Start Мәдениет ТҮРКІСТАН: МЕКТЕПТЕГІ МҰРАЖАЙ ӨЛКЕ ТАРИХЫНАН СЫР ШЕРТЕДІ

ТҮРКІСТАН: МЕКТЕПТЕГІ МҰРАЖАЙ ӨЛКЕ ТАРИХЫНАН СЫР ШЕРТЕДІ

Түлкібас ауданы, И.Рыбалко атындағы жалпы орта мектебінің мұражайында өңір тарихынан сыр шертер жәдігерлер көп.Мұражайдың негізін қалаған Бердібек Ешімбетұлы 1957 жылы аталмыш білім ұясына мұғалім болып қызметке қабылданады. Ол Сталин атындағы педагогикалық училищеде оқып жүргенінде тарихи-археологиялық зерттеу жұмыстарымен айналысқан екен. Мектепке келгеннен кейін де осы ізденісін ары қарай жалғастырады. Оған туған жердің сұлу табиғаты мен тылсым тарихы ерекше әсер етсе керек. Ауыл-аймақтан көне жәдігерлерді жинастырып, арнайы бұрыш ашқан мұғалім жинаған экспонаттарын оқушылардың назарына ұсынады.

1960 жылы аудан орталығы мен Балықты ауылының арасына автомобиль жолы салынады. Осы кезде ежелгі Шараб қаласының орнынан археологиялық жәдігерлер көптеп табыла бастайды. 1958 жылы алғаш рет өлкетану мұражайын ашып, оның жетекшісі болған Бердібек Ешімбетұлы экспонаттарды мектепке әкеліп орналыстырады.

1961 жылы Бердібек Ешімбетұлы бастаған отряд «Менің елім – СССР» атты экспедицияға қатысып, соның қорытындысында 1962 жылы облыстық конференцияда ІІІ орын алады. Осы жылы Бердібек Ешімбет­ұлы облыста алғашқылардың бірі болып табиғатты қорғайтын «Голубой патруль» отрядын құрады. Оқушыларды ұйымдастырып, игі істерге жұмылдыра білген осындай еңбегі үшін ол «Үздік пионер жетекшісі» төсбелгісімен марапатталады. 1962 жылы атақты «Артек» пионер лагерінде өткен жас өлкетанушылар мен туристердің ІІ Бүкілодақтық слетінде И.Рыбалко атындағы жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысы Қалыбек Шымырқұлов баяндама жасайды. 1968 жылы аудандағы неолиттік тұрақ саналатын «Қараүңгірді» зерттеуге атақты археолог ғалым Хасен Алпысбаев бастаған археологтар келеді. Осы экспедицияға Бердібек Ешімбет­ұлы бастаған №13 отряд мүшелері де белсене қатысып, Алғыс хатқа ие болады.

Бұл кезде ауыл мектебіндегі өлкетану мұражайының атағы республикадан асып, бүкіл одаққа тараған еді. Мұражай бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Мақтау грамоталарымен марапатталды. Облыс, аудан көлемінде өткізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының да жеңімпазы болды. 1984 жылы «Артек» пионер лагерінде өткен ІV Бүкілодақтық жас өлкетанушы–туристер слетіне аталмыш мектептен Сәуле Шымырқұлова, 1986 жылы Владивостокта өткен V Бүкілодақтық жас өлкетанушы – туристер слетіне Лейла Картеева қатысады.

1980-1990 жылдары КСРО Су және мелиорация министрлігінің тапсырмасымен Бердібек Ешімбетұлы бастаған отряд су көздерін тазалау және оларды дұрыс пайдалану жұмыстарын жүргізді. Жас өлкетанушылар КСРО-ның Бас дәріхана басқармасы, КСРО Денсаулық сақтау министрлігі, КСРО География қоғамы, КСРО Геология министрлігі тарапынан берілген тапсырмаларды да абыроймен орындап шықты. Мұның барлығы өлкетану мұражайы мен туризм және спорт отрядының жетекшісі Бердібек Ешімбетұлының ерен еңбегінің жемісі.

Жас өлкетанушы–туристер отряды 1989 жылы Волгоградқа, 1989 жылы Арменияға қазба жұмыстарына шақырылды. Ал, 1990 жылы Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтынан Бердібек Ешімбетұлының 8-сынып оқушыларына арналған «Өлке тарихы мен мәдениеті» атты оқулығы жарық көріп, өңіріміздегі мектептерде өлкетану сабағы өтіле бастайды.

2002 жылы мектептегі Өлкетану мұражайына Қазақ КСР-ына еңбегі сіңген ұстаз Бердібек Ешімбетұлының есімі берілді. Мұражайда археология, этнография, нумизматика, геральдика, көне кітаптар, табиғат және өлкеміздегі өндіріс орындары атты бөлімдер бар. 2008 және 2017 жылдары Бердібек ағайдың отбасы мұражайды күрделі жөндеуден өткізіп берді.

Бүгінде бұл мұражайға Нұрбике Сапарғалиева жетекшілік етеді. Ол мұражайдың заман талабына сай безендірілуіне және оқушылардың ғылыми жұмыстармен айналысып, білімдерін толықтыруына үлкен үлес қосып келеді.

Қадиша АЙЫМБЕТОВА.