Агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау – ағын суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Су тапшылығы бүкіл әлемде өсіп келе жатқан алаңдаушылық тудырады. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, ысырапшылдық сияқты факторлар алдағы уақытта мәселені еселеп арттыруы мүмкін. Осыған орайда, ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылдануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн. гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысы үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады.
Түркістан облысында су шығынын азайту технологиясы 32 298 гектарға енгізіліп, ол суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттыруға мүмкіндік берді. Еліміздегі ең алғаш су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт Түркістан облысында ашылды. Жылына 9 мың гектарды тамшылатып суғару жүйесін өндіретін екінші кәсіпорын «Тұран су» ШЖҚ МКК болмақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте мекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар баяндалды. Су үнемдеу өндірісі желісін ашу бойынша қондырғылардың алғашқы легі келіп орнатылды. Облыс әкімі мекеменің жұмысын одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Кәсіпорын облыстық бюджет есебінен Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы ұзындығы 100 шақырымға жететін 9 су нысанына күрделі жөндеу жүргізеді. «Тұран су» ШЖҚ МКК-ның басшысы Д. Лесовтың баяндауынша, қазіргі таңда жұмыстардың жартысына жуығы орындалған. Нәтижесінде 15 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.
Шардара ауданының 6 ауылдық округінде ұзындығы 958 шақырымды құрайтын қашыртқыларға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 26 996 га суармалы жерлердің жер асты суының денгейі төмендеп, жерлердің мелиоративтік жағдайы жақсарып, өнімділік 25 – 30% артады.
Кәсіпорынды техникалық жарақтандыру бойынша кешенді шаралар атқарылды. Жалпы 2,8 млрд. теңгеге «JCB» және жапондық «HITACHI» маркалы 41 экскаваторлар және 3 бульдозер, 2 жылжымалы вагон сатып алынды. Бұдан бөлек, арнайы техникаларды тасымалдайтын ауыр көліктер сатып алынды.
Сондай-ақ кәсіпорын тарапынан аудан, қала әкімдіктеріне кейіннен сатып алу тәртібімен аранйы техникалар жалға берілді. Бүгінде өңірде табиғи арналар, каналдар мен қашыртқыларға 1 100 шқ. тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынның меншігіндегі су нысандарына эксплуатациялық жөндеу бойынша каналдарға 15,5 шқ. механикалық тазалау жұмыстары және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Алдағы уақытта инвестициялық 3 жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, суару жүйелеріне арналған параболалық лотоктар шығаратын өндірісін ашу жоспарланған. Жоба Ордабасы ауданы «Қарақұм» елді мекенінде орналасқан кәсіпорынның өндірістік-техникалық базасында іске қосылады.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» ШЖҚ МКК бүгінде өңірде ағын су мәселесін шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Арнайы техникалар алынып, жаңа ғимараты бой көтерді. «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның балансында 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистральдық канал және 103 ішкі шаруашылық аралық канал бар.
Айта кетейік, қарқынды бау-бақша көлемі 5405 га-ға дейін жеткізілді. Нәтижесінде өнім 5 есеге артып отыр: шаруалар 300-350 центнерге дейін өнім жинайды. Бұрын бұл көрсеткіш 60-70 центнер деңгейінде болатын. Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 га жетті. Сонымен қатар, 500 га жерге жаңа жылыжай салу жоспарда бар. Ал Сауран өңірінде көкөніс сақтайтын қойманың құрылысы басталды. Облыс халқының 80%-ы ауылдарда тұрады. Облыста алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін игілікті көмекке айналды. Қазірдің өзінде 17,3 миллиард теңге сомасына 2877 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайып, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі артып, жаңадан ашылған жеке кәсіпкерлерден түсетін қосымша салық түсімдері артты.
2023 жылы іске қосылған жобалардың қатарында мал бордақылау алаңы, сыйымдылығы 3 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы, жылына 50 тонна балық өндіретін балық зауыты, жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, «Cotton -2» мақта өңдеу зауытын, сондай-ақ құс етін өндіретін құс фабрикасын, 50 гектарға қарқынды алма бағын кеңейту жұмыстары бар.
Қазіргі таңда, Түркістан облысында ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған. Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Бұл мәселеге байланысты сала мамандарының да пікірін ескереміз. Сала мамандарының айтуынша, Қазақстан аумағы ТМД-ның еуропалық және сібірлік бөліктеріндегі республикалармен салыстарғанда су ресурстарына біршама жұтаңдау. Ауызсу тапшылығы бізде экологиялық және экономикалық проблема болып табылады. Мәселен халық пайдаланатын ауызсудың көзі ретінде табиғи су қоймалары, өзендер мен көлдер қарастырылады. Осылардан су жинақталады және ол тазартылып, кейіннен таза су ретінде пайдаланылады. Сіз айтқан мәселелерді шешу үшін су қоймалары мен суды тазарту жабдықтарынан бастап сумен қамтамасыз ететін нысандарға дейінгі құрылыс нысандары, яғни бірнеше шақырымға созылған су құбырлары салынады. Осы орайда айта кетерлігі, өткен ғасырда салынған су құбырлары жүйесінің және ауызсумен қамтамасыз ету нысандарының бүгінде 60 пайызының тозығы жеткен. Бұның салдарынан құбырлардың жиі жарылуы, жеткізілетін су сапасының төмендігі орын алып жатады. Кейде судың сапасы санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайлар да кездесіп отырады. Бүгінде ауызсумен қамтамасыз ету секторын сауықтыруға ауқымды қаржы қажет. Жалпы алғанда таза су саласында қордаланған проблемалар баршылық. Осындай бірқатар мәселелердің шешімін тауып, бірқатар жұмыстар атқардық.
Су үнемдеу технологияларын ендіріп, өнімділікті арттыруда Мақтаарал ауданында «Хамро-Ата» шаруа қожалығы өз үлесін қосуда. Қытайлық «Peng Seng» компаниясымен бірлесіп, осы елдің тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, 310 гектар егістік алқапқа мақта дақылын егуде. Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесті. Облыс әкімі жауапты басшыларға жаңа технологиямен мақта егу алқаптарын арттыруды тапсырды.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 500 млн теңгені құрайды, қаражат Абдужалил Боев басшылық жасайтын шаруа қожалығына тиесілі. Тартылған инвестициялық көлемі 500 млн. теңге. Жобаның ерекшелігі – дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын суды 50% үнемдей отырып, өнімділікті 60-70 центнерге арттырады.
Қазіргі таңда, жалпы аудан бойынша ағымдағы жылы 2000 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 500 гектар мақта, 346 гектар қырыққабат, 793 гектар бақша және жаңбырлатып суғару технологиясымен 30 гектар жоңышқа егіледі. Бүгінгі таңға орындалғаны 1281 гектарды құрап отыр.
Қазақстандық талшық сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жоғарыда аталған технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Су үнемдеу технологияларының тиімділігі – өсімдіктерге қажетті суды тікелей беріп, суды, суда еритін тыңайтқыштарды айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етеді, персоналдың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады.
Тамшылатып суару жүйесінің тағы бір артықшылығы – тегіс жерлер үшін де, биіктік айырымдары бар аумақтар үшін де жарамды, жерді тегістеу бойынша артық жұмыстарды атқарудың қажеті жоқ. Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашылуда. «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 млрд. теңге құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды.
Алдағы уақытта «BNK Group LTD» ЖШС-гі құны 2 млрд. теңге 50 мың гектарға тамшылатып суғару, «Тұран су» ШЖҚ МКК-ны құны 480 млн. теңге құрайтын жылына 9 мың га тамшылатып суғару жүйесін шығару кәсіпорны алғашқы жарты жылдықта іске қосылады.