Start Мәдениет ТҮРКІСТАН: «ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: «ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Қоғамның қай саласына көз салсақ та, тағдыр талқысына түсіп, өмір мүмкіндігін шектеген кезде де, жанын кірлетпеген, рухы биік жандарды кездестіреміз. Өмірге құштар адамдардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінуі де заңды.

Әсіресе мүгедек жандарды қоғамнан тыс қалдырмау, олардың белсенділігін арттыру, қамқорлық көрсету бағытында республика көлемінде әртүрлі шаралар өткізіліп келеді. Соның бірі – күні кеше Түркістан қаласында өткен «Шексіз мүмкіндік» облыстық өнер фестивалі. Фестивальдің басты мақсаты – ерекше дарынды жастар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау білдіріп, олардың дарыны мен мәдени ерекшелігін дамыта отырып, инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруіне ықпал ету. Аталмыш өнер фестиваліне Астана мен Шымкент, Қызылорда облысы мен Түркістан өңірінің аудан, қалаларынан өнерлі жастар қатысты. Таланттар жиналған байқауда бас аяғы 50-ге жуық өнерпаз бой көрсетті. Бірі ән айтып, би билесе, қылқаламды жанына серік еткен ерекше жастар суреттері мен қолөнер туындаларынан көрме ұйымдастырған.

Сондай жас таланттардың бірі – Түлкібас ауданынан келген жеті жасар Әміре Мақсатұлы. Облыстық талай байқауда бақ сынап, топ жарып жүрген балақайға дүние есігін ашқан сәттен бастап сал ауруы диагнозы қойылған.

Әміренің ұстазы Мейіржан Омаровтың айтуынша, бұл фестивальге Әміренің дайындығы қарқынды болған. «Әміремен бірге жұмыс істеп, вокал сабақтарын өтіп жүргенімізге бір жылдан астам уақыт болды. Көктемде ерекше балалар арасындағы «Жұлдыз» фестиваліне қатысып, топ жарып шықтық. Әміре – өте дарынды, ақылды бала. Есімін де Әміре Қашаубаев атасындай ұлы азамат, абыройлы әнші болсын деген ниетпен қойған екен. Жүрегі арман-мақсатқа толы бүлдіршін болашақта әнші атасындай, Париждің төрінде ән салсам деп тілейді. Фестивальге қатысып жатқан жастар мен жасөспірімдердің ешқайсысын бөле-жара қарай алмайсың. Бәрі шетінен талантты, жанарында от, жүрегінде өмірге деген құштарлық буырқанып қайнап жатыр», – дейді.

Ерекше қажеттілігі немесе мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, оларға көмек көрсету, қолайлы орта жасауға тырысу демократиялық елге тән құбылыс. Азаматтардың қандай да бір жағдайларға, күйге, дертке немесе қажеттілікке тап болуы қай заманда да кездесіп жатады. Ал мұндайда мемлекет өз азаматтарын барынша қорғап, әлеуметтік көмек беріп, жүріп-тұратын ортадан бастап, оқу, білім алу, жұмыс істеуге дейінгі жүйені ыңғайластырып, бейімдейді. Қоғам баршаға тең болу керек деген ұстанымның астында дәл осы ерекше қажеттілігі бар жандарға көмек көрсетуде жатыр. Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Азамат Жұмабаевтың айтуынша, бұл дәл осындай фестивальдердің алғашқы не соңғысы емес.

«Өнер фестивалін өткізудегі басты мақсат – ерекше жастардың бойында жатқан өнерді жарыққа шығарып, керемет көңіл күй сыйлау. Осыған дейін бірнеше жыл қатарынан үзбей болып келе жатқан фестивальге бүгін басқа қалалардан да өнерпаздар ағылды. Балалардың бойындағы талантты шыңдап, республикалық, халықаралық сайыстарға дайындау барысында бұл шараның маңызы зор. Бүгін керемет іс-шараның куәсі болып отырмыз. Қоғамда ерекше жандарға әркез құрмет жоғары. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс – адамзатқа тән құбылыс. Әркез жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып, жақсылық жасауға ұмтылып тұрайық», – дейді.

Фестивальдің тағы бір қатысушысы – Келес ауданынан келген Жәния Ниетберді. Бір жарым жасында сүйек сынғыштығы диагнозы қойылған бүлдіршіннің бүгінде жасы он бірде екен. Моншақтардан сөмке тоқып, көрмеге алып келген бүлдіршіннің айтуынша, әшекей-бұйым жасау сүйікті ісіне айналып кеткен. Қайсар қыз көз майын тамызып жасаған жұмыстарымды сатылымға да шығарамын дейді.

«Алғашында моншақтардан білезік жасап үйрендім. Кейін сөмке, фигуралар сынды күрделі заттарды тоқып бастадым. Моншақтардан бұйым жасап, соны сатсам, тіпті кейін өз брендімді қалыптастырсам деген арманым бар. Ешқандай кедергіге қарамастан, армандарыма жеткім келеді», – дейді Жәния.

Патриоттық және мерекелік әндерді шырқап, бойдағы өнерін паш еткен дарын иелеріне сый-сияпат табысталды. Шара барысында қылқалам және қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі де көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ «Түркістан» брендінен құнды сыйлықтар мен ынталандыру мақсатында барлығына Алғыс хаттар берілді.

Сәруар БАҚБЕРГЕН