Start Мәдениет ТҮРКІСТАН: БІР ҒАСЫРЛЫҚ БАСЫЛЫМНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: БІР ҒАСЫРЛЫҚ БАСЫЛЫМНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

Түркістанда облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы тойланды. Қасиетті қаланың төріндегі «Жібек жолы» аттракциондар саябағында беделі биік басылымның 100 жылдығына арналған «Оңтүстік Қазақстан» газеті аллеясына 100 көшет отырғызылды. Игі іс-шараға өңірдегі БАҚ өкілдері мен республиканың әр түкпірінен келген белгілі журналистер қатысты.

Биыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы сән-салтанатымен аталып өтті. Атаулы күнде әріптестердің қуанышына куә болдық. Алаш ардақтылары негізін қалаған өңірдегі бас басылымға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлынан бастап, билік басындағы азаматтар мен елдегі игі жақсылардың көңіл аударып, жақсы тілек, лайықты қолдау білдіруі қазақ журналистикасына деген қамқорлықтың белгісі шығар. Бұл жерде көпшіліктің назарын газетке аудара білген Абай Балажан ағамыз басшылық ететін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қажырлы еңбегін де айтпай кетуге болмас. Дүбірі шартарапқа шарықтаған ғасырлық той өңіріміздегі тіпті ел аумағында соңғы жылдары өткен ірі жиындардың қатарынан орын алды деуге толық негіз бар. Газетте қолтаңбасы қалған қаламгерлер мен аймақтардағы журналистика саласының майталмандары тойға арналған тартуларын жеткізуге асыққандай. Соның ішінде жиналған көпшілікке қуаныш сыйлаған Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы С.Матаевтың арнайы құттықтауы да ұжым басшысына сән-салтанатымен арнайы табысталды. Сонымен бірге, той үстінде Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасының міндетін атқарушы Мәлік Дәулетов осы басылымның ардагер журналисі Серікқали Жексенбаевқа «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін тақты.

«Қай салада болмасын еңбегі сіңген мамандардың жасы келе лайықты бағасын алатыны заңдылық. Мемлекеттік сыйлықтан бөлек салалық ұйымдардың да еңбек адамына деген құрметі лайықты бағаға баланып жатады. Осы ретте төбесі көрінгенге тағыла беретін кейбір «даңғой ұйымдардың» төсбелгісі секілді «Қазақстанның құрметті журналисі» екінің біріне беріле беретін марапат емес. Одақ тарапынан бұл сыйлыққа қатысты нақты талаптар бар. Сол үдеден шығатындай еңбек етіп, әріптестеріңіздің құрметіне бөленіп жүрсеңіз сізді одақ елеусіз қалдырмауға тырысады»,-деген аталмыш филиал төрағасының міндетін атқарушы Мәлік Жұмаханұлы барша жұртты ортақ мерекесімен құттықтады.

Ғасырмен құрдас басылымның мерейтойына орай өткен бірқатар атаулы байқаулар мен жиындарға тоқталып өтсек, мәртебелі мереке аясында жыл басынан бастап әр ай сайын «Қара шаңырақ» тақырыбымен редакция ардагерлерімен кездесу өткізіліп тұрды. Онда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет еткен, қара шаңырақ басылымнан зейнетке шыққан ардагер  аға-апаларымыз өз естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, «Әулиелі мекен» тақырыбымен ұжым қызметкерлері бірнеше киелі мекенге зиярат етті. «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген ұстанымдағы халықпыз. Әрі Оңтүстік әулие-әмбие мен киелі орындарға бай мекен. Туристік әлеуеті енді артып келе жатқан облыстың тарихи -әулиелі орындарын насихаттауда бұл шараның да берері көп болды.

Бір ғасыр бойы өңірдің шежіресін тасқа қашап басып келе жатқан басылымның мерейтойын атап өту басталып кетті. Соның жалғасы ретінде бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде «Ескірмейтін естелік» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Фотокөрмеде аға басылымның әр жылдардағы тарихы фотосуреттер арқылы көрермен назарына ұсынылды. Мұнда тек редакция ұжымының тарихы ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірдің тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың естелік фотосуреттері қойылды. Сондай-ақ «Оңтүстік Қазақстан» газетінің фототілшісі Қайсар Шерімнің жеке шығармашылығынан алынған туындылар да көрермен ықыласына бөленді. Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстың зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, журналистер мен фотограф мамандар қатысты.

Түркістан облысындағы Сауран ауданының құрылғанына үш жыл және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына орай «Бақытым сенсің, Түркістан!» атты жазба ақындар мүшәйрасы қорытындыланды. Жыр додасы екі кезеңнен тұрды, оған 50-ден астам ақындар қатысып, олардың ішінен 9-ы ақтық кезеңде бақ сынады. Сайыстың қорытынды кезеңі Сауран ауданы Шорнақ ауылында өтті.

Сонымен қатар БАҚ өкілдері мен журналистика факультеттерінің студенттері үшін «Баспа ісі және медиадизайн: қазіргі трендтер, проблемалары мен келешегі» деген тақырыпта кеңейтілген семинар өтті.

Мерейтойға орай Түркістан қаласында қазақ күресінен турнир өтті. Ұлттық спорт бәсекесінің салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директор-Бас редакторы Абай Балажан және зиялы қауым өкілдері қатысты. 61 жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан жарыс Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде өтті. Бозкілемдегі палуандар бәсекесінде өңіріміздегі аудан, қалалардан келген жалпы саны 120-ға жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ал түйе балуан бәсекесінде 18 балуан бақ сынасты. Кіл мықтылар жиналған дүбірлі додада түркістандық Дидар Хамза турнирдің биылғы «түйе балуаны» атанып, оған «Chevrolet Nexia» автокөлігінің кілті тапсырылды. 

Алдағы уақытта батырлар жырын жатқа айтудан «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған «Жақсылар, дастан айтайын…» атты IV облыстық жас жыршылар байқауы өтпек.  Сайысқа жалпы орта білім беретін мектеп, лицей, гимназиялардың 6-10 сыныптарының оқушылары қатыса алады. Шара аясында қатысушыларға «Шора батыр» жырын жатқа айту, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіру, қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап беру сынды тапсырмалар беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, ғасырлық қарашаңырақ басылым жолы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов сияқты қайраткерлер негізін қалаған «Ақжол» газетінен бастау алады. Бұл газетте қазақ руханияты мен журналистикасына еңбек сіңірген қаламгерлер мен журналистердің, ел жанашырларының қаламының ізі қалған. Оңтүстік журналистерінің қасиетті қарашаңырағы қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сара саясатын елге кеңінен түсіндіріп, Түркістан өңірінің дамуына үлес қосуда. Газет ұжымы тек журналистикамен шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бастамашы болып жүр. Өңірдегі қаламгер қауымының мәртебелі мектебі болған басылымның ұлт қайраткерлері Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Нәзір Төреқұлов, Қошке Кемеңгерұлы қолдаған газет кейінірек заман лебіне қарай «Еңбекші қазақ», «Ленин жолы» атауларымен жарық көрді. Аумалы-төкпелі заманда да жаңалық жаршысына айналған жүз жылдық басылымға Иса Тоқтыбаев, Хасан Әлиев, Абдулла Байтасов, Қоңырқожа Қожықов, Хади Илаев, Сәбит Алпаров, Жүсіпбек Арыстанов секілді зиялылар басшылық жасады.   

Ал, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамбетов, Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтер өз мақалаларын жариялап, әдебиет пен баспасөздің түрлі жанрларына қалам тартты. Олардың мақалалары мен көркем шығармалары газеттің танымдық және көркемдік деңгейін биікке көтерді. 1932 жылы республика көлемінде бірнеше облыстар құрылды. Облысымыз жеке шаңырақ көтерген кезде «Ленин жолы» газеті «Оңтүстік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Оның редакторы болып әдебиетші ғалым, қайраткер тұлға Бейсенбай Кенжебаев тағайындалды. 

«Оңтүстік Қазақстан» газеті сондай-ақ, бүгінде иісі қазаққа танымал талай мемлекет қайраткерлері мен көптеген ақын-жазушыларды түлетіп ұшырған. Атап айтсақ, олардың арасында Асқар Тоқмағамбетов, Қосжан Мүсірепов, Жақан Сыздықов, Сейділдә Төлешов, Әбіш Байтанаев, Әбен Сатыбалдиев, Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Әлім Тұяқбаев, Нәсіреддин Сералиев, Садықбек Адамбеков, Жұмабек Еділбаев, Омарбай Малқаров, Нәмет Сүлейменов, Жұмамұрат Тұяқбаев, Еркінбек Тұрысов, Байділдә Қонысбеков, Исраил Сапарбай, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы тағы басқалар бар.

Бүгінде облыстың айнасына айналған «Оңтүстік Қазақстан» шын мәнінде өңіріміздің қоғамдық-саяси істердегі насихатшысына айнала білді. Ғасыр құрдасына айналған газеттің мерейтойы киелі шаһарда кең көлемде атап өтілді. Алдағы күндері Фараб кітаханасында басылымның  тарихынан сыр шертетін «Оңтүстік Қазақстан газетіне – 100 жыл» фотокөрмесі, салтанатты жиын және мерекелік концерт өтеді деп жоспарлануда. Өңір руханиятына өлшеусіз үлес қосып жатқан үнпарақтың болашағы баянды болсын!

Дәурен ТІЛЕУХАН.