«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінің қор сақтау және есепке алу бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазағымның қазынасы-Домбыра» атты фото көрме және мәдени іс-шара өтті.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен белгіленген «Ұлттық Домбыра күні» қоғамда ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту мақсатында тойланатын мерекеге арналған шарада ұлттық аспаптың шығу тарихынан бастап қазақтың алты алашқа аттары мәлім болған өнер иелерінің өмірі мен өнерінен сыр шертетін фото көрме қойылып, таныстырылды.
«Балауса» жасөспірімдерді сауықтыру орталығында өткен жиында Бүркітбай Ақсұңқар сынды өнерлі жастар терме орындаса, «Болашақ» тобы «Домбыраның құдіреті» атты көрініс көрсетті.
Сондай-ақ, музей қызметкерлері Дина Әділбаева, Ердос Қоныс, Ибрагим Мақсат, Ақнұр Бименовалар отбасымен бірге ән, терме күй орындаса, өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін арттырып жүрген ұстаз Жұман Бексұлтан мен Бекназар Оңдасын күй-тартыс өнерінен шеберліктерін көрсетті.
- «Домбыра ұлттың тарихында қарапайым халықтың қуанышы мен қайғы – қасіретін тең бөлісіп, қазақтың басын торлаған ауыр кезеңдерінде жұбаныш бола білген, жазу – сызу мен қазақтың қаламы мен сахнасының қызметін тең атқарған ұлы аспап. Қазақтың тарихы мен табиғаты күй болып төгілетін күй өнері, домбыраны қолға алып күміс көмей әншілеріміз ән салғанда сайын даланы жаңғыртқан домбыра үні ұлтымыздың рухани құндылығы.
Қос ішектің күмбірімен шанағынан сыр ақтарған домбыраның шығу тарихы мен сырт көзге көріне бермейтін мәні зор домбырадан қалыптасқан тәрбие үлгісі адамның ой ұшқырлығын шыңдауға, ата бабадан кәсіп болған дәстүрді дамытуға, өнер арқылы білімге терең бойлауға мүмкіндік тудыратыны анық.
Халқымыздың тұрмыс – тіршілігіне байланысты өнеріміз ғасырлар бойы тек қана жеке орындаушылық формада дамыды. Ол әр дәуірдің мәдениетінде дарынды тұлғалардың дүниеге келуіне мүмкіндік тудырды. Өнер әлемінде тылсымнан тербеп күй төккен күйшілеріміз қаншама. Аты аңызға айналған Кетбұға, Асанқайғы, Қарт Науай сияқты таңдаулы есімдер біздің заманымызға жетті. Одан соң бертін келе Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина әншілеріміз Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Мұхит, Кенен сияқты біртума дарындыларымыздың қазақ дәстүрлі ән және аспаптық өнеріне сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Бағзы заманнан бері келе жатқан бұл өнеріміз бүгінгі таңның арайлы күнінде де жалғасын тауып отырғандығы көңіл қуантарлық. Бүгінгі іс – шарамыздың мақсаты да ұлттық дәстүр сабақтастығын кеңінен насихаттауға негізделген. Қорық – музейіміздің қорындағы жәдігерлерді де дәріптей отырып, құрмет тұтуға баулу», – деді „Әзірет Сұлтан“ мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Нұржамал Әшірбаева.
„Әзірет Сұлтан“ мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі