Start Мәдениет ЖЫР АЛЫБЫ ЖАМБЫЛДЫҢ ТУҒАНЫНА 175 ЖЫЛ

ЖЫР АЛЫБЫ ЖАМБЫЛДЫҢ ТУҒАНЫНА 175 ЖЫЛ

«Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына берубіздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз»

Сәкен Сейфуллин

Ақын, айтыскер, терең сөздің дүлдүлі, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың   175 жылдығына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Арайлым Рахымқызы, ақынның сөзіне жазылған Ғарифулла Құрманғалиевтың “Жаз” әніне түсірілген бейнебаянын көрермен назарына ұсынып отыр. Ақынның рухына арналған бұл бейнебаян арқылы екі ғасырға куә болған Жамбыл бейнесі, оның баға жетпес мұралары өскелең ұрпақ санасында қайта жаңғыратын болады.  Жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы Жамбыл жырлары ұрпағымен  мәңгі бірге жасай береді. Ал, оны халыққа, бір дәуірден екіншісіне жеткізу «ұлтым» деген әрбір азаматтың, өнер жанашырларының абзал парызы.

         Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағының өзінде ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес елдергее де даңқы жайылып үлгерген. Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал – құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты белгілі ақындармен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. 

         Жамбылдың қанатты жырлары, оның өлеңдеріне жазылған әсем әндер тек қазақ еліне ғана емес, дүние жүзіне тараған. Көзінің тірісінде ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын асқақтатты. Жамбыл Жабаев әндері елімзіге танымал өнер қайраткерлерінің орындауында халық арасына кеңінен танылған.

         Арайлым Рахымқызы: «Жамбыл суырыпсалмалығымен де, көрегендігімен де, жалынды жырларымен де танылып, халықтың сөзін сөйлеген, қарапайым қазақтың арман-тілегін жырлаған парасатты, биік тұлға. Ол – халық поэзиясының бұтақ жайған алып бір бәйтерегі, оның елді ауызбіршілікке, бірлікке шақыраған өлең жырларында ізгілік пен адамгершілік рухы сезіліп тұрады. Ақынның жайдарлы, жаныңды жадыратар “Жаз” өлеңін домбырамен айттым. Ұлттық өнерімізді, дәстүрлерімізді, бабалар мұрасын көздің қарашығындай сақтауға, сол арқылы өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге, қазақы тәрбие беруге тырысамыз.

Барша қазақ елін Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойымен осы бір бейнебаяным арқылы құттықтағым келеді…”