Inicio Басты жаңалықтар Түркістандық полицейлер телефон ұрлығына қатысты қалта ұрысын ұстады

Түркістандық полицейлер телефон ұрлығына қатысты қалта ұрысын ұстады

Түркістан қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне қоғамдық көлікте ұялы телефонын ұрлатып алған әйел арызданып, полицейлердің көмегіне жүгінді. Әйелдің айтуынша, қоғамдық автобустардың бірінде, белгісіз біреулер оның кәмелетке толмаған ұлына тиесілі «Самсунг» маркалы смартфонын ұрлап кеткен. Ұрланған мобильді құрылғының құны шамамен 90 мың теңгені құрады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізу барысында, бірнеше сағат ішінде Түркістан қаласының криминалдық полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстады. Олар бұрын ұрлық жасағаны үшін сотты болған Тараз қаласының тұрғындары болып шықты. Сонымен қатар қалта ұрыларының тағы екі ұялы телефон ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 300 мың теңгені құрады.

Бүгінгі күні аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Күдіктілерден ұрланған телефондар
заттай дәлел ретінде алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Жинақталған іс құжаттар тергеу аяқталғаннан кейін заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды қырағы болуға шақырады. Сондай-ақ, қоғамдық көлікке мінген кезде ұялы телефондарыңызды және құнды заттарыңызды бақылауда ұстаңыз. Оларды киімнің қалтасында немесе жабық сөмкелерде сақтаған дұрыс. Егер де, сіз, бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.