5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай ауданда тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру мақсатында Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» тақырыбында мерекелік іс-шарасы болып өтті. Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ директоры Құрманбек Рысмаханов пен Түркістан облыстық тәжік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Сұлтанов, аудандық ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасы, тіл жанашырлары мен аудан тұрғындары қатысты.
«Тіл – кез келген ұлт пен халықтың, жалпы адамзаттың негізгі қатынас құралы. Тілсіз өмір сүру мүмкін емес. «Ұлтты жоям десең, әуелі тілінен баста» – деген ойдың астарында терең мағына жатыр. Расымен халқымыздың, дініміз бен діліміздің негізгі түп қазығы, ол – біздің ана тіліміз. Тіліміз бен ұлтымыздың жойылмауының жолында қаншама жанның құрбан болғанын ескерсек, ана тіліміз бен ата дәстүрімізге салғырт қарауға ешбіріміздің құқығымыз жоқ екенін аңғарамыз. Ана тіліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген тіл жанашырларына алғысымыз ерекше. Ауданымызда тұратын ұлттар мен ұлыстардың, түрлі этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағына дәнекер болып жүрген ақсақалдарымызға да өз ризашылығымды білдіремін. «Тілге құрмет – елге құрмет». Баршаңызды мемлекеттік тілді құрметтей отырып оны жетік үйренуге шақырамын» – деді аудан әкімі аппаратының басшысы Есенкелді Әшірханұлы.
Құттықтау сөз соңында бір топ тіл жанашырларына аудан әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табысталды. Мерекелік жиын барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында патриоттық әндер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі этнос өкілдерінің биін билеп, көпшіліктің көңілін көтерді. Сонымен қатар орталықтың тіл үйренушілері мен студенттер Алаш арыстарының ана тілі туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып, жұртшылықты рухани байытса, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» Ғабит Мүсірепов. Мемлекеттік тілдің мәртебесі дегенді әркім әрқалай түсінеді, әрқалай ойлайды, әрқалай ұғады. Қазіргі таңда қазақ тілінің даму қарқыны жаман емес, еліміздің қаракөздерінің үлес салмағы артқаны секілді мемлекеттік тілді меңгерген адамдардың қатары да көбейіп келеді. Мемлекеттік тіл мәртебесіне Қазақстанда тұратын, ауасымен демалып, суын ішіп, топырағын басқан кез-келген азамат өз үлесін қосуы – азаматтық және адамдық борышы болады.Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл-халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, бұл ана тіліміз.Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жарияланды. Тіл саясаты әр елдің тарихына, демографиялық және діни құрамына, геосаяси жағдайына, білім мен мәдениетінің ерекшеліктеріне, елдегі саяси биліктің ұстанымына байланысты.
Тіл – тəуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тіл – тəуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тəуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жарияланды. Бұл тұста Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашып берді. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Тəуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мəртебесін арттыру болмақ. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Тəуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Нəтижелері де аз емес. Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Соны көріп жүрегің қан жылайды. Бір жағынан, əлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нəубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды. Атаанамыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дəстүрін ұмытардай халге жетті. Дегенмен, «сабақты ине сəтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тəуелсіздікке қол жеткізді. Тіліміздің түп тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тəрізді. Сондай ауыр сəттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. Ұлтымыздың ұлы перзенті Мағжан Жұмабаевтың тілінде айтсақ:
«Жауыз тағдыр жойды бəрін не бардың…
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!». Бірақ, жоғарыда айтып кеткендей, қанша жылдан бері атқарушы билігіміз тіл туралы саясатты жүзеге асырып келе жатса да, қазақ тілінің дамуы əлі де болса кешеуілдеп тұр. Бүгінде кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күліп, енді бірі оған мəн бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бəлкім. Бұған жауап ретінде ақын Оразақын Асқардың мына бір өлең жолдарынан мысал келтіруге болады:
«Ана тілінде ата-баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар».
Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дəрежесіне көтеруге əр қазақтың үлесі болса екен дейміз.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіз еліміздің негізгі рәміздерінің бірі болып саналады. Әрбір тәуелсіз, тұғырлы елдің туы, елтаңбасы, әнұраны, шекарасы болатыны сияқты мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіліміз егеменді ел екеніміздің бір белгісі. Қазақ тілі тек қазақ халқының тілі емес, Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін әрбір азаматтың тілі. «Тіл – тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Мемлекеттік тіл мәртебесі Конституцияда бекітілген, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздар осы тілде жүргізіледі. Қазақстан Республикасынының 1997 жылы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңы» қабылданған. Осы заңның 4 бабында «Мемлекеттік тіл-мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Сонымен бірге, Үкімет, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тілін сақтау мен дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті деп көрсетілген».
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әр азаматының парызы болып саналады. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында мемлекеттік тілге баса назар аударып: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», деді. Президенттің бұл сөзі мемлекеттік тіл мәртебесінің жоғары деңгейге көтерілер күн алыс еместігінің айқын көрінісі.