Start Мәдениет САХАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНЕ САЯХАТТАДЫ

САХАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНЕ САЯХАТТАДЫ

Ресей Федерациясының құрамындағы Саха (Якутия) Республикасынан келген журналистер Түркістан өңіріне саяхаттап, тарихи орындарды аралады. Баспасөз турында шетелдік қонақтар көне Отырар қалашығы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінің тарихымен танысты. Шығыс моншасы жайында деректерге қанығып, жәдігерлердің құндылығына деген таңданыстарын жасырмады.
Меймандардың құрамында БАҚ өкілдері және ардагер журналистерден құралған жалпы саны 25 жан бар. Ауа райының қолайлылығына ризашылығын білдірген олар Қазақстанға жасаған тұңғыш сапарларынан ерекше әсер алғандықтарын алға тартты. Түркі әлемінің рухани-мәдени астанасы саналатын Түркістан шаһарымен тек әлеуметтік желі арқылы ғана таныс шетелдіктер естелік суретке түсіп, саяхат жасауға мүмкіндік сыйлаған ҚР Журналистер Одағына өз ризашылықтарын жеткізді.
Келесіде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің студенттерімен кездесіп, түркітілдес елдер арасындағы байланыстың нығая түсуіне сеп болар келелі әңгімелер өрбітті. Меймандар құрметіне жайылған ақ дастарханнан дәм татқан сахалықтар қазақ елінің қонақжайлылығына алғыстарын жаудырды.