Start Мәдениет „ӘР ТЫҢДАРМАНҒА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ!“

„ӘР ТЫҢДАРМАНҒА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ!“

Ералхан Бейсенов – Шымкент қаласынан шыққан жас әнші. Оның танымал болуы кездейсоқтық емес, өнерге деген құштарлық пен еңбектің арқасы. Бүгінде ол тыңдармандарының жүрегінен орын алып, жаңа қырынан көрінуге дайын таланттардың бірі. Біз жас әншіден оның өнер жолындағы бастамалары, жетістіктері және болашақ жоспарлары жайында сұхбат алдық.

Өнерге алғашқы қадам

Ералхан кішкентай кезінен музыкаға әуес болған. Балалық шағында үйде пульт ұстап, әншілердің орындауындағы әндерді айнытпай қайталағанын күліп еске алады. «Мектеп кезінде бұзық болдым, көп мұғалім менің болашағыма күмәнмен қарады. Бірақ уақыт өте келе ерекше дауысымды мойындады», – дейді ол. Фатима есімді музыка пәнінің мұғалімі жас баланың бойындағы талантты байқап, оған сенім артып, өнер әлеміне жол ашқан. Бірнеше жыл қатарынан түрлі мектепішілік және қалалық байқауларда топ жарған жас әнші уақыт өте өзінің ерекше қоңыр дауысын қалыптастырып, әншілік жолын нақты таңдаған.

Арбаттан сахнаға дейін

Шымкент қаласындағы Арбат алаңында өнер көрсету Ералхан үшін үлкен мүмкіндік болды. «Арбатта ән айтып жүрген видеом TikTok және Instagram желілерінде таралып, көпшіліктің назарын аударды. Басында ондай танымалдықты күтпедім. Дегенмен бұл жағдай өнерге деген сенімімді нығайтты», – дейді әнші.
Осы бейнежазбалардан кейін Ералхан түрлі әндердің кавер нұсқаларын орындай бастады. Әлеуметтік желілерде оның орындауындағы «Қорықпа», «Жылаған жүрек», «Мұзды еріткен» сияқты әндері үлкен танымалдылыққа ие болды. «Көшеде көрген адамдар мені танып, суретке түсіп жатты. Бұл мені жаңа әндер жазуға және өнерді кәсіби деңгейде жалғастыруға ынталандырды», – деп бөлісті ол.

Өнер жолындағы жетістіктер

Ералханның репертуарында қазір төрт ән бар: «Қорықпа», «Жылаған жүрек», «Мұзды еріткен» және «Алғашқым». Бұған қоса, жуырда тыңдармандарына «Жүрекпен ойнама» атты дуэтін ұсынуға дайындық жүргізіп жатыр. Әнші көбінесе лирикалық жанрды ұнатады. Оның айтуынша, баяу ырғақты әндер тыңдармандардың жүрегіне оңай жол табады.
Ералхан Қазақстандық Ninety One, Садраддин, Qarakesek сынды танымал әншілермен бір сахнада өнер көрсетіп үлгерген. Бұл тәжірибе оның шығармашылық деңгейін жаңа белестерге көтеруге ықпал еткен.
Ералханның айтуынша, оның әндері TikTok желісінде жиі speed-up форматында тарап жатады. «Бұл маған кедергі емес, керісінше, танымалдылығымды арттырды», – дейді әнші.

Өнерге деген көзқарас және болашақ жоспарлар

Жас әнші шетелдік және қазақстандық орындаушылардан шабыт алатынын жасырмайды. «Джастин Бибер, The Weeknd сияқты орындаушыларды тыңдаймын. Ресейлік әншілерден Джонидің шығармашылығы ұнайды. Осы тәжірибелерім арқылы Қазақстанда жаңа музыкалық форматты дамытқым келеді», – деп бөлісті ол.
Қазіргі қазақ музыкасына қатысты пікірінде, ол музыкалық индустрияның жаңашылдыққа бет бұрғанын ерекше атап өтті. «Бұрынғы әндер жаңа нұсқада жаңғырып жатыр. Бұл қазақ музыкасының дамып келе жатқанының белгісі», – дейді Ералхан.

Сұхбат соңында Ералхан жанкүйерлеріне алғысын білдіруді ұмытпады: «Менің жетістіктеріме қолдау көрсеткен әр тыңдарманыма алғысым шексіз. Алдағы уақытта үміттеріңізді ақтайтын жаңа туындыларыммен қуантамын».
Ералхан Бейсенов – тек талантты әнші ғана емес, өнерге деген адалдығымен ерекшеленетін жас дарын. Оның шығармашылығы әлі талай тыңдарманның жүрегін жаулап, биік шыңдарды бағындыратынына сенімдіміз.

Арайлым МҰРАТБЕК,
ХҚТУ, 4-курс студенті.