Inicio Басты жаңалықтар ЖАҢА МӘРТЕБЕ ЖӘДІГЕР ҚАЛАҒА НЕ БЕРЕДІ?

ЖАҢА МӘРТЕБЕ ЖӘДІГЕР ҚАЛАҒА НЕ БЕРЕДІ?

Жуырда Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атанғанын сүйіншілеп, газетіміздің басты бетіне жариялаған едік. Осы мәртебеге орай қалалық, өңірлік, республикалык, халықаралық  бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.

Мәртебелі жылға орай қала орталықтарына баннерлер ілініп, көпшілік шоғырланған орындарға кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында 15 наурыздан бастап туристік маусымның салтанатты ашылуын өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жыл барысында гастрофестиваль, этнофестиваль ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек халықаралық ұйымдар мен орталық мемлекеттік органдармен байланыс орнатылып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру пысықталуда. Жалпы атаулы жыл көлемінде 40-тан астам іс-шара өткізілсе, оның ішінде қала әкімдігінің тікелей бастамасымен 12 іс-шара атқарылып, облыстық туризм басқармасымен бірлесіп 10 іс-шара ұйымдастыру жоспарда бар. Ал «Kazakh Tourism» АҚ-мен бірлесіп 20 шара атқарылады деп күтілуде. Ең алдымен туризм саласының сақшыларына баланатын гид-экскурсоводтарға арналған семинар-тренингтер өткізіліп, тиісті ақпараттар арқылы қызмет көрсету сапасын арттыруға күш салынады.

Сала мамандарының айтуынша, халықаралық дәрежеде өтетін салтанатты іс-шаралар арқылы облыстың туристік әлеуетін арттырып, өңірдің туризм саласына инвестициялар тартып, тарихи-танымдық көзқарас қалыптастырып, түркі тілдес мемлекеттердің өкілдеріне туристік нысандарға танымдық экскурсия ұйымдастырып, экотуризм мен емдік-сауықтыру туризмін дамытуды көздеуде. Қала әкімдігі тарапынан ұйымдастырылатын ауқымды іс-шараларды атап айтар болсақ, қолөнершілер көрмесі, «Креативті Түркістан – 2024» туристік көрмесі, «Turkestan Mobilography Fest» фестивалі, «Turkistan marathon» спорттық іс-шарасы, «Үздік туроператор» іс-шаралары бар. Сондай-ақ дәстүрлі түрде ұйымдастырылып өткізілетін халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері конкурсын тау туризмі маусымының ашылуына орайластырып, облыстың таулы аймағында өткізу жоспарлануда. Қатысушы мемлекеттер санын 20-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Атқарушы билік тарапынан осындай бастамалар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта мұндай бастамаларды тарқатып айта жатармыз. Негізгі мақсатымыз – мәртебелі жыл ішінде қандай табыстарға қол жеткіземіз, айтулы мерзімде Түркістанның ұпайын еселеп, әлеуетін арттыратын қандай қадамдар жасаған жөн деген түрлі сауалдар төңірегінде бірқатар қала жанашырларының ұсыныс-пікірлерін тыңдап едік. Осы орайда, тарихи мекеннің ерекше статусқа ие болуына байланысты әр салада қызмет атқарып жүрген қоғам белсенділерінің пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Ұлжан Мұстафаева, Түркістан қалалық Аналар алқасының төрайымы:

Жылдар жылнамасына көз жүгіртсек, 1979 жылы елімізге белгілі мәдениет қайраткерлерімен бірге Португалия мемлекетіне барған іс-сапарымызда олардың кішіпейілділігіне таңғалдым. Португалия мемлекетінің елшілігі атағы дардай әртістермен қатар маған да бір құшақ гүл беріп құрмет көрсетіп, Түркістан жайлы кітап сыйлады. Кітаптың мұқабасында Қожа Ахмет  Ясауи кесенеміз бейнеленген екен. Киелі қаламыздың символына айналған кесенені көрсетіп, мына кесене әлі де бар ма? – деп ерекше қызығушылықпен сұрағаны есімде. Содан  бері талай жыл өтсе де сол сәт есімнен кетпейді. Еске түссе жүрегімді мақтаныш кернейді. Кесенеміз арқылы бізді әлем таниды, дүниежүзі мемлекеттері қызыға қарайды, бауырлас түркі елдері біздің астанамыз һәм атажұртымыз деп жоғары бағалайды. Тіпті кейбір жандар «екінші Мекке» деп жатады, алайда мен ол пікірмен келіспеймін. Өйткені Түркістанның өзінің тарихта алар орны бар қасиетті мекен, қазақ хандығының астанасы болған көне шаһар, мұнда билер мен хан-сұлтандар, батырлар мен текті бабаларымыз жерленген. Сол жылдардан бері Түркістанымыз қашан өркендеп дамиды деп армандаушы едім. Аңсаған аяулы арманымыз орындалып жатқанына қуаныштымыз.  Мені алаңдататын бір жағдай бар. Қасиетті кесенені әлі де жоғары деңгейде насихаттап жүрміз бе?.. Бізде қисынсыз заңдылық қалыптасып келеді, қала тұрғындары келген қонақтарды әуелі Керуен сарай, саябақтар, базарға апаратыны қынжылтады. Әуелі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне апарып, тағылымды тарихымызбен танысып, киелі орындарға зиярат жасауымыз керек деп ойлаймын.

Түркістан туризм астанасы атанғаны үлкен жетістік деп білемін. Туризм саласын дамыту үшін біз барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Естеріңізде ме, бірер жыл бұрын қаламызға келушілерге базардан басқа баратын жер жоқ еді, қазіргідей қонақүйлер, сапар орталығы, дәмханаларымыз бен қала көркі де туризм саласы үшін сәйкес болмап еді. Қазіргі таңда ел болып туризмге дайын болуымыз керек. Жастарымыз тіл курстарынан өтіп, шет тілдерін жетік меңгеріп,  келуші туристерге ас-суымыз сатылса да туризм мәдениетінің дамуына едәуір үлес қосар еді. Туризм саласы дамыса халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайы да жақсаратыны анық деп ойлаймын.

2017 жылға шегініс жасар болсақ, Түркістан қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы атанған жылы руханият жанашыры ретінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Есімхан алаңында үлкен шараларда бой көрсетіп жүрдік. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ұлттық идеологиямызды қайта дамыту.  Осы орайда айтар ұсынысым бар, бүгінгі таңда облыс және қала көлемінде өнер жұлдыздары мен мәдениет үйінің өнерпаздарының қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Бірақ бізге «Есімхан алаңы» секілді үлкен алаңдар керек. Әлі есімде сол алаңда 10мың адамға дейін жиналып ауқымды іс-шаралар өтуші еді. Қатысушылардың жасында шектеу болмаушы еді, еңкейген қариядан еңбектеген сәбиге дейін 2-3мың адам іс-шараға белсенді қатысып, абыроймен атқаратынбыз. Сол жиынға қатысушылар Түркістанның тарихынан тағылым алып, мәртебелері биіктеп қайтушы еді. Қазіргі таңда бәріміз өркениетті ел болуға, қуатты қоғам құруға атсалысуымыз керек. Өңірдегі айтулы руханият ордасы Фараб кітапханасында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатады. Сонымен қатар облыс орталығы атанғанымызға 5 жыл толуына орай көптеген игілікті шаралар өтуде, қаламыздағы халық көп шоғырланған орындардан кітапханалар ашылып жатқанының да куәсі боп жүрміз. Ертеңгі ұрпағымыз білімді, иманды, ұлтшыл болсын десек кітап оқып беруге, оларға кітап оқытуға шақырамын. Осы өңірдің барлық халқы тарихи атаудың мәніне терең бойласа, қала тұрғындары киелі өлкеге сай болса деген тілегім бар. Қасиетті топырақты басып жүрген соң, осы мекеннің ауасын жұтып жүрген соң жаман болуға хақымыз жоқ. Қаламыз келешекте жоғары дәрежелерден көрініп жатса, туризм саласы дамып жатса халқымыздың несібесі шығар. Біз әлемді аралауды армандасақ, дүниежүзі туристері бізге келіп жатыр. Киелі өлкеде өмірге келгенімізді ұмытпай, қаламызды таза ұстайық. Түркістандық деген атқа кір келтірмейік, лайық болайық. Осындай рухани астанада өмір сүріп жатқанымыз үшін Аллаға сансыз шүкір. Ұлтымыздың ертеңі жарқын болсын десек өрелі ұл, өнегелі қыз тәрбиелейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Түркістанымыз гүлдене берсін.

Сәкен Ханділлаев, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты:

Туризм деген кез келген мемлекеттің үлкен бір экономикалық саласы ғой. Жалпы туризмнің түрлі бағыттары бар. Мәселен шопинг детін болсақ, бір елге барып қыдырып, әрі арзан бағада өзіңе қажетті киім-кешек, дүние-мүлік алып қайтасыз. Сол сияқты медициналық туризм. Қазіргі таңда Корея, Түркия, Израил секілді денсаулық сақтау саласы жүйелі жолға қойылып, заман талабына сай қызмет көрсете алатын мемлекеттерге әлемнің түкпір-түкпірінен барып жатқан адамдар бар. Сонымен бірге, табиғи туризм. Аңшылық құрып, табиғаттың түрлі тылсым сырларын тамашалап, танысушылардың саяхаты да осы саланың бір бағыты ретінде қарастырылады. Ал біздің Түркістан қаласын түркі әлемінің туризм астанасы ретінде қалай көреміз дейтін болсақ, бірінші кезекте танымдық бағытта шаһарымыздағы Қ.А.Ясауи кесенесімен байланысты деп ойлаймын. Қаламызды облыс орталығы еткеннен, түрлендіріп, қайта жаңғыртқаннан туризм орталығы болған жоқ. Түркістан ежелден келе жатқан түркі халықтарының түп мекені, дін таратушы, сопы, түркітілдес халықтарға ортақ тұлға Қ.А.Ясауидің кесенесінің арқасында діни-танымдық туризмнің яғни зияратшылардың қастер тұтатын орталығы бұл жер. Сондықтан басты басымдықты Қ.А.Ясауи атымен ұштастырып, зияратшылық бағытына мән бергеніміз дұрыс болады.

Иә, қаламыз облыс орталығы болды, соның арқасында түрлі нысандар салынып, ойын-сауық орталықтары, қонақ үйлер секілді туристерге қолайлы жағдай жасалып жатыр. Әрине, бұл да туризмді дамытуға бағытталған игі қадамдар шығар. Бірақ бізге келіп жатқан туристердің 90 пайызы зияратшылар. Сол себепті осы бағытты одан әрі дамыту қажет деп есептеймін.

Ол үшін не қажет? Қазіргі таңда кесене төңірегінде жүргізіліп жатқан археологиялық-реставрациялық жұмыстарға қарқын қосу керек. Тарихи деректерді, ел аузында жүрген фальклорлық ауыз әдебиетіндегі дүниелерді дамытып, қалың жұртқа яғни, зияратшыларға қолжетімді ету және оны түркі әлеміне кең көлемде қызықты етіп насихат жасау жұмыстары үйлестірілсе. Бұған қоса Қ.А.Ясауимен қатар Арыстан баб, мына жағы Үкаша ата кесенесі аралықтарында бірқатар зерттелмеген тарихи орындар бар. Осы мәселені зерттеп, жаңғырту және ол аумақтардың инфрақұрылымын дамытуымыз керек. Егер осы төңіректі туризм астанасы етеміз десек, мен атап өткен салаларға көптеп қаржы тартып, жұмыстарды кең көлемде атқаруымыз керек.       

Бұның барлығын айтып отырған себебім, кесене маңынан ойын-сауық орындарының салынғанын құптамаймын. Түркістанның дамуын үш аймақта жүргізіп жатыр. Соның бір бөлігі рухани-мәдени аймағы осы кесене маңы. Атауына сай дамытқан жөн еді бұл жерді. Немесе осында салынған нысандардың бағытын өзгертуге әрекет жасау керек шығар. Мәселен кезінде Керуен сарай кешені салынғанда Орта Азияда теңдесі жоқ жоба деген теңеулермен кең көлемде насихат жұмыстары жүргізілді. Осы сәтте кесене осындай ауқымды насихаттық жұмыстардың тасасында қалып жатты.

Мәселен, Меккеде «керемет ойын-сауық орталығы бар, немесе бес жұлдызды, әлемде теңдесі жоқ қонақ үй бар» деген жарнама көріп пе едіңіз. Әрине, жоқ. Бірінші кезекте ол жаққа әрбір мұсылман баласы өзінің парызын орындауға барады. Сол сияқты жоғарыда атап өткенімдей Түркістанға келетін зияратшылардың 90 пайызы зияратшылар екенін ескерсек, оларға спирттік ішімдік ішіп немесе көңіл көтеріп, сауық құратын орыннан бұрын Қ.А.Ясауи кесенесінен бастап, тарихи-мәдени нысандардың болғаны дұрыс. Біз осы мәселені терең ұғынуымыз қажет. Бағытымыз бен ұстанымдарымыз да осы арнаға бейімделген болуы тиіс. Осылайша зияратшыларға ыңғайлы климат қалыптастыруымыз керек.

Сол үшін Түркістандағы қандайда бір концепцияларды, туристік жарнамаларды осы Қ.А.Ясауи кесенесімен байланыстыра отырып жарнамалау керек деп ойлаймын. Оған қоса жергілікті атқарушы билік облыс әкімдігі бар, тиісті басқармалар зиялы қауыммен бірлесе отырып, барлық деңгейде жарнамалық жұмыстарды жүргізуді кешенді түрде жолға қоюы керек. Біздің қаламыздың түркі әлеміндегі туризм астанасы деген мәртебелі жылында осындай табысты жобаларды іске асыруға күш салу қажет деп есептеймін.

2017 жылы Түркістан қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болды. Сол кезде түрлі шаралар ұйымдастырылып, қаланың атын кең көлемде насихаттауға бірқатар нақты қадамдар жасалды. Енді биыл туризм астанасы атанып жатырмыз. Осы ретте неге аталмыш таңдау Түркістан қаласына түсті деген сауал туындайтыны сөзсіз. Бұл қадамдарды Түркістан қаласын әлемдік деңгейге көтерудің бастамасы десек болады. Сол себепті барлық күш-жігерді осы бағытқа жұмсауымыз керек.

Тарихқа шолу жасасақ, қылышынан қан тамып тұрған кеңес үкіметінің өзінде сол кездегі еліміздің басшысы Дінмұхаммед Қонаев жыл сайын осында келіп, кесененің жағдайымен танысып, зиярат жасап тұратын (Ол үрдіс әлі де жалғасып келеді). Сол тұста ақ теңдессіз ғимаратқа реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, мемлекет деңгейінде қарауға алынды. Одан беріде кесене ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне алынды. Көптеген халықаралық дәрежедегі жиындардың да Түркістаннан бастау алуы және осында аталып өтуі бекер емес. Айта берсек, Түркістанның мәртебесі, қасиеті тұрғысында сөз көп. Оның бір дәлелі Азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап, Түркия республикасы президентінің елімізге соның ішінде Түркістанға табан тіреуі, (одан бергі жерде түркітілдес мемлекеттер басшыларының бірнеше рет Түркістанға келуі) осында халықаралық қазақ-түрік университеттің ашылуы Қ.А.Ясауи бабамызға деген құрметтен бастау алып отыр.  Біздің кешегі ата-бабаларымыз яғни дархан даламызға билік құрған хандарымыз, би-сұлтандарымыз, батырламыз бен игі жақсыларымыздың осы жерде мәңгілік мекен табуының өзі шаһарымыздың тарихи өзегі руханияттың бастауы болатын дәуірлерде жатқанын бүгінгі буын терең ұғынуы тиіс деп ойлаймын.

Айбек Мамуров, «Роял Атлантис Дубай» қонақүйінің консьержі:

• Түркістан қаласы түркі әлемінің туристік астанасы атанғаны өте орынды деп ойлаймын. Өйткені тарихи шаһарымыз тек қазақ халқының емес, күллі түркі жұртының, мұсылман мемлекеттерінің басты ордасы.

• Түркістан бұдан 3 жыл бұрын өз мүмкіндігін өз дәрежесінде пайдаланбады. Мысалы, менімен әріптес болған  түрік ағайындар Түркістанға келер кезде бірнеше таныстарының «Шығыс Түркістанға барасың ба?» деген сыңайда сұраған екен. Түркістан десе көп адамға Шығыс Түркістан, яғни, Шыңжан, Үрімжі аймақтары елестейді. Батыс Түркістан десе түсінбейтін жандар болатын. Тек Ясауи бабамызды атағанда ғана есіне түсіретін жандар бар. Ал кейінгі кездері қаншама отельдер салынды. Әсіресе, әлем білетін  Риксос және Керуен сарай секілді бренд отельдер туризм саласында жүрген жандарға Түркістанды таныта бастады. Ал карантин кезінде ішкі туризм жақсы жетістікке жетті. Мен өзім Түркістанда қызмет жасаған уақыттарда шетелге шығу, тіпті ТМД мемлекеттеріне саяхаттау қиындаған соң, Түркістанның турзмі біршама дамыды. Дәл қазір Түркістан өз мүмкіндігін толық пайдаланып жүр деп ойлаймын. Оның бір дәлелі сыртта жүрген туризм саласындағы әріптестерімізбен сөйлескенде «Керуен сарайдың» арқасында Түркістан біршама айтылып келеді.  Алдағы 2-3 жылдықта бұдан да биік белестерді бағындырары сөзсіз.

• Өз тәжірибемнен алсам, қазіргі адамдар үшін қала ішіндегі аттракцион секілді ойын-сауықтардан бөлек, қала сыртында да қызықты дүниелер болғаны абзал. Қазір қызмет атқарып жүрген Біріккен Араб Әмірліктерімен салыстыра айтсақ, Дубайдың өзінде шөл далада шаңғы паркі, Сафари секілді турлар және Абу-Дабидегі Феррари паркін алып қарасаңыз, осы арқылы туристерде ассоциация пайда болады. Ал түркістанда не жасауға болады? Ең қарапайым алғанда өздеріңіз барған Дубайдағы Сафари тур секілді Түркістанның шет жағына тарихпен ұштастырып, жылқымен серуендеу және  ұлттық тағамдарды таныстыру секілді турлар жасауға болады. Сонымен қатар, тікұшақ турын жасау да қалаға келушілерге керемет әсер сыйлар еді. «Түркістанда биіктен қарайтын ештеңе жоқ»  деу қате түсінік, себебі тікұшаққ мінудің өзі турист үшін бір тәжірибе. Көбінде туристер көру үшін ғана емес, тәжірибе алу үшін келеді.

Сонымен қатар, маркетинг жағын дамытуға болады деп ойлаймын. Былтыр біз Грузияға саяхаттап барғанда жан-жақтан көп турист араб елдерінен келгенін байқадық. Сол үшін Араб мемлекеттерінде, Еуропа елдеріне жарнамалап «Керуен сарай» кешені Түркістанның жаңа бренді ретінде жарыққа шықса пайдалы болар еді.

Жақында желіден байқабір мысалды айта кетейін. Бес «стан» Орта Азиялық туры аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстанға саяхат өтеді екен. Бұл турдан Түркістанды байқамадым. Қазақстаннан тек Алматы қаласына саяхат қана бар, бірақ оның өзінде көп дүниелер қамтылмаған. Қазақстанда көрсететін нәрселер көп, бірақ біздің ел үшін қысқа бір күн ғана арналған. Сол жағынан алғанда қазіргі таңда аэропорттарға баннерлер ілуге болады. Әлеуметтік желілерде жарнамаларды көп беру керек. Әлемдік тәжірибеден алар болсақ, аэропорттан түскен саяхатшылар Арыстанбабқа не Укаша атаға кез келген таксимен емес, арнайы сертификатталған гидтар арқылы әлдеқайда дұрыс деп ойлаймын.  Мысалы, жақында іске қосылған Абу-Даби бағытындағы әуе рейсі арқылы Түркістанға арабтарды тартуға болады. Менің ойымша, аэропорттан түскен бетті арнайы пунк болса, туристтер сол жерден өзіне керекті турды алып, сертификатталған гидтармен тарихи жерлерді араласа тамаша болар еді.

Азамат ӘЛІБЕК.