Start Мәдениет АЛЕКСАНДР  МАРУАҰЛЫ. КЕШІР МЕНІ КӨКТЕМНІҢ САРЫ ГҮЛІ!..

АЛЕКСАНДР  МАРУАҰЛЫ. КЕШІР МЕНІ КӨКТЕМНІҢ САРЫ ГҮЛІ!..

Александр  Маруаұлы – 2004 жылы Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында дүниеге келген. Өлеңдері «Адырна» республикалық әдеби-көпшілік журналында, qalamger.kz, malim.kz сайттарында және «Жас Алаш» газетінде жарияланған. Дәстүрлі халықаралық «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби байқауының Поэзия аталымы бойынша Т.Айбергенов атындағы жүлде иегері.

*  *  *

Құдайға болмағасын мақтар ісін,

Маңдайға қайтіп содан бақ дарысын.

Тілектер –

тағдырыңды жұбатар сөз,

Суреттер –

өлгендердің жоқтаушысы.

Айналып кететіндей түс өңіме,

Абдырап қалың ойға түсе берем.

Үзілген ғұмырымның үні ме екен,

Үзілген домбырамның ішегі ме?!

Ендігі естелікке елең етем:

Көне мұң.

Көне пенде.

Көне мекен.

Адамдар таусылатын уақытында

Айнадан айна көріп өледі екен.

Дертті боп дәруіштей жыртық ойдан,

Жанымның түсінетін жұрты қайда?

Жұмақта менің сәби жүрегім жүр,

Пердесін Әкесінің түртіп ойнап,

Пердесін Анасының түртіп ойнап.

Сөккенде қараңғыны жарық үнім:

Бітер ме жан біткеннің жабығуы,

Бітер ме жан біткеннің қамығуы?

Кешір мені,

Кешір мені көктемнің сары гүлі!..

Амал не!?

*  *  *

Көптен бері тарқамай бұлай шерім,

(Қиын, сірә, бәріне құлай сену)

«Өмір неге аяулы, білесің бе?»-

Сен Құдайды сүйесің,

Құдай сені.

Ізгіліктің сәулесін сенен көріп,

Көз алдымда келесің кемелденіп.

Көңілімде күмән боп тұрады ылғи,

Өмірімде қалғаның өлең болып… 

Бәлкім кейбір кездерде қалғыдым көп,

Сен бірақ та білесің барлығын, тек-

Қандай жағдай болса да тағдырыңда,

Жүрегіңмен, жаныңмен қал күлімдеп!

Сәл жымисаң жүзіңнен жұлдыз көрем,

Жұлдыз көрем, өзің бе-

Үр қыз деген.

Сәттеріңді қия алмай тұр ма екенсің?

Жанарыңды ала алмай күнтізбеден,

Жанарыңды ала алмай күнтізбеден!..

*  *  *

Әлдебіреу үзіліп жүрегімнен,

Ізгі бақыт жолына тіледім мен.

Сақта, Құдай, сол жанды қайғырудан,

Сақта, Құдай, сол жанды түнеруден.

Арманы бар аяулы асқақ, анық

Жүрмесінші жанарын жасқа малып.

Жалғыз ғана жырыма жұбана ма,

Тағдырынан табылмай басқа амалы.

Тынысыма татымай қаншама дем,

Бәлкім ақын ажалы: аңсап өлер.

Көңіл-айнам үнемі шағылатын,

Көлеңкесін жоғалтып алсам егер.

Тауысайын шерімнің несін айтып,

(Будақ бұлттың барады көші қайтып)

Ең бір асыл адамға айналады ол,

Ғұмырында ешқашан жасымайтын.

Жолығуға әрдайым жан асыққан,

Адастырмай апарар жол ашық па?

Оның мәңгі бақытын өшпестей қып,

Құдай жазып қойыпты қарашыққа!

Оқи алсам…

*  *  *

Сенің нұрлы көзіңдегі қоңыр рең,

Жеңілгенің емес, күнім, өмірден.

Бақытсыздық деп ойлауға бола ма,

Жалғыздықты жүрегіңнен көрінген.

Сенің мұңлы көзіңдегі қоңыр рең,

Сырың шығар оңашада сөгілген.

Қара жердің қай түкпірі жұтты екен,

Моншақ-моншақ тамшыларды төгілген.

Сенің тұмса көзіңдегі қоңыр рең,

Неге мұнша кетпей қойды көңілден.

Содан бері сызат түсіп сенімге,

Содан бері сөгілгендей көп іргем…

Сенің мөлдір көзіңдегі қоңыр рең,

Қандай кезің, қандай сәтің егілген.

Айналаңа күлімсіреп қарайсың,

Жанарыңды сүртіп тұрып жеңіңмен.

Сенің көркем көзіңдегі қоңыр рең,

Қоңыр реңге көп өлеңім көмілген.

Сол қоңыр рең арашалап қалардай,

Мен қорықпай келем, Нұрым, өлімнен.

… Солғын тартса көзіңдегі қоңыр рең,

Менің сәтім ол – өмірден жеңілген.

*  *  *

Папа, қалайсың?

Қалайсың, жақсы ма жағдайың?

(Жаныңды сарғайтып әр уайым)

Шөліркеп жүрсің бе мейірімге,

Тәттіні аңсай ма таңдайың.

Папа, қалайсың?

Белің де қалыпты-ау құрысып,

Зіл қайда,

Алатын ұрысып.

Ал мен ше,

Баяғы қалпыммен

Бөлмемде отырам түн ішіп.

Папа, қалайсың?

Мен бүгін сабақтан бес алдым,

Мәз болдың, тағы да жасардың.

Өткінші, өтпелі жеңістер,

Сені де қуантар қашанғы.

Папа, қалайсың?

Ойларға жетем деп ең ұлы,

Содан ба,

Көп қалды көңілім.

Түймеңді ағытып тағдырға,

Уа, неге, тым қиын сөгілу.

Папа, қалайсың?

Кеудеңде күл қалса, өртеп от

(Өскен де шығармын ерке боп)

Ең ұлы ойлардың артында

Ең ұлы Адамның тұрғанын,

Неліктен айтпадың ертерек.

Папа, қалайсың?

Жадыңда жаңғырсам өлең боп,

Сол жетер,

Кетпейік тереңдеп.

Жасырып жүргенің содан ба,

Жалғызым ойлардан өлер деп.

Көз алдым бұлыңғыр, тұман шын,

Көзіме қарашы,

Ұғарсың.

Сен бәрін Түсінген шығарсың,

Сен сосын Күрсінген шығарсың,

Папа…

Қалайсың?

*  *  *

Жүрегіңе Хауаның нұры тамған,

Мен өзіңді ешқашан ұмыта алман.

Менің мең-зең ойымды түсіне алар,

Саған ғана жанымды ұсына алам.

Алыстасаң, аяулым, қарашықтан

«Мұңаямын содан соң, адасып қап»

Үмітімді жел айдап, үзе ме деп,

Сүйенейін алаңсыз тізеңе кеп.

Жетелесе өлеңнің тереңдігі,

Сонда жалғыз бақытым, көрер мұңым.

Кеудемдегі дертімнің дауасындай,

Табылар ма ғаламнан жан осындай?!

Жанарыңа жасырып әлденені,

Байғұс көңіл сол үшін сенделеді.

Пенде емеспіз, жарығым, бақыты кем,

Мүмкін бәрі оңалар уақытымен.

Дұғамызды бір күні қабыл етер,

(Тірі болса егерде Тәңір әкем)

Табылғанда мәңгілік бақ тұрағы,

Екеумізге тірліктің тәтті бәрі.

Басар ма екен жаныңды мұң сыздаған,

Маңдайыңнан сүйгенім үнсіз ғана,

Маңдайыңнан сүйгенім үнсіз ғана…

*  *  *

Апау, маза бермей келеді бір есер ой.

Қажып кетем,

Қайтейін,

Күресем ғой.

Қу басым мен қуарған жанымды ұстап,

Иығыңа алаңсыз сүйесем ғой.

Апау, қайда апарып соғамын мына басты?

(Кімдер менің ойыма құлақ асты?)

Барлығынан көрінбей бір бақытым,

Тағдырымнан келеді тұра қашқым…

Апау, көрмесем де бағамды бүтін алып,

Өз жүлдемді келемін ұтып анық.

Қайран тірлік сені де тартып кетті-ау,

Ошақ-басы ойыңды жұтып алып…

Апау, қолыңдағы қалам ба, оқтауың не?

Бірақ, бірақ өмірден тапқаның көп.

Саған бәрін айтсам да, тарқамапты

Ішімдегі дерттеніп жатқан індет.

Апау, күпір сөзден түбінде күйеді ерін,

Мадағыңды үзбеші Иеңе мың.

Шаршаймын ғой,

Шалдығам,

Апа, сосын…

Иығыңа алаңсыз сүйенемін.

Апау, аңғал болсам, ініңді сөкпеші көп,

Мен боздармын жасыңды төкпеші деп.

Інім, інім деп елең еткен кезде

Етегіңе сүрініп кетпеші тек…

Жаным, апау!..

АЛМА АҒАШ

Ең әуелі періште еді ібіліс,

Тәңіріне жасағанда күдік іс:

-Отпын,-деді

-Бұ топырақ не теңім?!

Көмейінен шыға келді бөтен үн.

(Ол осылай топырақты жазғырған,

Ол осылай өзін-өзі мәз қылған)

-Періште ғой,- деймін әлі күбірлеп,

Періштені уа, кім екен, азғырған?

Мүмкін менің айтқаным да жалған ән,

… Жауапсыздық-жүрегімді қорлаған.

Біздің баба- Адам ата Хауа ана,

Біздің тірлік-бастау алған алмадан.

Әлі қанша соғылады жарға бас?

(Ажал айтпай келем дейді, ол да рас)

Сен Құдайға-күнәлісің алма ағаш,

Сен адамға-киелісің алма ағаш.

Содан бері жақын өлді, жат өлді

Қара жер де көп қайғыны көтерді.

Адам ата сені азғырған ібіліс,

Тіршіліктің бастауына әкелді.

От кеудемде ойран салса жүз күдік,

Қайран үміт бара жатыр үздігіп.

Сен мәңгілік жасап келе жатырсың,

Азғырудан бастау алған ізгілік.

Тағдырым-ай асып түскен арнадан,

Тірлігім-ай сан құбылып сарнаған.

Мен содан соң қарай берем сүйсініп,

Бала біткен асап жүрген алмаға.

*  *  *

Ауыл жақта бар еді үш төбешік.

Жусандары бір-бірімен тел өсіп,

Тербетеді майда самал жел есіп,

Кешкі іңірде мал қайтады жайлаудан

Содан кейін мүңкіп тұрар көң исі.

… Ауыл жақта бар еді үш төбешік.

Ойынымнан оралғанда түс ауа

(Ержеткенше санамды кім тұсаған?)

Үш төбешік…  менің асыл үш ағам,

Әкем қалай өлмей жүрген құсадан?

Шешем қалай өлмей жүрген құсадан?

Ғұмырымда кетпегенмен көп есем,

Іні болып енді кіммен кеңесем?

Үш төбешік…  мені қорғап жүреді,

Ауыл жақта қалып қойды демесең.

Шын батылым жетпегенмен кей іске,

Кездерім бар қуанышпен түйіскен.

Сүйенерің жоқ демеші

Уа, Тағдыр,

Үш төбешік ағам жатыр,

Тиіспе.

Жүрегіме орнағасын күйік боп

(Ер болмасам, түсіме кір, кейіп кет)

Үш төбешік…  қайран менің үш ағам,

Өздеріңнен қайда барам биіктеп?

Бейітіне барған кезде түс ауа,

Әлі күнге қуат алам, күш алам.

Ауыл жақта үш төбешік бар еді,

Қалай өлмей жүр екенмін құсадан?…

*  *  *

Шешемнің шешілмеген шарқатындай,

Бір шерім кетті менің тарқатылмай…

Мама-ау, кезің де жоқ кенжеңді қаралаған,

Кезің де жоқ кенжеңді табалаған.

Маңдайымнан сүйесің бар болғаны,

Сөйлемейсің көсіліп неге маған?

Мама-ау, көше кезіп ойлармен қаңғырғаным,

(Қайда менің жанымның жаңғырғаны?)

Жеңілдеткін келді ме сүйіп солай,

Маңдайыма жазылған тағдырды ауыр.

Мама-ау, күбірлейсің кешкілік, күйінесің,

Тірлігіңе налымай иілесің.

Жолдарымнан жаңылып, сүрінгенде

Жаулығыңа жанарым үйір осы.

Мама-ау, бақытқа да, баққа да жарымаған,

(Пешенеме жазғанын қабыл алам)

Шыр-пыр болып жүргенің себепші тек,

Бұл күндері қалса егер жаным аман.

Мама-ау, өткенімнің барлығын қарға көміп,

Биігімде өтейін самғап өліп.

Көз жасыма тұншығып, таусылармын,

Ғұмырымда болмасам арға берік.

Тұман басса ертеңнің төңірегін,

Солай, солай сенім де сөгіледі.

Қауырсын қаламымды Тәңір бір күн-

Жүрегіме сұғатын көрінеді.

Мама-ау…