Start Мәдениет ТҮРКІСТАН: АҚЫН ҚЫЗЫН АРДАҚТАДЫ

ТҮРКІСТАН: АҚЫН ҚЫЗЫН АРДАҚТАДЫ

Мәдениет пен әдебиетті төрге оздырған киелі Түркістан төрі күн сайын керемет кештермен толығып келеді. Ұлт руханиятының ұстынына айналған қаламызда ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына арналған «Өмірін өлеңімен өрнектеген Ханбибі» әдеби-сазды кеші өтті.

Алдымен кеш қонақтары ақынның шығармашылығына арналған арнайы кітап және фото көрмемен танысты. Ал шығармашылық кешті Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов жүргізді. Әсерлі қойылыммен басталған әдемі кеште ақынның шығармашылық жолына, өміріне шолу жасалып, халықтың рухани игілігіне айналған жауһар жырлары оқылды. Атап айтсақ, «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің «Жаңа леп» ұжымы сахналаған «Өмірге ғашық жүрекпен» сазды-поэтикалық қойылымы көрермен көңіліне ерекше әсер сыйлады. Айта кетейік, салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, қаламгерді мерейлі жасымен құттықтады.

– Қасиетті Түркістан төрінде бастау алған бүгінгі өнер кешінің маңызы жоғары деп есептеймін. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа ғасырдағы жылнамасын жазуға атсалысып, елдің рухани-мәдени әлеуетін арттыру жолында жан аямай еңбектеніп жүрген өнер майталмандары, қаламгерлер аз емес. Сол тұлғалардың қатарында Ханбибі апамыздың орны ерекше. Өздеріңізге белгілі, қазір Түркістанда руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлінуде. Жаңа өнер ұжымдары құрылып, өңірімізден шыққан тұлғалардың шығармашылық кештері өткізіліп жатыр. Соның айқын дәлелі – бүгінгі өнер мерекесі. Сіздің қазақ өнеріне, ел руханиятына береріңіз мол. Шығармашылық қуатыңыз артып, елдің игілігі жолындағы барлық бастамаңыз жемісті болсын, – деген Ертай Кенжебекұлы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан құттықтау хат табыстады.

Сондай-ақ, кеш барысында Қасымхан Бегманов пен мерейтой иесі мазмұнды сұхбат құрып, әдебиет тақырыбында әсерлі әңгімелер айтты. Бұдан бөлек әнші, композитор Құралай Сәтмұхамбетова, «Құрмет» орденінің иегері Хадиша Шалабаева, мәдениет саласының үздігі Гүлмира Қалыбекова ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады.

Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ақын, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына орай «Ұлт аманатын арқалаған «Ақ жол» және Ханбибі Есенқарақызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция қонақтары алдымен университеттің археологиялық жасағының көрме орталығы мен Өзбекәлі Жәнібеков орталығымен танысты. «Қазақстан» мәжіліс залында өткен пленарлық мәжілісті университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Директорлар кеңесінің төрағасы Оразалы Сәбден құттықтау сөзбен ашты.
Қаламгердің тарихи зерттеулеріне ғылыми баға берген филолог және тарихшы ғалымдар Мұса Йылдыз, Баршагүл Исабек, Кенжехан Матыжанов, Бауыржан Жақып, Ханкелді Әбжанов, Бақтиер Хасанов, Дина Аманжолова, Сұлтан хан Жүсіп, Айнагүл Джоошбекова түрлі тақырыпта баяндамалар жасады. Ал, секциялық мәжіліс Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық әлеміне, «Ақ жол» газеті және қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялылары тағдырына, ұлттық таным мен тарихқа арналды. «Көктеммен қоштаспаған жаз» кітабының тұсаукесері болып, мерейтой иесі университет ауласына ағаш отырғызды.
Халықаралық конференция қаламгердің шығармашылық болмысына жаңа сипат берген ғылыми жиын болды. Ғалымдар Ханбибі Есенқарақызын «Ақ жолдың ақ тілекті жоқтаушысы, қуғын-сүргінге ұшыраған халық ағартушылары тарихын кеңінен насихаттаушы деп танып, «Ақ жол» газетіне қазақ еліндегі сөз бостандығының соңғы қарлығашы деп баға берді. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен және еліміздің өңірлерінен барлығы 50 шақты зерттеу материал келіп түсті. Конференция материалдары алдағы уақытта жинақ болып жарық көрмек.

Естеріңізге сала кетейік, Есенқарақызы Ханбибі 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында туған. Еңбек жолын туған жерінде ұстаз болып бастады. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін 1972 жылы сырттай тамамдаған. Институтта оқып жүріп Макаренко атындағы мектепте мұғалім, 196872 жылдары Сарыағаш аудандық «Қызыл ту», «Красное знамя» газеттерінде әдеби қызметкер, 197380 жылдары облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман болып қызмет атқарған. 1987 жылы облыстық «Қайырымдылық және денсаулық қорын», 1989 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған. Бұл салада ол мемлекеттік тілдің кең ауқымда өмірге енуіне ат салысып, «Тіл туралы» заңның жобасын жасауға қатысады. 

2003 жылдан облыстық саяси қуғынсүргін құрбандары мұражайының директоры. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.

11 кітаптың авторы. Өлеңдері орыс, украин, өзбек, якут тілдеріне аударылды. Әнге айналған «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңілгүл», «Махаббатөмірлері» халық арасына кеңінен таралды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің және облыстық мәслихатының, Ақмола облысы, Астана, Шымкент қалалық әкімдерінің алғыс хатына ие болды. М.Әуезов бейнесі бар ЮНЕСКО, «Астана қаласына 10 жыл», Түркістанның 1500 жылдығына, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған және Гумилев атындағы Еуразия университеті медальдарымен марапатталған. Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы. «Парасат» орденімен (2008) марапатталды. «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» атағына ие болды.

Дәурен ТІЛЕУХАН.