Бүгін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы Үкаша ата кесенесі мен құдығы маңында атқарылған абаттандыру жұмыстарын көріп, алдағы уақытта
жасалынуы тиіс шаруалар бойынша пысықтау жұмыстарын жүргізді.
Айта кетсек, өткен жылы республикалық маңызы бар ескерткіштердің бірі саналатын Үкаша ата кесенесі мен құдығына 142 186 адам келген.
Туристер мен зияратшыларға қажетті жағдай жасау күннің басты талабы.Осы орайда кесене мен құдық маңындағы автотұрақ жанынан ерлер және әйелдерге арналған арнайы дәретхана бой көтеріп, пайдалануға берілді. Зияратшылар мен туристерге арналған демалатын орындар жасалса, құдық басына баратын жолға асфальт төселіп, автотұрақ салынды. Құдыққа шығатын жолға мүгедектерге арналған арнайы жол салынып, пандус орнатылды. Тазалық жұмыстарына байланысты арнайы қалдық жәшіктері орналастырылды.
Көркейту, көгалдандыру жұмыстары аясында Үкаша ата кесенесі маңына 100-ден аса мәуе ағаштары мен шырша талдары отырғызылды.
Сондай-ақ, «Үкаша ата тарихы» музейі де келушілерге есігін айқара ашқаны белгілі. Музей экспозициясына 70-тен аса археологиялық, этнографиялық, жазба мәдениетіне, фотоларға қатысты жәдігерлер қойылып, келушілер назарына ұсынылуда.
Зияратшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында отын, су қоятын үлкен бастырма жасалып халық игілігіне берілді. Кесенеге баратын жүргінші жол қайта жөнделді.
Алдағы уақытта жаз мезгіліндегі судың тапшылығын болдырмау мақсатында кесене маңынан құдық немесе артезиан қаздыру жұмыстары қолға алынады.