Start Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА ТАТАМИ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ТАРТЫСТЫ БӘСЕКЕСІ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ТАТАМИ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ТАРТЫСТЫ БӘСЕКЕСІ БАСТАЛДЫ


Түркістан төрінде сурдодзюдодан әлем чемпионаты басталды. Әлем біріншілігі Қазақстан сурдодзюдо федерациясы мен Қазақстан Сурдлимпиада комитетінің ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Әлемнің 25 мемлекетінен 200-ге жуық спортшы бақ сынайтын дода 14 сәуірге дейін жалғасады. Айта кетейік, аталған спорт түрінен әлем біріншілігі елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

 – Қазақстан сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша елімізде бірінші рет әлем чемпионатын қабылдайын деп отыр. Бұл тарихи оқиға және біз үшін үлкен жауапкерлішік. Есту қабілеті зақымданған спортшыларды қолдаудың жарқын белгісі деп білеміз. Біздің елімізде дзюдо спорты жақсы дамыған. Соның ішінде сурдо дзюдомен айналысатындар саны да аз емес. Бүгін сурдодзюдодан ұлттық құрамамызда ел намысын қорғап жүрген спортшылар да өзінің спорттық жолын бала кезінде қарапайым дзюдодан бастаған. Спортшыларымыздың ештеңеге қарамастан мойымай, мақсатқа жету жолындағы жанкештілігі бізді әрдайым жігерлендіреді, тәнті етеді.  Түркістан татамиінде сурдлимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары бас қосады. Мұндай ірі әлемдік жарыс еліміздегі сурдлимпиадалық спорт түрлерінің даму қарқынын жаңа сатыға көтереді деп сенеміз, – дейді Қазақстан сурдодзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Мұқаш.

Күллі әлем көз тіккен додада Қазақстанның намысын қорғайтын саңлақ спортшылардың тізімінде Алтынбек Какетаев (-60 кг),  Ерсін Болатов (-60 кг),  Алдыбек Нұрмұхамед (-66 кг),   Григорий Бысыкатов (-66 кг),  Қуандық Шадияр (-73 кг), Асхат Адамбаев (-73 кг),  Еркебұлан Канафин (-81 кг),  Арслан Сайфитден (-81 кг),  Айдос Түгелбаев (-90 кг),  Ермек Жәнібекұлы (-90 кг), Тохтарбек Айдарбек (-100 кг),  Сабыржан Хапизов (+100 кг),  Әліби Каныбеков (+100 кг) бар. Ал әйелдер арасынан еліміздің атынан Айым Жетпісбаева (-48 кг),  Фэриде Караоглы (-52 кг),  Дина Адамбаева (-57 кг),  Айгерім Абишева (-57 кг),  Анастасия Тимощенкова (-63 кг),  Эвеллина Егембердиева  (-70 кг),  Орынгүл Серікбек (-70 кг),  Анна Краморова (-78 кг),  Екатерина Чебышева (+78 кг) бақ сынайды.

Естеріңізге сала кетейік, төрткүл әлем көз тіккен татами үстіндегі тартысты белдесулер Түркістан қаласындағы «Olympic centre» спорт кешенінде 14 сәуірге дейін жалғасады.

Дәурен ТІЛЕУХАН.