Start Мәдениет ТҮРКІСТАН: КІТАПХАНА АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

ТҮРКІСТАН: КІТАПХАНА АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

Биыл Алаш қайраткерлері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл, Нәзір Төреқұловтың туғанына 132 жыл, Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай, Түркістанда саналы ғұмырын халықтың ертеңі мен бүгініне арнаған қоғам қайраткері, қаза елін құру жолында аянбай еңбек еткен  азаматтарды еске алу мақсатында «Алаш ардақтылары» атты тарихи-мәдени шара өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында «Баршаңызға мәлім, қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр. Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған.

Шын мәнінде, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен. Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз» деп айтып өткен болатын.

Алаш ардақтылары — халқының сан салалы мұрасын дәріптеген ,ұлттық сананы көтеруді ту еткен қазақтың бетке ұстар нағыз батырлары.Алаш арыстарының еліне сіңірген ерен еңбектері тарихымызда тайға таңба басқандай орын алды. Қазақ зиялыларының туған тілі мен тарихын,өнері мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі бүгінгі тәуелсіз еліміздің жемісі.

Алаш зиялылары ұлықталған шарада тарих ғылымдарының кандидаты, қаланың құрметті азаматы Баян Садыққызы сөз алып, тарихи тұлғалардың өмір-дерегінен сыр шертті. «Құрмет» орденінің иегері, Нәзір Төреқұлов музейі филиалының меңгерушісі Омар Абдуллаұлы қайраткерлердің ел үшін жасаған ерліктеріне тоқталды.

Қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Серсенбаев ХХ ғасырдың шежіресінде Түркістан өлкесі – Алаш атын аспандатқан тұлғаларымен, төл перзенттерімен әйгілі екенін мақтанышпен айтып, сөзін түйіндеді.

Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары Алаш арыстарын сомдап, тарихтан сыр шертетін әсерлі қойылым көрсетті. Өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, жыр шумақтарын оқыды.

Еліміздің тәуелсіздігіне, халқымыздың рухани дүниесіне қызмет еткен Алаш арыстарының тарихтағы орны биік екені сөзсіз. Бүгінгі Нәзір Төреқұлов, Нұртас Оңдасынов, Сұлтанбек Қожановқа арналған рухани кештен жастар тұшымды әңгіме тыңдап, тың мағлұмат алды.