ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, „Әзірет Сұлтан“ мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен „Тәуелсіздік және Түркістан тағылымы“ атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың „Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру“, „Ұлы даланың жеті қыры“ бағдарламалық мақалалары аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияны „Әзірет Сұлтан“ мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов ашып берді.
„Бүгінгі конференция Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Егемендікке қол жеткізген жылдардан бастап еліміздегі тарихи-мәдени орындар қайта түлеп, тарихи қалпына ие бола бастады. Соның бірі – Түркістан қаласы.
Республикалық ғылыми шара отыз жылда қол жеткізген жетістіктеріміз бен зерттеу еңбектерімізге, сонымен қатар, рухани қаланың ашылуы тиіс беттерін зерттеп-зерделеуге тың серпін беріп, Түркі жұртының рухани қазынасы тарихшы-ғалымдарымыздың пікірлерімен толыға түсетініне сеніміміз мол. Конференцияға қатысып отырған тарихшы ағаларымыздың атқарған жұмыстары „Әзірет Сұлтан“ мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми жұмыстарының жандануына да өлшеусіз үлес қосып келді. Осы бағытта қорық-музей жанынан тарихи орындар мен тұлғаларға арналған кітаптар шығарылуда. Сонымен қатар, тағы да бір қуанышты жаңалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тұлғалар тізімі жаңарды. Ғылыми кеңесте тағы да он екі тұлғаның Ясауи жанында жерленгені туралы тарихи деректер мақұлданды.
Бүгінгі конференциядан да күтетініміз мол. Басқосу барысында көптеген тың тақырыптар қозғалып, пікір білдіріледі. Тарихшы-ғалымдардың басын қосу әрбір тақырыптың мазмұнын ашып, нақтылануына жол ашады“,-деді қорық-музей директоры Нұрболат Қадырұлы.
Конференцияға тарих ғылымдарының докторлары мен профессорлар- Жамбыл Артықбаев, Берекет Кәрібаев, Хазіретәлі Тұрсын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Елбасытанушы Сейдулла Садықов, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, тарих ғалымдарының кандидаты, доцент Зікірия Жандарбек пен Төрәлі Қыдыр, тағы да басқа тарихшылар мен музей қызметкерлері және студенттер қатысты.
Басқосу барысында көне және жаңа Түркістанның тарихи даму сабақтастығы, отыз жыл ішінде атқарылған жұмыстар, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Түркістан қаласын дамыту мен тарихи орындарды қайта жаңғырту жолындағы серпінді істері, ұлттық сана, Ұлы Дала елі ұғымының мазмұны, ортағасырлық қалалардың зерттелуі мен тарихы, Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымының мәні, археологиялық қазба жұмыстары барысындағы ғылыми жетістіктер, тұлғалар табанының ізі қалған қасиетті жерді таныту бағытында ескерілуі тиіс тарихи деректер сынды көптеген мәселелер ортаға салынып, баяндамалар оқылды.