Start Мәдениет ТҮРКІСТАНДА АЛҒАШ РЕТ ҚЫЗҒАЛДАҚТАРҒА АРНАЛҒАН ФОТОКӨРМЕ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА АЛҒАШ РЕТ ҚЫЗҒАЛДАҚТАРҒА АРНАЛҒАН ФОТОКӨРМЕ ӨТТІ

Түркістан қаласында алғаш рет қызғалдақтарға арналған фотокөрме өтті. «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» қызметкерлерінің ұйытқы болуымен өткен шара Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асқан.Көрменің мақсаты – туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқықбұзушылықтың алдын-алу. Осы іс-шарамен табиғи парк биылғы «Парктер шеруі-2021» экологиялық акциясын ашып отыр. Аталған акция аясында су айдындарын тазалау, тораңғы ағашы мен қызғалдақ гүлін және жабайы аңдарды қорғау секілді шаралар өткізіледі.Рухани астананың тұрғындары мен қонақтары әлеуметтік желілерде өнері танымал болған саяхатшы-суретшілердің 40-тан астам туындыларымен танысты. Адамдар қызғалдақтарды көптеп жұлуына байланысты олардың жойылып кету қаупі төніп тұр. Елді-мекендердің өсуі, жер жырту жұмыстары мен жайылымдардың үлкеюі де кері әсерін тигізуде.Тарихшылардың айтуынша, Қазақстан – қызғалдақтардың отаны. Бұл гүлдер Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, кейін Голландияға жеткен. Ғалымдар гүл атауын парсының „toliban“ (шығыс халқының бас киімі) сөзінен шыққан деп пайымдайды.Қазіргі таңда Қазақстан аумағында қызғалдақтың 34-тен астам түрі өссе, оның 18 түрі Қазақстанның Қызыл Кітабына енген. Бұлардың ішінен Грейг, Борщов, Берікқара, Түркістан, Леман, Бузе сынды түрлері көпшілікке танымал. ҚР Қылмыстық Кодексінің 339 бабына сәйкес, қызғалдақтарды заңсыз жұлу – 3000 АЕК (8 751 000 теңге) айыппұл немесе қоғамдық, түзету жұмыстарына тарту, тіпті бостандықтан айыру қарастырылған.