Start Басты жаңалықтар МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ТРАГЕДИЯСЫ ТҮРКІСТАНДА САХНАЛАНАДЫ

МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ТРАГЕДИЯСЫ ТҮРКІСТАНДА САХНАЛАНАДЫ

  Алдағы сенбі және жексенбі күндері Түркістан музыкалық драма театрында жаңа қойылым сахналанады. Осыған орай, спектакль премьерасы қарсаңында театр әртістері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Айта кетейік, мамыр айында киелі шаһардағы көрермендерге жол тартқалы отырған қойылым – мәңгілік махаббат дастанына айналған У.Шекспирдің әйгілі «Ромео & Джульетта» спектаклі. Бұл театр репертуарына қосылған классикалық шығарма. Аталмыш туындыны аударған Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері  Әбіш Кекілбаев. Қойылым режиссері – бірнеше халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің лауреаты, 30-дан астам спектакль режиссері Дина Жұмабаева.

Аз уақытта қалың көрермендердің ықыласына ие болған жас театрдың жаңа қойылымы жайлы баспасөз мәслихатына қойылымның режиссері Дина Жұмабаева, көркемдік жетекшісі Шынар Омарова, Ромео рөліндегі басты кейіпкер  Данияс Нұрқабден және Джульеттаны сомдайтын Ақбөпе Сабет қатысты. Мұнымен қоса Монтекки – Медғат Өмірәлиев, Леди Монтекки – Жұлдыз Әбдікәрімова және Тибальт- Шерхан Саматұлы қатысты.

Дина Жұмабаева осы уақытқа дейін Қазақстан театрларының сахнасында У.Шекспирдің  “Ромео мен Джульетта” спектаклін 3 рет сахналаған. Әрбір қойылым стилі бір-бірін қайталамайды. Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында готика стилінде көрсететін болады. Театр ерекшелігіне сай спектакльде заманауи сценография қолданылады. Оған қоса хореографиялық композициялармен көркемдеу, жаңа әуен, танымал таланттар мен жас театрдың беделді артистерінің ерекше ойындары да үйлесім таппақ. Спектакльде басты рөлдерді театрдың төл актерлері сомдайтыны да көрермен үшін жаңалық болып отыр. Айта кетейік, қойылымның қоюшы суретшісі – Айнұр Есболатова, композиторы – Нұрсұлтан Төреәли, хореграфы – Мадина Мұратпекова, гримм бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова.

          Баспасөз мәслихаты барысында әртістер әйгілі шығарманың ерекшеліктеріне тоқталып, көрерменді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

–         Біз эксперименталды театр болғандықтан, барлық спектакльдерімізде басты рөлді сомдауға өзге театрлардан әртістер шақырамыз. Бұл жолы да режиссер мен қоюшы-суретшіні, бірқатар актерларды үздіктер қатарынан таңдап алдық. Алайда 3 жылдан кейін қойылымдағы басты рөлді театрымыздың төл актерлары ойнайды. Бұл біз үшін үлкен жетістік. – деді театрдың көркемдік жетекшісі Шынар Омарова.

Естеріңізге сала кетейік, ұзақтығы 2 сағатқа созылатын бұл премьера 4-5 мамыр күндері Түркістан музыкалық драма театрында сағат 19:00-де басталады. Билеттерді ticketon.kz сайтынан және театр кассасынан алуға болады.

Дәурен ТІЛЕУХАН.