Start Мәдениет ЕРБОЛАТТЫҢ ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ

ЕРБОЛАТТЫҢ ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ

Ел үшін белді бекем буып, аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Туған топырағына тер төгіп, қолынан келгенше қолдау білдіретін жандар туралы қалам тарту біздің парызымыз. Әңгімеміздің негізіне көшсек, Ерболат Төреғалиұлы Қуанышев Әйтеке би ауданындағы қоғамдық істерде алдыңғы шептен табылатын тұлға. Дәлірек айтсақ, соңғы бес жыл шамасында Әйтеке би ауданы Белқопа елдімекеніндегі Құлтас баба мешітінің шаруашылық жұмыстарын абыроймен атқарып келеді. Сонымен қатар, Хамит Өтеуұлы ағамыздың Құлтас бабаның зиратын іздестіру сапарында Доңызтауда баспана  құрылысына еңбек сіңірген азаматтардың бірі. Халық игілігіне арналған бірнеше ауқымды жобаларда Ерболаттың сүбелі үлесі бар екеніне ешкім талас білдірмес. Әсіресе, жақында жарыққа шығатын «Құлтас руының шежіресі» кітабын жаңартып, екінші басылыммен жарыққа шығаруға зор үлес қосуда.  Атап айтсақ, шежіре кітабын жаңғыртып, 2008 жылдан 2024  жылға дейінгі ата тарихын жалғау негізінің авторы.  

«Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер»  дегендей  6 ай бойы өз шаңырағында шежірені жаңғырту және ұрпақтарды шежіреге қосу секілді іргелі еңбек жасаған ол, игілікті істе Құлтас руының  бір топ азаматтары қолдау білдіргенін айтады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, жауапты да сауапты істер оң нәтижесін берді. Айта кетерлігі, шежіре кітабына 16 жылда дүниеге келген ұрпақ  6156 (алты мың жүз елу алты) адам енгізілген. Оның ішінде тіркелмей қалған азаматтар да бар. Бұрынғы нұсқа бойынша (2008 жылы шықан шежіре кітапта!) есімдері қате болған 338 (үш жүз отыз сегіз) адамның есімдері түзетілген. Тарихи-танымдық кітапқа  мүлдем енбей қалған ата-әкелер де қамтылған. Оның ішінде соғысқа кетіп оралмаған аталарымыз да бар. Осы ретте Ерболаттың елге сіңірген елеулі еңбегінің бір бөлшегі –  «Құлтас руының шежіресі» кітабы жетелі ұрпаққа жөн сілтейтін рухани бағдар болары сөзсіз.

Ерболат Қуанышевтың тағы бір қыры – ол 12 жылдан бері асық жинауды әдетке айналдырған. Ұлттық өнерді ұлықтауды мақсат еткен азаматтың шеберханасында бүгінде 3 мыңнан астам асық бар. Болашақта ол жиналған асық саны бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, сүйектен түрлі бұйымдар жасау шебердің  хоббиіне айналған.  Мүйізден жасалған садақ, ірі қараның ортан жілігінен жасалған қолшоқпар, мал сүйектерінен безендірілген түрлі аспашамдар мен асықтан жасалған кәдесыйларды Ерболаттың шағын шеберханасынан табуға болады. Шебер қолынан шыққан «жеті ырыс», «жеті қазына», «жеті ұрпақ», «жеті ата» сияқты халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы түсініктердің жілікке, сираққа жазылған көркем үлгілері  шеберхана қабырғасында тізіліп тұр. Қазіргі таңда этно-өнерді қолдаушылар мен тұтынушылардың қарасы қалың екені мәлім. Осыған орай ұлттық бренд қалыптастырып, оны тұрмыстық жағдайға бейімдеу – Ерболаттың болашаққа деген бір мақсаты.

Ірі қараның барлық  сүйегін кәдеге жаратып, одан халықтың рухани-мәдени құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру екінің бірінің қолынан келмейтіні рас. Бүгінде миллиондаған көрерменнің сүйікті жобасына айналған «Қазақстан барысы» турнирі – қазақы құндылықтардың тоғысқан арнасы. Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тартуда маңызы зор жобаның Ақтөбедегі облыстық кезеңінде бозкілемге шығатын балуандарға жеребе үшін Ерболаттың нөмірленген асықтары тұрақты түрде пайдаланылып келеді. Сыртында «Қазақстан барысы» деген жазуы бар арнайы қоржын мен реттік сандар тізбектелген асықтар биылғы турнирдің де ажарын айшықтай түсеріне сенім мол.  

«Ауылын көріп, азаматын таны» дейді дана қазақ. Ерболат Төреғалиұлының атқарып жатқан елеулі еңбектерінен тектілер мекенінен шыққанын аңғару қиын емес. Алтын бесігі үшін атқарған әр ісін перзенттік парызына балайтын азамат ағайынның, ауыл-аймақтың алғысын арқалап келеді. 1975 жылы 30 шілдеде Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Көрпе ауылында дүниеге келген ол қазіргі таңда жеке кәсіппен айналысуда. Бағы мен ырысы жарасқан жанұяның отағасы ретінде көпке үлгі болған жан жұбайы Айнагүл Аманкелдіқызымен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Бүгінде балалары Дастан мен Ақжүніс алғырлығының арқасында Түркия мемлекетінде оқып жатыр. Ал кейінгі балалары мектеп қабырғасында білім алуда. Меншікті мерекесі қарсаңында жастар қауымы осындай іскер ағаларының ілкімді істерінен үлгі алса деген оймен жариялап отырмыз. Ердің жасына қадам басқан азаматтың алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз!

Дәурен ТІЛЕУХАН.