Home Экономика ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ АЛМАТЫДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕГЕ 20 ТОННА ӨНІМ ЖӨНЕЛТТІ

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ АЛМАТЫДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕГЕ 20 ТОННА ӨНІМ ЖӨНЕЛТТІ

Алматы қаласында жыл сайынғы дәстүрге айналған Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Түркістан облысы бойынша 400 тоннадан астам көкөніс, бақша, жеміс-жидек, ет, сүт, балық, құс өнімі және жергілікті қайта өңдеу өнімдері ұсынылатын жәрмеңкеге Жетісай ауданынан да ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылған. Қауын, қарбыз, алма, асқабақ, қызанақ, қияр, баклажан, болгар бұрышы, жүзім мен алмұрттан 20 тоннадан астам табиғи таза өнім алматылықтарға нарықтан 15-20 пайыз арзандатылған бағада сатылуда.

Айта кетейік, негізгі табысы агросекторға тікелей байланысты ауданда биыл егіс егілген 79,3 мың гектардың 45,6 мың гектары мақта, 19,6 мың гектары бақша, 2,9 мың гектары көкөніс болса 5 мың гектары дәндік жүгері мен басқа дақылдарды құрайды.Жалпы 8 айда ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 15%-ға артып, 27,7 млрд. теңгеге, ал, негізгі капиталға тартылған инвестиция 2,8 млрд. теңгеге жеткен. 321 шаруақожалық иелері 1236 гектар жерден жылына екі өнім алу жобасын іске асырса, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 12 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген.