Start Мәдениет ТҮРКІСТАН: «АТА ЗАҢЫМ- АЙБАРЫМ» АТТЫ АЙТЫС ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: «АТА ЗАҢЫМ- АЙБАРЫМ» АТТЫ АЙТЫС ӨТТІ

«Ата Заңым – айбарым» атты тақырыппен өткен облыстық жас ақындар айтысына он екі ақын қатысып, ата заңымыз туралы жыр мәйегін төгілтті. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет сарайында 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституция күні мерекесіне орай Түркістан облыстық әкімдігінің қолдауымен, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен  «Ата Заңым- айбарым» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Бұл айтыстың басты ерекшелігі, кіммен кімнің айтысатыны, айтыстың тақырыбы алдын ала  хабарланған жоқ. Айтысатын жұп сахнада, көрермен көзінше жеребе тастау арқылы анықталды. Әр ауданнан және Түркістан қаласынан келген он екі ақын өзара бақ сынасып, аламан айтыстың көрігін қыздырды. «Бұлақ көрсең көзін аш» – демекші, негізгі мақсат, «айтыс» атты қасиетті өнерді өмірінің мәніне айналдырған жастарды қолдау, тұғыры биік тәуелсіздікті, ерлікті, елдікті, түрленген, гүлденген Түркістанды, татулықты, достықты жырлау және алда өткелі отырған республикалық «Күміс домбыра» байқауына қатысып, облыстың намысын қорғайтын жеңімпазды анықтау. Бұл күнгі аламанға Аян Ниязбек (Төле би ауданы), Исламхан Мұхамедхан, Нұрдәулет Өмірбек ( Түркістан), Нұрмахан Жақыпбек (Арыс), Мейіржан Жақып, Ахметрасул Баянбай, Даниал Болысбек, Сұлтан Сәуірхан (Отырар), Нұртілеу Төлембек (Бәйдібек), Қазыбек Аманқұл (Сауран), Ердәулет Ыбыраев, Нұрдәулет Тіллабек (Сарыағаш) қатысып, айтыс көрігін қыздырды. Қаншама жыр додасына түсіп жүрсе де, бүгінгі ақындарды «ширықтырып-шыңдау» мақсатында таңдалған жұп пен тақырыпты жеребе тәсілімен анықтаған сындарлы сәттердің қобалжуы мен толқуы байқалды. Олай болуы заңды да. Аламан бәйгеге қатысқан жүйріктер арасында талай додаға түсіп, шыныққандары да, «қиыннан қиыстырар сөз сарасын» енді ғана игеріп жүрген «тебін мұртты» бұла ақындар да бар. Сондықтан салт-дәстүрдің қайнар көзі, шоқтығы биік айтыс өнерінің шыңына шығу үшін осындай аламан айтыстарда ысылудың маңызы зор.

«Ата Заңым- айбарым» атты жас ақындар додасын айтыс және жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының Түркістан облысындағы төрағасы, «Өнер»  мектебінің директоры, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев сөз сөйлеп ашып, жыр бәйгесін жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған қазақ айтысының мақтанышы, «Алтын домбыра», «Құрмет» орден иегері Бекарыс Шойбеков, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Нұралыұлы ауыздығымен алысып, жыр додасын тағатсыздана тосып тұрған жас тұлпарларға сәттілік тіледі:

Күні ертең келе жатқан Ата Заң мерекесі және басталғалы тұрған жаңа оқу жылы, «Білім күні» баршамызға құтты болсын!» – деп бастады сөзін Бекарыс Ақсақалұлы.

– Осы мерекелер қарсаңында Түркістанда тағы бір жыр жәрмеңкесі басталғалы отыр. Оны ұйымдастырып отырған – жастар ресурстық орталығы. Бұл орталық бұған дейін де ұлттық бағыттағы, дәстүрлі бағыттағы жастарға арналған қаншама іс-шараға мұрындық болып жүр. Соның бірі – бүгінгі жас ақындар айтысы. Бұған дейін де, алдыңғы жылдары да өткізілген дәстүрімізді жыл сайын жалғастыратын боламыз. Біздің жүйріктеріміз талай жарыстардан жүлделі оралып жүр. Алматы қаласында өткен дәстүрлі «Асыл домбыра» айтысында Түркістан облысының командасы, соның ішінде, осы ақындар арасында тұрған жастардан құралған команда өздерінің қарсыластарын жығып, «Асыл домбыра» айтысының ақтық сынына жолдама алды. Осы жеңіспен құттықтаймыз және алдағы айтыста сәттілік тілейміз. Бүгінгі айтыстың да оңай болмасы анық. Себебі, айтыс көз алдарыңызда жеребеден өтті. Ақындардың өз арасында ғана емес, тақырыпты таңдауы да жеребеден өтті. Мұның бәрі ақындарымызды көрерменнің көз алдында шыңдап, ширықтыру үшін керек – деп сөзін қорытындылады, айтыскер-ақын.

Одан кейін, Ернар Нұралыұлы сөз алып, мереке қарсаңында ұйымдастырылған іс-шара барысына тоқталып, тағлымы мол жас ақындар додасын өткізу жауапты іс болғанын айтты.

– Қайырлы күн, құрметті жастар! Жастар орталығы жастарға арналған  түрлі бағыттағы іс- шаралар ұйымдастырады. Соның бірі және бірегейі – бүгінгі жас ақындар айтысы.  Тұрақты түрде өтіп жүрген, соңғы екі жылда түрлі себептермен тоқтап қалған айтысты қайта жалғастырып отырмыз. Жастарды ұлттық құндылыққа, рухани байлыққа тәрбиелейік деген мақсатпен үйлестіріп, ұйымдастырып отырмыз. Уақыт бөліп келген әділ қазылар алқасындағы ағаларымызға алғыс айтамыз! Көрермендер бұл бір күндік іс- шара деп ойлауы мүмкін. Бекарыс, Тұрар ағаларымыз, жастар орталығының мамандары бір аптадан бері осында. Мұндай іс-шараны ұйымдастыру да оңай емес. Ақындарымызға ақ жол тілейік – деп түйіндеді сөзін жастар Түркістан облысы жастар ресурстық орталық басшысы.

Бекарыс ақын мен Ернар  Нұралыұлының  «еңіл қолымен» аынған жеребе алғашқы ақындар жұбы, түркістандық Исламхан Мұхамедхан мен саурандық Қазыбек Аманқұлды жұптады. Жеребе арқылы таңдалған тақырып – жасындай жарқ етіп жиырма жасында еліміздің туын Сидней олимпиадасында желбіреткен ер Бекзат Саттархановты жырға арқау ету ақындардың оң жамбасына келгендей-ақ екен. Домбырасын қағып-қағып жіберіп сөз бастаған Исламханның жыр маржанын төгілткен беталысы осыны аңғартқандай еді:

Арқасына аманат таңып келген,

Жаратқан ақынға зор дамық берген.

Он екі ақын алдыңа түгел келді,

Жыр жүйрігін бәйгеге салып көрген.

Қысқасы, бұл МКТУ бөтен емес,

Бұл жерді баяғыдан танып көргем.

Бүгінде бұл айтысты төріне әкеп,

Арнайы ақындарға шабыт берген.

Бұл МКТУ өнерден де алыс емес,

Бекеңді, Бекарыстай барыс келген.

Бекең де осы жерде білім алған,

Жарты сөзі жанына жарық берген.

Бұл МКТУ спорттан да алыс емес,

Саттарханов Бекзатты тауып берген.

Қысқасы, қай түлегің болса-дағы,

Дүниенің додасын жарып келген.

Мен жай ғана екеуін айтып өттім,

Жаратқаным аузыма салып берген.

МКТУ енді қандай арманың бар,

Қай салаға болса да бағыт берген.

Батырың алғаш алтын тағып келген,

Ақының «Алтын домбыра» алып келген, – деп термелей келіп, айтар сөзінің түйінін соңғы екі жолға сыйғызған Исламхан  шаршы топта сөз бастаудың қиын екендігін сырып тастап, «ә» дегеннен-ақ арынын байқатты. Арынды ақынға сүйсіне қол соққан көрермен қауым ол кезде Исламхан Мұхамедханның бас жүлдені қанжығасына байлайтынынан бейхабар болса да, киелі сахнада тегеурінді ақынның отырғанын аңғарып та, пайымдап та үлгерген еді. Айтыс өнерінің жыр жәрмеңкесін қыздыруға ұмтылған алты жұп ақынға қазылық жасап, баға берген сарапшылардың құрамы да «аттарынан ат үркетін» айтыс өнерінің саңлақтарынан құралыпты. Әрине, төрағалық еткен айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбеков. Әділ қазылар алқасының құрамын көрермен қауымның да білгісі келері анық. Кез келген жанға бақ болып қона бермейтін айтыс өнерінің ақтангерлері, қазылар алқасының мүшелерін атап өтер болсақ, «Алтын домбыра» иегері, шашасына шаң жұқтырмас ақын Еркебұлан Қайназаров, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Бимұрат Анарбаев, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, айтыскер ақын  Біржан Байтуов, белгілі дәулескер күйші Жағыпар Қалықұлов, сарапшылар, «Жүрсіннің жүйріктері» Мұрадым Мирланов, Қалижан Білдашовтардың сын тезінен өтіп, жас тұлпарларға жоғары баға алудың оңай болмағаны бесенеден белгілі. Арасында іркілістер, тақырыптан ауытқулар, ақындардың бір-бірінің жеке басына мін айту сияқты «әттеген- ай» болғанменен, бұл күнгі айтысқа жас та болса  талай додаларға түсіп жүрген ақындардың сынға түскенін дәлелдеді. Әрбір ақыннан кем дегенде бір шумақ жылы сөз, оралымды ой, жарасымды әзіл  қалып жатты. Мысалы, Арыстан шыққан жүйрік, «Күміс домбыра» иегері Нұрмахан Жақыпбек пен «Шабыт» өнер университетін бітіріп, туған жерге оралған Нұрдәулет Өмірбектің айтысында көрерменнің делебесін қоздырған сәттер көп болды. Сол күні айтыс тақырыбына сай айтылған шындыққа жанасымды әзілдері де көрерменнің жүзіне күлкі үйірлтті.

Өлеңді өзгешелеу өріп қапсың,

Осылай ел алдында толып қапсың.

Тараздың қыздарына барып ем деп,

Осылай енді мемен жолықпақсың.

Қарбыз сатып жүргеннің әсері ме,

Таразға қатты құмар болып қапсың.

Өнімім жөнді биыл шықпады леп,

Барлығын шегірткелер жеп кетті деп,

Егіншіміз осылай ептетеді.

Нұрмахан осыдан-ақ көрмеймісің,

Жағдайымыз осылай боп кетеді.

Қыздарды шертіп таңдап жүре берсең,

Осылай шегірткелер жеп кетеді, – деп бір сәт қалжыңдап алып, келесі сәтте:

Тұлпар ем тұяғына шоқ батпаған,

Болмайды шабытыма от жақпаған.

Тақырыпты ендеше мен де айтайын,

Ел бізге  сенімдерін текке артпаған.

Кешегі Сиднейден алтын алып,

Қаймықпай Бекзаттай кетті ақтабан.

Жиырмасында жарқылдап найзағайдай,

Қарсыласын  рингте тоқпақтаған.

Ал биыл сол алтынға қол жетпеді,

Спортшылар барса да көп қаптаған.

Мен жастарға сенемін дегендей- ақ, 

Үмітті дұрыс, әлі тоқтатпаған.

Мен сенем төрт қақпалы Түркістанның,

Ұлдары сақтайды деп соқпақты аман.

Төрт жылда Бекзаттардың ізін басқан,

Бір батыр шығарына көп қақпадан.

Өлеңнен ақын едің азық терген,

Тереңнен жырдың кенін қазып келген.

Жеребемен шығарды мына бізді,

Біреуден қап, біреуден озып келген.

Ендеше Нұрмаханға кезек бердім,

Түнімен дайындалып қажып келген.

Суырып сап шапта-шап айтысайық,

Деген сөзді өзі де жазып келген, – деп салмақты қалыпқа ауысады.

Қарсыласына Нұрмахан да әзілмен жауап беріп, одан кейін тақырып бойынша жыр нөсерін төгіп-төгіп жіберді. Таудан аққан бұлақтай сарқыраған нөсер жыр ұлы ақындар көшіне ілесетін көктұйғынның келгенін сездіргендей болды.