Түркістан облысында Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда-саттықтың, мәдениет пен өркениеттің орталығы болған бірнеше көне қала бар. Тарихи қалалар десе көз алдымызға Сауран мен Отырартөбе ғана елестейтіні шындық. Алайда, терең тарихы топырақ астында тұмшаланған Сидақ ата, Қаратөбе – Сауран қалаларының жұмбақ сыры әлі күнге толық зерттеліп біткен жоқ.
Осы орайда, „Әзірет Сұлтан“ мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов музей қызметкерлерімен бірге тарихи қалалардың орнына барып, ескерткіштерді сақтау, қорғау және туризм орталығына айналдыру мәселелері бойынша жиын өткізді.
-„Түркістан қаласынан 20 шақырым жерде, Шымкент-Қызылорда автомобиль жолының сол жағынан 2 шақырым қашықтықта орналасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы көне орталықтардың бірі Сидақ ата қаласының орны өзіндік тарихымен ерекше. Қала орнында әлі күнге дейін сақталған қабырғалардың беріктігін көруге болады. Қала б.з.д. І ғасырда Ұлы Жібек жолы бойындағы бекініс түрінде пайда болып, б.з. ІV ғасырында Қангүй мемлекетінің ірі қалаларының біріне айналған.
Қангүй мемлекетінің халқы зорастризм дінін ұстағандықтан V-VІІ ғасырларда қала осы аймақтағы ең ірі діни орталықтардың біріне айналып, көптеген ғибадатханалар салынады. VІІІ ғасырдың екінші жартысында араб шапқыншылығы кезінде қала үлкен өртке ұшырап, тұрғындар Қос мезгіл елді мекені мен Қаратауға көшіп қонған екен.
Қаратөбе – Сауран қаласының тарихы да ертеден басталады. Зерттеушілердің дерегіне сүйене отырып, ортағасырлық Сауран қаласының ең алғашқы қонысы Қаратөбе-Сауран жері болғандығын аңғаруға болады.
Бүгін тарихи қалаларды одан әрі қарай зерттеу, реставрация жұмыстарын жүргізуге ұсыныс әзірлеу, ескерткіштерді қорғап, сақтау және туристік объектінің біріне айналдыру мәселелерін қозғап отырмыз“,-деді „Әзірет Сұлтан“ мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
- Сидақ ата қаласында топырақ арасынан шығып жатқан керамикалық ыдыстардың түрлі өрнектері мен бояулары шеберлер қолынан шыққан туындылардың ерекше үлгілерінен хабар береді. Музей мамандарының айтуынша, мұнда қоныстанған халықтың мәдениеті мен өркениеті өркендеп, аса маңызды орталық рөлін атқарғаны ақиқат.
- Сидақ ата қаласының орнына ең алғаш рет 1946-1951 жылдары А.Н.Бернштамның жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. А.Н.Бернштам зерттеуді қорытындылай келе қаланы б.з.д. І мыңжылдықтың соңынан б.з І мыңжылдығының басы аралығымен мерзімдеген. 1966 жылы қаланы Хорезм АЭ (С.П.Толстов) зерттеп І-Vғғ. мерзімдеген. 1960 жылғы «Қазақстан Археологиясының картасында» қалашық «Садық ата» деген атаумен аталып, І-ІХғғ аралығымен даталанған. 2002-2004 жылдар аралығында Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев, А.Ержігітова бастаған Түркістан археологиялық экспедициясы зерттеуді қайта жалғастырып, қаланың І-VІІІ ғасырлар арасында өмір сүргендігін нақты дәлелдеді,-дейді археолог, „Әзірет Сұлтан“ қорық-музейі директорының орынбасары Бақытжан Нұрханов.
Түркістан қаласынан солтүстік батысқа қарай 45 шақырым, ортағасырлық Сауран қаласының оңтүстік батысына қарай 3 км, №30 теміржол разъезінің батыс жағында 4 шақырым жерде орналасқан Қара төбе-Сауран қаласының да тарихы қызықты. Мұндағы ең алғашқы зерттеуді 1947 жылы А.Н.Бернштамның жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген.
Ескерткіштің нақты сызба жоспары түсіріліп және жинақталған материалдарға ҮІ-ХІІІғғ. деген мерзім берілген.
1986 жылы Сауран және Қаратөбе қалашықтарына К.М. Байпақовтың жетекшілігімен Археология институты зерттеу жүргізген. 2003 жылы М.Қ.Тұяқбаевтың жетекшілігімен Түркістан археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізіп, ол жұмыстар 2005-2008 жылдары жалғасын тапты.
1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №634 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған. Жалпы жер көлемі 100 га.
Қаратөбе-Сауран қалашығының координаттары: 43˚29.203΄, 067˚46.829΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 212м. Бұл үлкен көлемді үш деңгейлі төбе, құрылымы бес бұрышты геральдикалық қалқан формасында. Оның беттерінің өлшемдері: солтүстік-батыс беті -250метр, солтүстік беті-165метр, оңтүстік-батыс беті-180метр, оңтүстік-шығыс беті-280 метр және шығыс беті – 180 метр .