Start Uncategorized ТҮРКІСТАН: АРДАГЕР ҰСТАЗДЫҢ АСҚАҚ БЕЙНЕСІ

ТҮРКІСТАН: АРДАГЕР ҰСТАЗДЫҢ АСҚАҚ БЕЙНЕСІ

Алғаш көргенде-ақ мейірімге толы жүзімен, ақкөңіл пейілімен құшақ жая қарсы алған апамызды көргенде қазақы болмысымыздың түп-тамырын көргендей қуанғанымыз бар. Апалы-сіңлілі екі ананың ыстық ықыластарына көмілдік. Бүгінгі кейіпкеріміз Қарлығаш апа мен туған сіңлісі Ғалияш жайлы осындай ойда болдық.

Қарлығаш Баймұратова 1946 жылы 26 қыркүйекте Фрунзе ауданы Аша елді мекенінде дүниеге келген. Отбасындағы он перзенттің үлкені болған. Фрунзе (қазіргі Тұрсынхан Айтжанов атындағы мектеп) мектебінде 1959 жылы 7-сыныпты бітірді. Сол кезеңде Фрунзе мектебі 7 жылдық болса керек. Мектепті бітірген 1959 жылы Түркістан педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1963 жылы бітірген. Орта оқу орнын бітіріп келісімен №5 мектеп-интернатта бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Кейін Фрунзе (қазіргі Т.Айтжанов мектебі) мектебіне ауысып, ұстаздық еткен. Қарлығаш Әшірбекқызы білім саласында 8 жыл мұғалім қызметін атқарған. Қарлығаш апа өміржолын екі тармаққа бөледі. Өйткені, алғашқы еңбек жолын мұғалім болып еңбек етуден бастаса, кейін, сауда саласында еңбек етіпті. Сол бір жылдардағы ұстаздық өмірін былай еске алды.

-«Мен еңбек еткен 1963 жылы интернатта бір сынып болатын. Сол бір сыныптың өзінде 41 оқушы оқитын. Осынау оқушыларға сапалы білім беруге барымды салған ұстазбын. Айтайын дегенім, 41 баланың ішінде тек 1-2 баланың үлгерімі орташалау болса, қалғанының барлығы өте жақсы оқыды. 14-15 оқушы үздік атанды. Ол кезде бастауыш сынып 4 жылдық болатын. Мен сегіз жыл мұғалім болдым. Осы мұғалім болып еңбек етіп жатқанымда қатты ауырып, Алматы қаласында ауруханада жатып, бір жыл емделдім. Содан мұғалім болып еңбек етуге денсаулығым жарамады. Ол кезде әкем зейнет жасында болса да магазинде еңбек ететін. Сонда үйде отырған маған әкем: «Қызым дүкенді барып ашып келші» дейтін. Барып ашып келемін. Алғашқыда жарты күннен тұрдым, кейін күні бойы тұрып жүрдім. Сөйтіп жүргенде, әкем: «Қызым сен істе, мен қойдым» деп, дүкенді менің мойныма асып қойды. Мені үйде отыра бермей, алдансын дейді екен ғой, осы күні ойланып қарасам.

Осылай, алғашында әкемнің жанында көмекші болып еңбек етіп жүріп, кейін сауда қызметкері болып шыға келдім. Саудада еңбек етіп жүріп, Шымкент қаласындағы кооперативный техникумды сырттай оқып, бітіріп алдым. Саудада жаман болғаным жоқ. Ауылдық советтің екі дүркін депутаттығына сайландым. Алдыңғы қатарлы үздік қызметкер атандым. Бірнеше мақтау қағаздарының, төсбелгі иегері болдым. Алдымен магазинші, кейін сельпоның парторгі болдым. Партия қатарына өттім. Одан кейін Шорнақ сельпосының председателі болып сайланып, бірнеше жыл еңбек еттім. Кейін сауда тарқағаннан кейін кәсіпкерлікпен айналыстым,-деген Қарлығаш апаның түйткілді ойларынан еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары алғашқы кәсіпкерлердің қатарында болып, еліміздің шағын және орташа бизнесіне қомақты үлес қосқанын бағамдадық.

ШӘКІРТТЕРІМЕН МАҚТАНАРЛЫҚ ЖАЙ

Осы орайда Қарлығаш апаға көкейіміздегі сұрақтарды жаудырдық.

– Қарлығаш апа өзіңіз мұғалім болып қызмет еттіңіз. Сіз 8 жыл еңбек етсеңіз де шәкірттерді сапалы тәрбиелеген майталман маман болдыңыз.Сіздің кезіңіздегі мұғалімдер мен қазіргі мұғалімдердің арасында айырмашылық бар ма?

-Айырмашылығы үлкен. Мен мақтамаймын да даттамаймын да. Біздің кезіміздегі мұғалімдердің энергиясы мықты болатын. Талаппен, ар-ұят, намыспен тірлік ететін. Қазіргі мұғалімдердің барлығын даттауға да болмайды, барлығын бірдей мақтауға да болмайды.

Алғашқы мұғалімдік қызметті бастаған кезде жаспыз, энергиямыз мықты болатын. Жұмысты жақсы атқардық. Сол 1963 жылы мұғалім болып қызметімді бастаған жылы «День учителей», яғни «Мұғалім күні» бекітілді. Бұрын мұғалімдер күні болмайтын. Мен бастауыш сыныпта мұғаліммін. Екі жылдан кейін Фрунзе мектебінен еңбек етіп жатқан қаншама мұғалімнің ішінен екі мұғалімге сыйлық берілді. Сол екі мұғалімнің бірі мен болдым. Жалпы талаптандырайын деді ма, жоқ өзімнің талабым жақсы болды ма, жұмыстағы еңбек көрсеткішім дұрыс болды ма осы сыйлыққа ие болдым. Сыйлыққа настольный сағат берді. Ол кезде осы сағаттың жаңадан шыққан кезі, құны қымбат болатын. Мұғалімдік қызметте алған ең бірінші сыйлығым осы болды. Бірнеше шәкіртті бітірттім. «Апай сіздің талабыңыздың күштілігінен біз жақсы азамат болып шықтық» деп, шәкірттерімнің барлығы риза болатын.

Қазіргі таңда шәкірттерімнің алды зейнеткерлік жаста. Қазақстан Министрлігінде еңбек еткен шәкіртім Шаймерденов Камалиддин өмірден өтті. Үздік шәкірттерімнің бірі Самаликов Базарбай Алматы қаласының метросын ең бірінші болып ашқан. Есбаева Әсемкүл Алматыда аптекада еңбек етеді. Шәкірттерім Ерғалиева Тұрсын мен Самаликов Базарбайға өте жақсы оқып, қызмет еткендіктен өздері түлеп ұшқан мектеп-интернаттан бір-бір сынып берілді. Менің шәкірттерімнің 80 пайызы еліміздің түкпір-түкпірінде халықтың игілігі жолында қызметтер атқаруда. Менің атыма шәкірттерім туралы жаман әңгіме келген емес, – дейді ардагер ұстаз.

Ешкімді ренжітпейін деген мақсатта бұрынғы мен қазіргі ұстаздарды салыстырмай, жалпылама жауап берген Қарлығаш ападан: «Өзіңіздің сол кездегі бір күндік мұғалімдік еңбек жолыңызды айтыңызшы»,-деп сұрадық.

-«Мектеп-интернатта еңбек етіп жүрген кезімде түстен кейін балалардың келесі күнге дайындалатын сағаты болады, уақыты – екі сағат. Балалар түскі тамағын ішіп болғаннан кейін, демалады, ойнайды. Одан кейін балаларды екі сағат сабақ дайындауға отырғызады.Түркістан педагогикалық училищесін бітіріп келген кезім, жаспын. Сонда оқушыларымның сабаққа дайындалуын өзім қадағалап, нашар оқитын оқушылармен жеке жұмыс жасайтынмын. Негізінде баруға міндетті емеспін. Бірақ өзім баратынмын. Ол кезде бала саны бөлінбейді. 41 оқушыны келесі күннің сабағына дайындалдырумен қатар, олардың тазалығына мән беретінмін. Ол кезде тәртіптің мықты кезі. Балалардың сабаққа деген ықыласы өте жоғары болатын. Бүгінгідей смартфон, ұялы телефондар жоқ. Мектеп-интернаттағы балалар 24 сағат бойы мұғалімдердің қарауында болады. Сондай-ақ, басқа жалпы білім беретін мектепте оқитын балалар да жақсы болатын. Ол кезде ұрыс, төбелес, бір сыныптың балалары бір сыныптың балаларын, жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптың оқушыларын қорқыту, ұру деген болмайтын. Сосын интернаттағы бір қызық жағдай, сабақтан шаршап шығамыз, балалар да шаршайды. Тұрсын деген шәкіртім өлеңді жақсы айтатын. «Тұрсын барлығымыз шаршап тұрмыз, бір өлең айтып жіберші» деймін. Содан «Черный кот» деген өлеңді Тұрсын айтқан кезде барлығымыз көңілденіп, орнымыздан тұрып сабақтан шығатынбыз.

Бұдан кейін Фрунзе мектебінде еңбек еткен жылдары 3-ші сыныпқа сабақ бергенімде, оқушыларға орыс тіліндегі өлеңдерді көп жаттатқызып, айтқызатынмын, тілдері жаттықсын,-деп. Сабақ соңында өлең айтқан оқушылар шаршағандарын басып, үйлеріне көңілді қайтатын. Ол кездегі балалар қазіргі балалармен салыстырғанда тәртібі де жақсы, сауаты да жақсы, үлгерімі де жақсы, мұғалімді тыңдауы да жақсы болатын. Қазіргімен салыстырғанда ол кездегі балалар мен бүгінгі балалардың арасында да, мұғалімдердің де арасында ат пен түйедей айырмашылығы бар. Бұрынғы балалар мына телефонның жоқ кезіндегі балалар сауатты да мәдениетті, алғыр еді. Бүгінгі заманның талабы солай ма немесе талабына көп оқушылар құлақ түргісі келмейді ма қиындау қазір. Ол кезде грамота, медаль да балалардың таза біліміне берілетін,-дейді ардагер ұстаз.