Start Басты жаңалықтар «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» АЯСЫНДА ӨТКЕН ҚОС БАЙҚАУ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» АЯСЫНДА ӨТКЕН ҚОС БАЙҚАУ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығында Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой…» республикалық әдеби байқауы мен «Түркістанды бірге түлетейік» шығармашылық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш байқауларға республикамыздың барлық өңірінен 100-ден аса қаламгер мен әлеуметтік желі қолданушылары қатысып, бағын сынады.
Марапаттау рәсімін Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов ашып берді.


«Мұндай байқаулардың өтуі – руханият саласына үлкен серпіліс алып келеді. Байқауға түскен тың туындылар, маңызды мәліметтер арқылы Түркістанның тарихын өскелең ұрпаққа жаңаша бағытта насихаттай аламыз»,- деген Дамир Дәулетұлы қатысушыларға алғысын білдірді.


Түркі елдерінің рухани астанасы, жас облыс орталығы Түркістан қаласының терең тарихын жырлау, шығармашыл жандардың туындысына серпін беріп, олардың тың дүниелерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой…» республикалық әдеби байқауы поэзия және проза жанрлары бойынша өткен болатын. Қазылар алқасының шешімімен тақырыпты тереңінен толғап, отты шығармаларымен ерекшеленген Қызылорда облысының тумасы Толыбай Абылаев Бас жүлдеге ие болды. Жүлделі 1 орын Қарағанды қаласынан қатысқан Жанат Жаңқашұлына берілсе, Түркістандық Батырхан Сәрсенхан 2 орын, Қостанай облысынан Ақылбек Шаяхмет 3 орынды қанжығасына байлады. Маңғыстау облысынан Асылбек Жаңбырбай, Көкшетаулық Қуаныш Оспан, Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Олжас Қасым және Түркістан облысынан Айдар Сейдәзім мен Дәурен Тілеуханға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Байқауға ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегман, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай, белгілі жазушы Есқара Тоқтасын қазылық жасады.


Түркістан қаласын дамытудың кешенді жоспарлары мен оңтайлы өзгерістерін кең көлемде насихаттау мақсатында жарияланған «Түркістанды бірге түлетейік» шығармашылық байқауына 20-дан аса әлеуметтік желі белсенділері қатысуға ниет білдірген болатын. «Айқын» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Тельман Бейсен, белгілі журналист Бауыржан Бердімұратов, қалалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Мәлік Әлмахан қазылық жасаған байқаудың «Әлеуметтік желідегі жарияланымдар» аталымы бойынша 1 орынға белгілі журналист, «Южный Казахстан» газетінің бас редакторының орынбасары қызметін атқарған, марқұм Кеңесбай Исмайловтың жұмыстары лайық деп танылып, жүлдесі ұлы Сейдулла Кеңесбекұлына табысталды. 2 орын Иманқұлова Несібелі Ғайбуллақызына, 3 орын Шорабекова Жансая Әбдіәліқызына бұйырды. Ал, ынталандыру сыйлықтарымен Дәурен Болыс, Привалов Владимир марапатталды.
«You Tube каналындағы имидждік бейне түсірілім» аталымы бойынша 1 орын Бейбіт Қазыбековке берілді.