Start Мәдениет Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» және оның аудармалық ерекшелігі жөнінде

Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» және оның аудармалық ерекшелігі жөнінде

Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» – тек сопылық әдебиеттің көрнекті ескерткіші ғана емес, түркі халықтарының ежелгі рухани ескерткіштерінің бірі болып табылады. Яғни Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» еңбегін біз Махмұд Қашғаридің «Түркі тілдерінің сөздігі», Сайф Сараидің «Түрікше Гүлстаны», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы», Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырған кітабы» т.б. түркі ренессансы дәуіріндегі аса танымал туындылар қатарына жатқызамыз.

Орта Азиядағы аса ірі қайраткері, ислам дінінің гүлденіп, өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан Қожа Ахмет Яссауиді біз, жалпы түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының әдеби-мәдени өміріне бар қажыр-қайратын арнаған шығармашыл тұлға ретінде танимыз. Қожа Ахмет Яссауи – ислам дінін ұстанатын барша түркі халықтарының ортақ ұстазы, біздің халықтарымыздың материалдық құндылықтарға шексіз табынудан, пенделік пиғылдан биік тұратын асқақ рухының символы екендігі сөзсіз.

2016 жылды ЮНЕСКО бойынша «Яссауи жылы» деп жариялаған болатын. Мұның өзі Қожа Ахмет Яссауидің барша адамзаттық қазынаға қосқан үлесін ескергендік, сонымен қатар біз үшін үлкен мақтаныш. «Яссауи жылы» ауқымында еліміздің түкпір-түкпірінде Қожа Ахмет Яссауи еңбектерін насихаттап таныту тұрғысында көптеген игі істердің атқарылғаны сөзсіз және соның бірегейі – Көкшетау қаласында ұйымдастырылып отырған ғылыми конференция және Қожа Ахмет Яссауи хикметтері Көкшетау нұсқасының кітап болып жарық көруі болып отыр.

Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» еңбегі және оның мазмұн-мағынасы, түркі халықтарына соның ішінде қазақ халқына оның ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты тұстары туралы көптеген ғалымдар мен зерттеушілердің бүгінге дейін жинақталған толайым деректер базасы бар. Біз олардың бәріне тоқталып жатпастан, аталған еңбектің қазақ тіліне аударылу жағдайы, олардың ерекшеліктері жайында тоқталатын боламыз.

Осы ретте, «Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» және басқа да еңбектері қазақ даласына қашаннан бері қаншалықты деңгейде танымалдыққа ие болып келді? Күні бүгінге дейін «Диуани Хикметті» кімдер тәржімалады?» деген сұрақтар төңірегінде біраз мәліметтерге тоқталуды жөн көрдік.

Адамзат қоғамы өзінің сан мың жылдық даму кезеңдері барысында жаңа рухани биіктерді бағындырып отырды. Сонымен қатар тарихи, геосаяси, климаттық және т.б. факторларға байланысты қол жеткізген рухани биіктігінде тоқыраулар мен күйзелістердің де жиі орын алып отырғаны белгілі.

Ұлы Дала төсіндегі түркі халықтары өмірінде ҮІІІ ғасырдан бастап Ислам дініні маңызды факторға айналды. Тарихтан белгілі, 961 жылы Қарахан мемлекетінде ислам мемлекеттік дін деп жарияланғаннан бастап, бұл үрдіс тіпті қарқын алғаны белгілі. Ежелден бір құдайлықты қолай көрген тәңіршіл түркілердің ендігі өмір сүру салты исламмен тығыз байланыста болғанымен, жалпы ислам, соның ішінде Орта Азиядағы түркілік ислам ХІІ-ХІІІ ғасырларда рухани тоқырауды бастан кешірді. Бұл ислам дінінің өз ішіндегі консервативті бағыттардың күш алуы мен Ислам әлеміне Батыс пен Шығыстан қатар жасалған шапқыншылықтарына байланысты еді. Осы кезең туралы Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінде біршама айтылады. Соның бірі мынау:

Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті.

«Күннен күн бетер» деген хадис жетті.

Пайғамбар айтқандарды келіп жетті,

Бұл дүниені қараңғылық басты достар.

Дінсіз, ұстаздарға еш қауіп жоқ.

Дүние малын жиып, еш тояры жоқ.

Ұшып, қонып, өлімнен еш хабары жоқ.

Ол жанның діні дүние болды көргін [1].

Бұл ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағындағы»:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты [2], –

дейтін халмен ұқсас кезең еді. Қоғам өміріндегі осындай тығырықтан шығаратын жолды тауып, халықты жарқын жолға бастайтын, өз дәуірінің феномені туып шығатыны сөзсіз болса, түркі әлеміндегі осындай тұлғаның бірі де бірегейі Қожа Ахмет Яссауи болды.

Қожа Ахмет Яссауиді «мұндай тұлғаның бірі» деп алып отыруымыздың өзіндік мәні бар екені белгілі. Кез келген халықтың рухани-мәдени болмысын сақтауға деген құлшынысы, өзге мәдениеттің екпінді экспансиясына қарсы күресі үнемі жүріліп отыратын құбылыс десек, ХІІ ғасырда діни дәстүр ұстанымы, мемлекеттік басқаруда араб-парсылық ықпалдың тым артып кетуі түркі әлемінде осыған қарсылық тууына әкеліп соқты. Тарихи дәуір толқынының қайталанатын ескерсек, мұны Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы тұсындағы Қазақстан мен Орта Азиядағы түркі әлемінің мәдени-рухани ахуалымен егіздей салыстыра аламыз. Сонау ұлы бабалар Махмұд Қашғари, Ахмет Жүйнеки, Қожа Ахмет Яссауи және басқа ғұламалардың аса үлкен қажыр-қайраты арқасында біртіндеп қолданыстан қалуға айналған түркі тілі мен әдебиеті, дәстүрлі діні қуаттанып, ренессанс дәуірін бастан кешіргені, сол қуатты екпіннің күні бүгінге дейін азық болып отырғаны айқын. Бұл жөнінде Қожа Ахмет Яссауи былай деп жырлайды: (Әбибулла Мұхамеджанов аудармасы):

Қоштамайды ғалымдар, сіздің айтқан түркіңді,

Даналарды тыңласаң, ашар көңіл мүлкіңді.

Аят-хадис мағынасы, түркі болса, сайма-сай,

Мағынасына жеткендер, жерге қояр бөркіңді.

Қазы мүфті, молдалар, шариғатқа жолбасшы,

Нағыз ғашық алып-дүр, тарихаттың әркіні…

… Қожамын деп лепірме, өшбу дүние би паян,

Білемін деп айтпас сен, көңілдегі шәркіні.

Раһнама дүр, Қожа Ахмет, гүлстан дүр мағрифат,

Сөйлер сөзі ақиқат, ашар көңіл құлпыңды.

Міскін зағип Қожа Ахмет, жеті атаңа рахмет,

Парсы тілін білемін, құп көремін Түркімді! [3]

Осы бір жолдардан біз Қожа Ахмет Яссауидің түркі тіліне деген зор махаббатын анық танимыз. Түркі тілін ұмыттырмай ұрпағына аманаттаған жеті атасына рақмет айтуы осыны меңзейді. «Парсы тілін білемін, құп көремін Түркімді!» деген жолдағы айтылар ой ХХ ғасырдағы қазақтың дана ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дейтін афоризмге айналып кеткен ойымен үндесіп жатыр. Ал ХХІ ғасырдағы қазақ ақыны Алмас Темірбай бұл ойды «Өз тіліңді бәрің біл, Өзге тілді құрметте!» деген уәжбен байытқан болатын.

Демек, түркі халықтарының (қазақ деп ұғуға болады) өзіндік дәстүрлі салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи өз ішінен толып жатқан тармақтарға бөлінетін сопылық ағымның түркілік дәстүрін қалыптастырды деуге болады.

«Ислам дінін тану, ұстану тек араб тілі мен дәстүрі арқылы ғана жүзеге асуы тиіс» деген ұғымға соққы беріп, түркі-шағатай тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне жаңа тыныс берген Қожа Ахмет Яссауидің бұл өнегелі жолының көрінісін ХІХ ғасырдағы Шағабуддин Маржани, ХХ ғасырдағы Исмаил Ғаспыралылардың іс-қызметінен аңғаруға болады. Түркі халықтарының ежелден келе жатқан ауыз әдебиеті дәстүріне негіздей, шығыстық, түркілік өлең формаларының мүмкіндігін пайдалана отырып, Қожа Ахмет Яссауи негізінен трактаттар түрінде жеткізілуге бейім исламдық ұғымдар мен қағидаларды поэзия тілімен баяндау үрдісін қалыптастыруы түркі халықтарының мұсылманшылықты етене қабылдауына барынша игі әсер еткені анық.

Қазақ даласына сонау орта ғасырлардан бері мәшһүр болған «Диуани хикметтің» түпнұсқасы әлі күнге табылмағандығын ескерсек, ғасырлар жүзіндегі аталған еңбек фольклорлық туынды сипатына бойына сіңіргенін байқаймыз. Көкшетаудан табылған кітапты қарастыру барысында қолымыздағы өзге басылымдардан біршама өзгешелікте болуын біз осымен түсіндіреміз.

Жалпы алғанда «Диуани хикметтің» қазақ тіліне аудару Стамбұл, Ташкент, Қазан, Тегеран нұсқалары арқылы жүзеге асырылып отырғанын атап өткен жөн. Осылардың ішіндегі ең толығы – 149 хикметтен тұратын Қазан басылымы.

Ал қазақ тіліне аударушылардың қатарында кәсіби әдебиеттанушылар, тілшілер, діни ғұламалар, ақындар мен жазушылар бар.

Олардың қатарында Асқар Тоқмағамбетов, Әбраш Жәмішев, Мұхамедрахым Жармұхамедов, Есембай Дүйсенбаев, Әбубулла Мұхамеджанов, Мақсұт Шафиғи, Ғалия Қамбарбекқызы, Сәрсенбі Дәуітұлы, Светқали Нұржанов, Қуанышбек Қари, және т.б. Бұл тәржімашылардың қатарына Көкшетау нұсқасын аударған ғалым Иманғазы Нұрахметті де қосамыз.

Әр дәуірдің өзіндік ауанына байланысты, аудармалардың да сапалық деңгейі әр түрлі болу себебі турасындағы жазушы Сейфолла Оспановтың Жарасқан Әбдірашев пен Есенбай Дүйсенбаев аудармалары жөніндегі мына бір пікіріне көңіл бөлейік: «Бұл екеуінің де нұсқалары бүгінгі күн талабының биік үдесінен көрінетін, шашасына шаң жұқтырмастай болып мінсіз шыққан. Бұл екеуінің де нұсқалары бүгінгі күн талабының биік үдесінен көрінетін, шашасына шаң жұқтырмастай болып мінсіз шыққан. Бірақ кейбір әңгіме-жарлардың сол құйма құлақ дана қарттардың аузынан естілгендей болып әсерлі шықпағаны байқалады. Бірақ аударманың бұл кемшін тұстары жырды оқығанда аса аңғарылмай, оның орны әсем әрге ие болып, өзгеше күйде өз әлеміне мойындырары анық» [3, 8].

Біз мақаламызда «ананың аудармасы жақсы, мынаның аудармасы оған қарағанда нашар, солғындау» деп баға беруді мақсат тұтқан жоқпыз және ол адами әдепке де жатпайтыны анық. Әрі аударма ісінің, соның ішінде сан ғасырлар бұрын жазылған, өз дәуірінің тілдік-танымдық сипатын бойына сақтаған көне жазбаларды аударудың қаншалықты қиын екенін «Көкшетау нұсқасы» аудармашысының мына сөздерінен байқауға болады: Хикметтерді аударуда көркем аударма жасамай, ғылыми ау­дарма жасауға тырыстым. Себебі ортағасырлық поэзияның өзіне тән поэтикасының бұзылмауын басты назарда ұстадым. Бүгінгі Қожа Ахмет Ясауи оқырманның ұғымына шақтап мүлде көркем аударма жасалса хикметтердің поэтикасын сақтау қиын. Мысалы, Әзіреті Әліге байланысты айтылатын:

Қолындағы жарағы зұлбұқары,

Шабысқанда ұзарар қырық қары, –

деген жолдар бар. Осы тұрған бетінде «қары» дегеннен басқа түсініксіз бір сөз жоқ. Бұрынғы аудармаларда «қырық қары» деген сөзді «қырық қыры» деп аударылған екен, бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Қылышта қырық қыр болмайтыны өзінен-өзі түсінікті жай. Қар – қазақтың ұзындық өлшемі. Бір қар – жарты құлашқа тең. Ауызекі тілде, өлең жолдарында бір құлашты бір қар деп айта береді. Бұл жерде де бір құлаш деген мағынада берілген» [4].

Жалпы аударма жасауды – терең білімді, біліктілікті, ой ұшқырлығын, сонымен қоса идеялық бойұсынушылықты талап ететін өте нәзік шығармашылық өнер деп атаған болар едік. Осы тұрғыда америкалық лингвист Дж. Касагранденің аударманы жалпы сипатына қарай 4 түрге бөлгеніне назар аударайық: «1. Прагматикалық аударма. Мұнда хабарламаны барынша дәл жеткізу көзделеді. 2. Эстетикалық-поэтикалық аударма. Әдеби немесе эстетикалық тұрпатты жеткізеді. 3. Этнографиялық аударма – түпнұсқаның мәдени контексін түсіндіреді. 4. Лингвистикалық аударма. Бұл жерде түпнұсқа морфемаларының мағыналары көрсетіледі» [5]. Дегенмен, «Диуани хикметті» аудару барысында жоғарыда аталған сипаттың төртеуі бірдей қатысу мүмкіндігі барын біз жоққа шығара алмаймыз.

«Диуани хикметтің» біздің қолымыздағы сапалы аудармалардың бірі – әйгілі ақын Күдеріқожаның ұрпағы, белгілі драматург-жазушы Қалтай Мұхамеджановтың ағасы Әбибулла Мұхамеджановтың тәржімасы. Әбибулла Мұхамеджанов кезінде Қожа Ахмет Яссауи еңбегін төрт рет аударған екен. Жоғарыда түркі тіл туралы хикметтің Әбибулла Мұхамеджанов аудармасы берілген болатын. Біз мағыналық өзгешелік пен сәйкестік тұрғысында түркістандық нұсқа мен көкшетаулық нұсқаны да беріп отырымыз. Түркістандық нұсқада:

Қоштамайды ғалымдар біздің айтқан түркіні,

Арифтардан есітсең ашар көңіл мүлкіні.

Аят, хадис мағынасы түркі болса лайық,

Мағынасына жеткендер, жерге қояр бөрігін [1, 25], –

деп берілсе, Көкшетау нұсқасында аталған шумақтың мынадай түрде, азғана айырмашылықта берілгенін көреміз:

Қостамайды ғалымдар, бізнің айтқан түркіні,

Ариф [1] ғашық естісе ашар көңіл мүлкіні,

Аят, хадис мәнісге түркі болса муапық [2],

Мағынасына жеткендер жерге қояр бөркіні[2,35].

Иманғазы Нұрахметұлының өз аудармасындағы әрбір түсініксіз сөздерді жақшаға ала отырып, хикемттердің соңында түсініктемесін беріп отыруы – тәржімашының ұтымды қыры деуге болады. Біз мысалға алып отырған шумақтағы ариф – «кешірек оянған, кеш көзі ашылған адам» , муапық – «лайық» деген мағынаны беретін сөздер екендігін көреміз.

Бірнеше нұсқаларды мазмұндық тұрғыда салыстырып қарау барысында хикметтердің жалпы мазмұндық-құрылымдық көпнұсқалығы аңғарылғанымен, идеялық қазығы өзгермейтінін көреміз. Мысал үшін «Әнтал-һади» хикметін алайық. Көкшетау нұсқасында былайша аударылған:

Құлһу Алла, сұбһан Алла – дін қамшысы,

Ораза, намаз тәспих таһил әм елшісі.

Пірмұған шәкірттердің жолбасшысы,

Құлым деп жолға салғын, «Әнтәл-һади», –

десе, Әбибулла Мұхамеджанов аудармасында:

Құлһу Алла, Сұбхан Алла, дін қамшысы,

Рауз-Махшар тәсбих, тәхлил Хақ елшісі,

Кәміл пірім тәлибтердің жолбасшысы,

Қолым тұтып, жолға салғыл, Әнтәлһади[3, 122], –

дейді. Екі аударма да көңілге қонымды шыққан. Мұндағы Пірмұған – «жол көрсетуші кәміл ұстаз» деген мағынаны беретін сөз екенін, тәліб пен шәкірттің діни иерархиялық тұрғыда задап айырмашылыққа ие екендігін, «пірге қол беру» – сопылықтың бір шарты екенін ескерсек, Әбибулла Мұхамеджанов аудармасы – этнографиялық аударма категориясына сәйкес келетінін аңдаймыз.

Сондай-ақ академик Мұхтар Әуезовтің аударма теориясы жайлы мына бір пікірін де ескерген жөн: «Бірінші – сөзбе-сөздік, әріпқойлыққа негізделген аударма. Екінші – еркін аударма, аудармашының әңгімелеп отырғанына өте ұқсас келеді. Соңғысы аударманың өте қонымды ғылыми дәлелденген түрі – шығарманың мазмұнын да, формасын да толығырақ беретін ғылыми дәл, балама аударма» [6]. Осы тұрғыдан алғанда белгілі ақын, Светқали Нұржановтың хикемттік аудармаларын еркін аударма, сонымен қоса этнографиялық сипатты аударма деуге болады.

Мысалға, жоғарыдағы келтіріліген шумақтың аудармасы алынды:

«Құл һу Алла» Сүбхан сөзі – қамшы-дағы,

Ораза, намаз, тәхлил, тәсбих – жаршылары.

Пірмұғандар тәліптердің шамшырағы,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Біз осы тұста «Диуани хикметті» аударудағы аса үлкен жауапкершілік жөніндегі ақын, аудармашы Светқали Нұржановтың пікірін қоса беруді жөн көрдік.

Менің әрбір хикметім – зор ғалам,

Арманда өлер естімеген, сорлаған.

Хикметтерім – хадистің кен-мазмұны,

Ұқпағандар – адамзаттың азғыны.

Хикемттерім – келген пәрмен Сұбханнан,

Бар мағынасы Құран оның, ұқ қарғам!» [6], –

деген Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерді жазудың мәні мен маңызын түсіндірер шумағын келтіре отырып, тәржімашы былай дейді: «Қаншама ақындар хикметтерді тәржімалағанымен түпнұсқаға жетпей жататындығының басты себебі осында жатыр. Соған қарамастан хикметтерді аударуға ұмтылушы қаламгерлер жоқ емес. Бұл, әрине, құптарлық мәселе. Десек те мұның асқан жауапкершілікті, терең білімділікті, жан-жақты зерттеуді талап ететін дүние екендігін бір сәтте естен шықпауы қажет. Ясауи (р.ғ.) бабамыздың қолда бар хикметтерінің бәрін аз уақыттың ішінде бірден аударып бастыра салу бұл мәселеге атүсті қарағандық болар еді» [6, 5].

«Жақсы аударылған көркем аударма – сол тілдегі төл шығармалармен бірге өсіп, жымы білінбей біте қайнап сабақтасып кетеді. Ел мен елді таныстырады, жақындастырады, ұлттық мәдениетті байытады. Мұнда автор мен аудармашы өнер жарысына түседі, тіл мен тіл жарысқа түседі. Бұл – ел мен елдің өнер жарысы. Демек, аударма шығармалар ұлттың ұлылығын, елінің елдігін дәлелдеудің бір жолы» [8], – деген пікірге саятын болсақ, Светқали ақынның аудармасындағы хикметтердің таным-түсінігімізге тым етенелігі аудармашының шеберлігі мен ақындық әлеуетін, сонымен бірге яссауилік ілімнің нәзік иірімдерін түйсіне, бойлай алғандығымен түсіндіруге болатын сияқты.

Біз алып қарастырған хикметтің өлең құрылысы – әрбір тармақ 11 буынды, бастапқы үш тармақ шұбыртпалы ұйқаспен келіп отырады да, төртінші тармақ жарлай арнау немесе көңіл ұйқасы сипатында болады. Бұдан өзге Қожа Ахмет Яссауи хикемттерінде өзіндік ерекшеліктер де барлығын атап өткен жөн. «Алдыңғы үш жол бір ұйқаспен келіп, соңғы төртінші жол бастапқы шумақтың екінші, төртінші жолдарындағы ұйқас жолдарға барып қосылып отыратындығы Қожа Ахмет бабамыздың өз тыныс жолындағы ерекшелік болып табылады. Екінші ерекшелік – соңғы шумақтағы үш жолдың бір ұй»қаспен келіп, төртінші жолға біңрде үш үтірмен жалғанып, ой жүйесі астасып отырса, енді бірде алдыңғы үш жолдың екі үтірімен келіп, үшіншіде нүктеге еріксіз құлауында. Өйткені бұл жерде төртінші жол алдыңғы үш жолды тікелей қабылдамай, яғни алдыңғы үш жолдың қуатына төртінші жолдың қуаты жалғасып барып, олармен тікелей үндесіп кетпей, одағай кейіпте ажар көркін енгізуі де тек осы бабамыздың өз нұсқасы болып табылады. Үшінші ерекшелігі – жоғарғы екінші шумақтан кейінгі үшінші шумақтың ырғақ-тоқтанымының бөлектігі, мысалы:

Қайда жүрсең көңілі жұмсақ сырдаң болғыл,

Мүсәпірлер жолда қалса, қорға болғыл.

Махшар күні дәргәһіна құрбан болғыл,

Менменсіген меңіреулерден қаштым міне.

Былай алып қарағанда әрбір хикметтің әр жерінен бой көрсетіп қалатын осындай тоқтам-шумақтар бір жағынан, бабамыздың дем-тынысына қарай беріліп отыратын жыр қайырмасы іспеттес» [3, 10]

Бір хикметтің өзі әр аударма нұсқада әр түрлі келетіні – Қожа Ахмет Яссауи еңбектеріне тән және оны біз жоғарыда атап өткеніміздей, әр дәуірде көшірушілердің жұмысы нәтижесі деп білеміз. Мысалы, «Әнтәлһәдидің» Көкшетау нұсқасында 17 шумақ болса, Светқали Нұржанов аудармасында 16, ал Әбибулла Мұхамеджанов аудармасында 144, 145 хикметтер бірігіп 26 шумақты құрайды.

Хикметтердің ғасырдан ғасырлар өтсе де, мағыналық желісі үзілмей сақталып, кейбір нұсқасында тіпті қосымша байтылып отырғанына мысалды көптеп табуға болады. Солардың бірі – жасыл құс туралы хикметтің И.Нұрахмет, Ә.Мұхамеджанов, С.Нұржанов аудармаларын айырмашылық жөнінде түсінікті болуы үшін толық мәтінде беріп отырымыз. Алдымен Көкшетау нұсқасындағы аударманы келтірейік:

«Лә иләһә иллаллаһ» деген құл аузынан,

Бір жасыл құс бейнесінде ұшар еді,

Қанаттары тоқылған дүр жақұттан,

Пәруана [1] қылып ғарыштан ғарышқа ұшар еді.

Ол құсқа құдіретпенен мың тіл берген,

Барша тілмен құлыны Хақтан тілеген,

… … … … … … … … … … … … … … … …

Жарылқа деп күні-түні ұшар ерміс.

Айт, достар, сол бір құстың баянын

Мен айтайын жақсы білің аянын,

Көп надандар оның білмес баянын,

Қолын тұтып бейіс ішіне кірер еді.

Ол құс айтар: әр кез тынбай мен бір …

Көңіл ішінде еш қалмаған зәре арман.

Та бермесе қадыр маған дараламан [2]

Одан соңыра қарар тауып [3] қонар едім.

Ораза ұстап, ерте тұрып Хаққа жанған,

Сахарларда [4] жылап өзін Хаққа салған,

Машайықтар [5] қызметін тамам қылған,

Мүһмин құлдар Хақ дидарын көрер еді.

Құл Қожа Ахмет міскін ғаріп хайран қалып,

«Лә Иллаһи ил илланы» тілге алып,

Жан, ділін хақ зікіріне уасыл [6] қылып,

Сол құсты «ламәкәнда» [7] көрер еді[4, 88].

Әбибулла Мұхамеджанов аудармасында жасыл құс туралы тәмсіл хикмет былайша берілгендігін көреміз:

Лә іллаһа ілла Алла, – деген құлдың аузынан,

Бір жасыл құс беймәлім ұшар болар.

Қанаттары қарасаң дүрр гәуһардан,

Самғап көктен ғарышқа шырқар болар.

Ол құсқа Құдіретім мың тіл беріп,

Құлдарды бар тілдегі Хақ меңгеріп,

Жаппарға жалбарынып, қол көтеріп

Күні-түні жарылқа деп айтар болар.

Құс айтар: -Тыным таппай мен бір заман,

Тіл бермей-ақ дарытты Тәңірім маған.

Қалмасын көңілдерде әсте күмән,

Содан соң тұрақ тауып қонар болар.

Руза тұтып, намаз оқып, тәуба қылған,

Сәһар тұрып, Алланы айтып құлдық ұрған.

Машайықтар қызметтерін тәмам қылған.

Ондай құлдар Хақ дидарын көрер болар.

Бұ Яссауи міскін Ахмет қайран қалып,

Лә іллаһи илла Алланы тілге алып,

Хақ зікірін жан-ділімен тынбай салып,

Сонау құсты ләмәкінда көрер болар! [3, 175]

Ал ақын, аудармашы Светқали Нұржанов жасыл құс туралы бұл хикметті былайша тәржімалаған екен.

«Лә илләһа илл-Алла» тағаты бар,

Құл аузынан жасыл құс шығады ұшып.

Дүр жаһұттан тоқылған қанаты бар,

Қарсы алады ғаршылар құрақ ұшып.

Мың тіл берген ол құсқа әмірімен,

Құлды тілер бар тілмен Тәңіріден.

Дәргейіне жабысып зар-үнімен,

«Жарылқа!» деп күндіз-түн қылады ышық.

Ұқпас сырын надандар – зая-күмән,

Ей, достарым, сол құстың аянынан.

Мен айтайын, тыңдаңыз баянынан,

Жәннатқа ертіп кірген соң табар тыныш.

«Дар-аламан бергенше \Қадір маған,

Бір тынбаймын, – дейді құс, – небір заман.

Шақта ғана зарын Жар қабылдаған,

Сонда қонар жайғасып, алар тыныс.

Ғибадатқа жүрегін жалғамаған,

Халің мүшкіл, ғафыл боп қалған адам.

Машайықтар сахарда «Аллалаған»,

Хақ дидарын көреді, бақ қонады.

Міскін Ахмет Ясауи иланғалы,

Тілге алғалы: «Лә илләһа илл-Алланы» –

Хақ зікірі – Жан, Ділге құйған нәрі,

Ла маканда сол құсқа тап болады. [7, 35]

«Диуани хикметті» аудару үшін шағатай-түркі тілін немесе қадимше араб жазуын біліп қана қою жеткіліксіз екендігін ескеру қажеттігін барынша есте ұстаған аудармашылардың «ләмакан», «ышық» т.б. сөздердін сол қалпында қалдыруға тырысатынын аңғарамыз.

Мекен берген, халық қылған Ол – Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың Оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?! [9] ,

деп хакім Абай да тоқталған «ләмәкан» – Алла -Тағаланың «әу баста туылмаған, мекені жоқ, мекенсіз, ол барлық жерде» деген сипатын білдіретін ұғым болса, «ышық», немесе «ишқ» – «ишқ» термині махаббат сөзінен әлдеқайда кең ұғым. Махаббат дүниелік сүюді білдірсе, ишқ-ғашықтық – ұлы, мағынауи сүюді білдіреді [10].

Қорыта айтқанда, Қожа Ахмет Яссауи мұралары – тәуелсіз Қазақстанның іргесін шайқалтпай берік етіп ұстап тұратын рухани тіректің бірі екендігі даусыз және біз мұны азаттық жылдар тарихының беттері қалыңдаған айқын сезіне түсудеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың наурыз айында Түркістанда өткен кездесуінде: «Біз Қожа Ахмет Ясауи ілімін алып жүруіміз қажет» деп атап көрсетуінде үлкен мән жатыр. Сонымен бірге «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ұлт жоспарында Ұлт көшбасшысы дін мәселелері жайында былай деп атап көрсеткен болатын:

«Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.

Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» [11].

Қожа Ахмет Яссауидің ұстанған жолы, бауырлас түркі халықтарына қалдырған рухани қазынасы – жоғарыдағы проблемалардың алдын алу мен түбірімен жоюда таптырмас көмек болары анық. Өйткені, Яссауи ілімдері – халқымыздың қанында, жанында ғасырлар бойы өрілген таным-түсінік. Қожа Ахмет Яссауидің ғажайып сырға толы хикметтерін жинақтау, аудару, бастырып шығару, нұсқаларға салыстырмалы сипаттамалық зерттеу жүргізу жұмысын жалғастыру – қазақ руханияты әлемінің мәңгілік миссиясы болғай.



© adebiportal.kz