Inicio Мәдениет ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ПРЕМЬЕРА

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ПРЕМЬЕРА

«Махаббат мұнарасы» – Түркістанда. Түркістан музыкалық драма театрында режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың «Махаббат мұнарасы» спектаклінің премьерасы өтті. Жаңа премьера қысқа ғұмырында мол мұра қалдырған Талаптан Ахметжановтың «Сұлу мен суретші» шығармасының желісінде саханаланды. «Алаш» әдеби сыйлығы мен Валентин Пикуль атындағы және Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматургтың 60 жасқа толуы премьерамен тұспа-тұс келді. Спектакльде махаббат пен өнердің серенадасы салтанат құрды. Сезім сырын жыр еткен қойылым Түркістан музыкалық драма театрында заманауи келбетке ие болды. Премьераға әлемге әйгілі «Амати» (Antonius Hieronymus Amati) тарихи аспабымен Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараев қатысты. Әлемде мұндай аспаптың бар болғаны 3-ақ данасы бар. Спектакльге жан бітіретін «Амати» виоленчелі әлемнің мәдени мұрасы ретінде саналады. Қойылымның басты рөлдерін Ақбота Рахат, Жұлдыз Абдукаримова, Әділ Ахметов пен Нұрқанат Жақыпбай сомдады. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов. Спектакльге арнайы музыка жазған Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі, бас композиторы Хамит Шанғалиев. Балетмейстер – Мадина Мұратпекова.