2025 жылғы 30 мамырда «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының 45 жылдық мерейтойы аясында «Отырар музейі кеше және бүгін: музей ісінің даму үдерістері мен жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мәдениет комитеті және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы ұйымдастырды.
Отырар музейінің 45 жыл ішінде жүріп өткен жолын саралау, музей саласында қол жеткізілген жетістіктер мен жинақталған тәжірибені талқылау, сонымен қатар, заманауи әдістер мен инновациялық бағыттарды зерделеуді мақсат еткен іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен және шетелден келген музей саласының мамандары, археологтар, тарихшылар, этнографтар, ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері мен мәдениет саласындағы сарапшылар қатысты.

Айта кетейік, конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Азамат Нұржауұлы онлайн құттықтау жолдады. Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы музей ұжымын мерекемен құттықтап, музей қызметкерлеріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің марапаттарын және «Отырар» музейінің 45 жылдық мерейтойына арналған төсбелгілерді табыстады. Сондай-ақ, ашылу рәсімінде археолог, музей ісінің ардагері Нұртаза Алдабергенов, этнограф, өлкетанушы Абдулла Жұмашев, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаев, «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Берік Байболов сөз сөйледі. Ал пленарлық отырыста келесі баяндамалар ұсынылды:
Қожа Мұхтар Бахадүрұлы (т.ғ.д., профессор, А.Ясауи атындағы ХҚТУ) – «Өзбекәлі Жәнібеков және Отырар қорық-музейі»;
Салтанат Амирова (PhD, Ұлыбритания, Археология институты) – «Saka Goldsmithing» (онлайн баяндама);
Юнусов Махмудхон Асатуллаевич (Самарқанд, «Жібек жолы» Халықаралық туризм және мәдени мұра университетінің профессоры) – «Археологиялық артефактілерді басқару жүйелері. Әлемдік музейлерге салыстырмалы шолу».
Конференция соңында қорытынды қарар қабылданып, музей ісін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар мен басым бағыттар белгіленді.