Home Экономика КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ-ТҰРАҚТЫ ДАМУ КЕПІЛІ

КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ-ТҰРАҚТЫ ДАМУ КЕПІЛІ

Кәсіпкерлік саласының өркендеуі халықтың әлеуметтік әлеуетінің артуына ықпал етеді. Осы орайда, аудан басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы 2020 жылдың 22-ші қаңтар мен 2-ші ақпан аралығында өткен жылды қорытындылау есептік кездесулерінде ауылдық округ, кент тұрғындарына өз жеке кәсіптерін ашуға шақырды.

Қазіргі талап та, мақсат та – халықты кәсіпкерлікке бағыттап, жұмыспен қамту, өнім өндіру, ел тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту-екенін айтқан аудан басшысы, ауданда кәсіпкерлікті дамытудың барлық тиімді тетіктері мен қаржылық мүмкіндіктері қарастырылғанын тілге тиек етіп, мемлекет тарапынан жеке кәсіп ашуға бағытталған барлық бағдарламаларды кеңінен түсіндірді. Қызығушылық танытқан тұрғындарға әкімдік тарапынан қолдау болатындығын және түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігінің тиісті дербес бөлімдерінің мамандары жұмылдырылатындығын айтқан болатын.

Бүгінгі таңда бұл бағытта аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шарушылық, жер қатынастар бөлімінің мамандары және қаржы институттарының өкілдерінен құралған топ, аудан аумағындағы барлық ауылдық округ, кенттерде жеке кәсіп ашуға қызығушылық танытқан тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Кездесуде тұрғындар қандай бағытта болмасын жеке кәсібін ашу жолдары туралы кең көлемде мағлұматтар алып, құжаттарды дайындау барысын үйренуде.

Алдағы уақытта аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жанынан ашылған «Кәсіпкерлерге қолдау көрсету» орталығының мамандары әр болашақ кәсіпкермен жеке-жеке жұмыстар жүргізетін болады.