Start Мәдениет «ASSYLTAS» ДАУЫ: ЖАС ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

«ASSYLTAS» ДАУЫ: ЖАС ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Биыл дәстүрге айналған  ASSYLTAS стипендиясына үміткерлер тізімі анықталып, әр сала бойынша алты номинант белгілі болған еді. Байқаудағы «Әдебиет» атылымы бойынша дауыс беру кезеңінде жоғары ұпай жинаған  үш қаламгер Қанат Әбілқайыр, Әлихан Жақсылық, Мирас Асан келесі кезеңге өткен болатын. Аssyltas.kz сайтында өткен бірінші кезең 16 желтоқсанда қорытындыланып, нәтижесінде 6 511 дауыспен Әлихан көш бастаған болатын. Ал жазушы Қанат Әбілқайыр 5564 дауыс, ақын Мирас Асан 3201 дауыс жинаған. Байқау қорытындысы қазылардың шешімімен жүзеге асады. Осыған орай, бүгін Facebook желісінде жарияланған  жазушы Әлихан Жақсылықтың жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Оқырманға түсінікті болу үшін жазбадан үзінді жариялап отырмыз.

««Асылтастан» қағылдық! Кім алатыны туралы 2 апта бұрын шешіліп еді! Сонда да сенбей соңына дейін бақ сынап көрдім. «Алтын Бұғы» алған күні Қанат Әбілқайыр жекеге хат жазып, «тамырымды басып» көргендей болып еді. Хат төменде тұр! Сол кезде ағаның біртүрлі сөздеріне мен «Асылтас» степендиясы шешіліп қойса, мен қаратер болмайын, бәйге жолынан шығайын дедім.  Бірақ Қанат «Одан да бас тарта салам ғой» деп өзіне тиесілі екенін танытып отырғандай… Одан соң менің жүлдемді қаралап жазған мақаласы келді. Өзі жекеме жіберді. Жариялаңыз деп едім, жариялаған жоқ… Ол да төменде, қаз қалпында беремін. Ұйымдастырушылар бүгін «әділ қазылар сізге дауыс берген жоқ, себебі сізді оқымаған екен» деді. Сонда олар 20 күн бойы оқымай, бізбен таныспай не істеп жатыр? Әділ қазының бәрі Алматыда тұратындықтан, бір-бірін күнде көретіндіктен кімге берілетіні де түсінікті.

Уа, Дулат Мырза! Алдын ала шешіп қойыпсыздар, неге дауысқа салдыңыздар? Сонда халықтың маған берген дауысына түкіріп отырсыз ба? 6500 адамға?». Сондай-ақ, байқау басталғанда жазушы Қанат Әбілқайырдың Әлиханға  психологиялық қысым жасап, оның Ұлыбританиядан алған әдеби жүлдесі хақында жекесіне жазба қалдырғаны да көпшіліктің наразылығын тудырды.

Әлиханның сөзінше, байқаудың бірінші кезеңі аяқталмай тұрып, әділқазылар шешімі шығып қойған. Қатысушылардың еңбегімен таныспаған қазылар алқасының шешімі қаншалықты дұрыс? Ұйымдастырушылардың бірімен телефон арқылы байланысқа шыққанымызда «Әлихан Жақсылыққа 30 дауыс, Қанат Әбілқайырға 47 дауыс, Мирас Асанға 43 дауыс берді…» деп, кейін анық ақпаратты қор директорынан сұрауымызды өтінді.

Аталған дау төңірегінде ASSYLTAS қоғамдық қорының директоры Рауан Оқасқа сауалдарымызды жолдаған едік. Рауан мырзаның айтуынша, қазылар алқасы қатысушылардың тек аты-жөнімен ғана емес, шығармашылығымен де таныс.

– Біз байқауды 2 кезеңге бөлу себебіміз – Жазушылар одағымен келісе отырып, халықтың пікірін ескере отырып биыл жемісті еңбек еткен 6 қаламгерді таңдадық. Бізге хат жазушылардың арасында «Үміткерлер арасында Мирас Асан болса екен» деген секілді хаттар болды. Біз ұсынысты тіркедік. Сол сияқты биыл Әлихан Жақсылық та бізге өзі хабарласып, ұсыныс жасады. Барлық талаптарға сай болған соң оны да қостық. Басқа үміткерлерді де талап бойынша таңдадық. Ал бұл жерде қалай әділетсіз өтті деуге болады? Біз бірінші кезең халық дауысымен анықтадық. Мүмкін өзіміздің фаворитіміз болса, ол дауыс санымен бірінші кезеңнен өтпей қалуы да мүмкін ғой?.. Біз 5 жыл қатарынан осы форматта өткізіп келе жатырмыз. Бірінші кезең бойынша 3 үміткер келесі кезеңге жолдама алып, ал екінші кезеңде 20 әдебиет саласындағы тұлғалардың дауыс беріп, сол бойынша жеңімпаз анықталады, – дейді Р.Оқас.

Ал «онлайн сайтта дауыс беру 16 желтоқсанда аяқталса, жарты күннің ішінде қалай қорытынды жасап үлгердіңіздер? Егер қазылар алқасынан 2 апта бұрын пікір алынып қойса, бұл байқау шартына қарсы емес пе?» деген сұрағымызға қор директоры:

– 16 желтоқсанда дауыс беру аяқталғаны рас. Біз жарты күннің ішінде қорытынды жасап үлгермедік және еш жерге ресми жарияламадық. Сондықтан да Әлиханның желідегі әңгімелері құр байбалам деуге болады, – деп жауап берді. Әлиханның болжамы бойынша байқау жеңімпазы –  Қанат Әбілқайыр. Қазылар алқасының шешімі шығып қойған. Бұл туралы Әлиханға байқау ұйымдастырушылары хабарлаған. «Байқау жеңімпазы екі апта бұрын белгілі болса онлайн дауыс беру неге 16 желтоқсанға дейін жалғасты» дейді жас қаламгер.

Оқырман қауымды ойға қалдырған даулы доданың шешімі алдағы күндері жария болмақ. Байқау қорытындысы бойынша аталған степендияны Әлихан болжаған қаламгер иеленетін болса, жеңімпаздың алдын ала белгілі болғаны дұрыс деуге бола ма? Жауабын оқырманның өзіне қалдырдық…

Dingek.kz