іссапар қазан айында өтіп, мен ол кісінің қасында ілесіп жүрдім. Астанада өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйымы Бас Ассамблеясының жиынына да қатысты. Себебі ханзада Сұлтан Сауд Арабиясының Туризм және көне мұрағаттар агенттігінің төрағасы болатын. Жалпы, арабтардың психологиясы, менталитеті басқаша ғой. Елорданы аралатып, тұмса табиғатымен көз сүріндіретін Бурабайды көрсеттік. Сол күні кешкі аста ханзада тарих туралы сұрай бастады. Мен бабам Нәзір Төреқұлов туралы кеңінен айтып бердім. Ол Нәзір Төреқұлов туралы естіп, таң қалды.
Сөйтіп, Қазақстаннан Эр-Риядқа қайттық. Бір күні ханзаданың көмекшісі маған хабарласады. Аты Заид әл-Заид екені әлі есімде. «Ханзада сізбен тағы бір рет кездескісі келіп жатыр» дейді. Сөйтсе ол Қазақстаннан келген бойда әкесімен бір дастарқан басында отырып, сапарын айта келе, 1928–1935 жылдар аралығында елші болған Нәзір Төреқұлов туралы әңгімелейді. Әкесі, қазіргі патша Салман бен Әбділәзиз Әл Сауд жалт қарап, кеңес үкіметі елшілерін білетінін айтып, Қазақстан консулымен кездесейік деп ұсыныс тастапты. Содан көмекшісі бірден маған хабарласқан екен. Елшіге осы ақпаратты жеткізгенімде, Патша әулетінің жоғары өкілімен болатын жүздесуге тыңғылықты дайындықпен барғаның жөн деді. Алайда ханзада уақытының тығыздығы, бір жағынан өзімнің жұмыстарыма байланысты іс-сапарларға орай патша Салман бен Әбділәзизбен кездесе алмадық. Бірақ мен «Нәзір феноменін» іштей сездім. Нәзірді есте сақтаған, білетін патша әулетінен шыққан адамдар да бар екеніне тәнті болдым.
«Нәзір феноменімен» әлі де екі ел арасындағы ынтымақтастықтың көкжиегін көтеруге, стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға болады. Қазіргі Тақ мұрагері, негізгі билікті басқарып отырған Мұхаммед бен Салман осы елдің негізін қалаушы Әбділәзиз Әл Саудтың немересі. Монархиялық елде, Сауд Арабиясында билік әкеден балаға емес, бауырдан-бауырға немесе ағасынан інісіне беріледі. Король Салман таққа отырғаннан кейін билікке келу шарттарын өзгертіп, тікелей жолды таңдап, билік тұғырын осы баласына беруді ұйғарды.
Қазір Сауд Арабиясының келбеті басқаша. Мен 2017 жылы Жидда қаласындағы дипломатиялық қызметімді аяқтаған тұста ханзада Мұхаммед бен Салман Тақ мұрагерлікке өтіп, реформаларды енді бастаған еді. Әдетте, монархиялық елдерде консерватизм басым, патша жас болғасын агрессивті саясат жүргізуде. Мемлекеттің қазіргі дамуында осы ханзада Мұхаммед бен Салманның үлесі зор, абырой-беделі де жоғары. 25-30 жастағы азаматтар Тақ мұрагерінің бастамаларын қатты қолдайды. Әрине, мен Нәзірдің ұрпағы ретінде Сауд Арабиясының негізін қалаушы Әбділәзиз Әл Саудтың немересі Мұхаммед бен Салманмен әлі де қызмет бабында кездесіп, екі ел дамуына үлес қосамын деп үміттенемін.
– Кейінгі кезде Сауд Арабиясының білім мен ғылым саласындағы жетістіктері жиі айтылып жүр. Бұған қоса, жасанды интеллект пен ақпараттық технологияларды осы ағартушылық салада сәтті іске асып жатқанын да айта кету керек. Бұл бағыттағы Корольдіктің тәжірибесімен бөліссеңіз.
– Сауд Арабиясы кейінгі жылдары білім мен ғылымды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Әсіресе Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның «MiSK Foundation» аясында белсенді түрде іске асырып жатқан түрлі жобаларды атап айтсақ болады. Осы секілді бастамалар елдегі жастар арасындағы білім алу сапасын арттыруға және жас ғалымдардың инновациялар мен зерттеу мәдениетін қалыптастыруға үлкен әсерін тигізіп отыр.
Бұған қоса, Король Әбділәзиз атындағы Ғылым және технология қалашығы (KACST), Король Абдулла атындағы Ғылым және технология университеті (KAUST), Король Фейсал атындағы Ислам зерттеу орталығы сияқты білім ордалары қызметі Корольдікті әлемдік деңгейдегі Зерттеу және инновациялық хабқа айналдырды десек артық болмас. Осы хаб арқылы Сауд Арабиясы өзін жаһандық ғылыми зерттеулерге елеулі үлес қосатын ел ретінде көрсетіп келеді. Елімізге де білім беру жүйесі мен ғылыми зерттеулерде жасанды интеллект пен әлемнің озық финтех технологияларын пайдалануда Еуразия кеңістігінде көшбасшы мемлекет ретінде өз тәжірибесімен бөлісуге, сондай-ақ Сауд Арабиясымен осы бағытта өзара әрекеттестік арқылы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сеп болары анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескендер –
Кәмшат ТАСБОЛАТ,
журналист,
Зейін ЕРҒАЛИ