Start Uncategorized ТҮРКІСТАН МЕН ШУША ҚАЛАЛАРЫ АРАСЫНДА БАЙЛАНЫС НЫҒАЯ ТҮСТІ

ТҮРКІСТАН МЕН ШУША ҚАЛАЛАРЫ АРАСЫНДА БАЙЛАНЫС НЫҒАЯ ТҮСТІ

Түркістан облысында «Шуша қаласының күндері» іс-шарасы аясында Әзербайжан Республикасынан делегация келді. Бауырлас елден келген меймандарды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қабылдады. Кездесуде Түркістан мен Әзербайжан мемлекеті, сонымен бірге Шуша қаласымен мәдени, экономикалық және рухани байланыстарды нығайту барысы сөз болды.

– Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Бүгін біздің облыс пен Шуша қаласының арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына қатысты пікір алмасуға жақсы мүмкіндігіміз бар. Бүгінде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан Түркістан облысының халқы 2 миллионнан асады. Өңірде 23 мыңнан астам әзербайжан этносының өкілі тұрады. Түркістан облыстық «Гарабах» этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Өңірде әзербайжан этносының тілі, мәдениеті мен дәстүрі күніне арналған іс-шараларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени, экономикалық, саяси қарым-қатынастар жылдан жылға тамырын терең жаюда. Өзара ынтымақтастықтың арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 462 млн. АҚШ долларын құрады. Бүгінде Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары, инвесторларға толық қолдау көрсетілуде. Әзербайжан компанияларын да инвестиция салуға, бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Түркістан облысының қолөнершілер ассоциациясы биылғы мамыр айында Әзербайжанның Шуша қаласында Түркістанның салт-дәстүрлері мен қолөнер бұйымдарын таныстырып, көрмеге қатысты. Шушаның Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына арналған іс-шарада Түркістан облысының Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының әртістері өнер көрсетті. Осы үрдіс жалғасып, қос елдің арасындағы татулық, экономикалық және рухани-мәдени байланыстар нығая берсін, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Гюнай Эфендиева «Түркістанды бір көргенде ғашық болдым. Шаһар ұнады. Адамдары да ауа-райы секілді жылы екен. Туризм, мәдениет салалары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл кездесу – сол игі істердің бастамасы», деді.

Әзербайжан Республикасы Президентінің Шуша қаласындағы арнайы өкілі Айдын Керимов және Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Агалар Атамогланов Түркістан мен шуша қалаларының тарихи рөлі, Түркі елдерінің бірлігі жөнінде ой қозғады. Құшақ жая қарсы алған Түркістан жұртшылығына алғыстарын білдіріп, екіжақты байланыс нығая түсетініне сенімді екендерін жеткізді.

Түркістандағы «Фараб» кітапханасында өтетін «Шуша қаласының күндері» іс-шарасында Шуша суретшілерінің көрмесі, дизайнер және модельер Гульнар Халилованың «Карабахтың ұлттық киімдері» дефилесі, «Хуршидбану Натаван» атты әдеби-музыкалық композициясы,Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының бастауымен құрылған музыкалық ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылмақ.

2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуға ресми сапары аясында маңызды келісімдер жасалды. Сол сапарда екі елдің Президенттері Түркістан мен Шуша қалалары арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттамаға қол қойған болатын. Осы бағытта жұмыстар атқарылып келеді.