Start Uncategorized ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуда ауыл шаруашылығы саласын өркендетудің маңызы зор деп санаймыз. Ал, бұл саланы ұшпаққа шығару үшін шаруалар мен диқандарға тиімді жолдарды көрсетіп, керек болса қолдау жасайтын Үкімет қажет-ақ. Тиісінше, соңғы жылдардың жүзінде ауыл шаруашылығы министрлігі мен ел Үкіметі бірқатар жоспарлар түзіп, көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Осы орайда, Түркістан облысы тұрғындарының назарына пайдалы ақпаратты ұсынып отырмыз.

Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық–түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы – халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі, өйткені ол азық-түліктің негізгі өндірушісі болып табылады. Ауыл шаруашылығы АӨК құрылымында ерекше орын алады. Бұл, біріншіден, азық-түлік өндірісі функционалдық рөлді атқарады. Екіншіден, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары оның өнімдерін тұтынатын немесе ауыл шаруашылығы тұтынатын өнімді шығаратын ондаған саламен байланысты.

Естеріңізде болса, 2021 жылдың соңында Үкіметте Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы таныстырылған болатын. Бұл жобаны ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірлеген. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» жарлыққа қол қойған болатын. Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, алдыңғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескеріліп, тіпті жобаны дайындауға халықаралық FAO ұйымының сарапшылары шақырылған.

Біз айтып отырған ұлттық жобаның негізгі міндеттері мынадай болатын:

– еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру;

– отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі;

– өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту;

– 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.

Бүгінгі таңда егіншілік саласында ұзақ жылдар бойы  топыраққа агрохимиялық сараптама жүргізілмегендіктен, химиялық тыңайтқыштарды жүйесіз қолдану арқылы егістік жерлерде топырақтың құнарлығы төмендеп нәтижесінде топырақтың сорлануы, ластануы, тұздануы сияқты келеңсіз факторлар орын алған. Салдарынан дақылдардың өнімділігі мен сапасының төмендеуі өзекті мәселеге айналуда.

Аталған саладағы кемшіліктерге маңыз бере отырып Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Агро-кеңес беру орталығы» құрылды. Ондағы мақсат – әр дақылдың өсіру технологиялық ерекшеліктерін ескеріп, демонстрациялық алаңдар ашып тәжірибе ретінде шаруаларға ұсыну. Бұл пилоттық жобаның өндірістік бағыты иновациялық технология қолдану арқылы дақылдарды (жүгері, бақша, көкөніс, жеміс-жидек, жылыжай т.б) органикалық негізде өсіріп алынатын өнімді арттыру, химиялық тыңайтқыштардан бас тартып толық органикалық тәсілге көшу. Ұсынылып отырған пилоттық жобалардың мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз кәсібін жетілдіріп, туындаған кедергілермен күресу, озық заманауи агротехнологияларды меңгеруіне және технологиялық карта негізінде берілген ұсыныстарды ауыл шаруашылығында тәжірибе ретінде пайдалану және алдын алу бойынша тиімді шешім қабылдауына толық көмек көрсету.

Агроөнеркәсіп кешені өте жақсы дамыған мемлекеттер тәжірибесіне көз салсақ, олардың технологиялық төңкерісті басынан өткергенін байқаймыз. Мысалы, бүгінде егіннің өнімділігін арттыру үшін спутниктік және компьютерлік технологиялардың ақпараттары арқылы жұмыс істейтін Telematics жүйесі қолданыста. Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде зерттеулер нәтижесінде өзінің тиімділігін дәлелдеген бұл жүйе техникаға орнатылады. Оның көмегімен комбайн, не трактордың егістіктің қай алқабында жүргені, қандай жылдамдықта, не жұмыс жасап жүргенін бақылау мүмүкіндігі бар. Тағы, техника қанша жанар жағар май қолданып, қанша түсім жинағанын көруге болады.

Сонымен бірге заманауи тракторларға орнатылған арнайы тетікшелер егістік алқабының сапасын анықтайды. Бұл өз кезегінде астық тұқымының біркелкі егілуін қадағалап, тұқымның бір уақытта өнім беруін жүзеге асырады. Осындай техникалар көмегімен бүгінгі күні жер шаруашылығын цифрландыру процесі жүзеге асып отыр.

Қазақстандағы АӨК-ті дамыту әрі оны мұнай экспорты сияқты алдыңғы қатарлы салалардың қатарына енгізу үшін бірқатар мәселелерді шешу маңызды.

Алдымен, Қазақстандағы КСРО дәуірінен қалған техника мен оның агроөнеркәсіпке тиімділігі мәселесі. Мысалы, жаңа техниканың тапшылығынан ескіріп кеткен техника тұқым себу және егін жинау кезінде дәнді және майлы дақылдардың 14 пайызы шығынға ұшырайды. Сонымен бірге бұл бағыт қол еңбегін өте көп қажет етіп, өнім көлемінің артуында мәселе туындайды.

Екіншіден, мал шаруашылығындағы азықтандыру, өнімділігін арттыру, мал басының жоғалуы сияқты мәселелер. Мал шаруашылығы жыл сайын мемлекет бюджетіне 2 трлн теңге пайда әкеледі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 3 жыл ішінде мал басының жоғалуының 70 пайызы бақылаудың дұрыс болмауынан орын алған. Бұл мақсатқа жетудің тура жолы – еліміздегі ауылшаруашылығы саласын автоматтандырып, саланы толықтай цифрландыру.

Үшіншіден, егін шаруашылығындағы ауа-райын болжау, егіннің өсу қарқының анықтау және бақылау жүргізу. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстар Қазақстандағы егін шаруашылығының өнімділігін арттырып қана қоймай, сапасының жоғарылауына себепкер болады.

Төртіншіден, ауыл шаруашылығының өнімдерін сату және тұтынушыларға қосымша шығындарсыз және қолайлы бағамен жеткізу.

Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде Қазақстан ірі астық және ет өндіруші ел ретінде танылғаны белгілі. Тәуелсіздіктен кейін елдің агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар өзгерістер болды. Нарықтық қатынастарда өндіріс қарқыны өсіп, еңбек өнімділігі артты. Ауыл шаруашылығы саласының инфрақұрылымын қалпына келтіру ісі қолға алынды. Соңғы кездері жаһандық үдерістен кейін қалмай, агроөнеркәсіп кешенін толық цифрлық форматқа көшіру жұмыстары басталды. Жалпы мал басы мен құстарды электронды санау, егістіктер мен жайылымдардың, ауыл шаруашылығында суармалы және пайдаланылмайтын жерлердің дерекқорын жасау, субсидиялар төлеуге өтінімдерді қабылдау – бұл ауыл шаруашылығы саласын басқару процесіне цифрландыру енгізілген сәттен бастап отандық агроөнеркәсіп кешенінде болған өзгерістердің толық тізімі емес. Болашақта бұл үдеріс жалғаса береді. Осылайша, 2023 жылдан бастап субсидиялардың барлық түрлері бойынша өтінімдерді қабылдаудың жаңа порталы – gosagro.kz өз жұмысын бастады.

Ауыл шаруашылығындағы цифрлы технологиялар тәуекелдерді азайтуға, адами фактордың орнын басуға, шығындарды кемітуге және дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өнімді өндіру шығындарын азайту, ресурстарды тиімді пайдалану негізінде оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру цифрландырудың басты міндеті.

Цифрландыру технологиялары есебінен ауыл шаруашылығы кәсіпорнын басқару тиімділігін арттыру нарықта бәсекеге қабілеттілікті сақтауға ықпал етеді. Цифрландырусыз жұмыс істеу, бір сөзбен айтқанда, әлемдік бәсекелестікте ұтылу болмақ. Қазіргі таңда агроөнеркәсіпте дұрыс басқару шешімдерін қабылдау үшін ең әуелі спутниктік суреттер, жоғары технологиялық датчиктер, GPS жүйелері сияқты технологияларды жинауға мүмкіндік беретін ақпарат, мәліметтер қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ондағы мамандар тәжірибелік учаскелерде жаңа технологиялар мен техниканы пайдалана отырып, егістік алқаптар 2,5 есе көп өнім алуға мүмкіндік бергенін айтады. Бұл ретте шаруалардың шығыны 20 пайыздан аса қысқартылған, әзірге бұл эксперименттер тәжірибелік алаңдарда жүргізілуде, бірақ алғашқы нәтижелер қазірдің өзінде бар. Олардың айтуынша, біздегі тауар өндірушілер цифрландыруды одан әрі ілгерілетуге мүдделі.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) зерттеулеріне сенсек, жыл сайынғы астық шығыны жалпы өндірістің 30%-ын құрайды. Орташа алғанда бұл көрсеткіш әлемде 10%-ға, ал ТМД елдерінде (Қазақстанды қоса алғанда) 25%-ға дейін жетеді.

Өз кезегінде, бұл жоба туралы сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі: «Еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсатына қол жеткізу үшін негізгі факторлар айқындалды.Тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр. Минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген. Техникалық жарақтандырылу деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық субсидиялау жалғастырылады, сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бағдарламалары кеңейтіледі. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деген болатын.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда», – деген экс-министр.

Ал, тағы бір сөзінде трансұлттық компаниялардың қатысуымен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 10 аса ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталып жатқанын айтқан.