Ордабасы ауданы арқылы өтетін Самара-Шымкент тас жолының 2245 шақырымында жүргізуші Шымкент қаласының тұрғыны өзінің басқаруындағы «Audi 100» маркалы авткөлігімен өзімен бір бағытта келе жатқан «Shacman» маркалы жүк көлігінің артқы бөлігіне соғысып жол-көлік оқиғасын жасаған болатын.
Осы оқыс жағдай бойынша нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасының бірқатар полицейлері оқу-жаттығу сабағынан келе жатып, Самара-Шымкент тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасының куәсі болады. Көмек қажет екенін бірден топшылаған полицейлер жедел-жәрдем мен Ордабасы АПБ-не хабарлап, өздері оқиға орнына шұғыл жетеді. Тексеру барысында полицейлер «Audi100» маркалы көліктің жүргізушісі жылдамдықты тежей алмай, жүк көлігінің артқы бөлігінен соғып, кіріп кеткенін анықтайды.
Содан полицейлер көмек келемін дегенше, құр тұрмай жолаушыларды аман алып қалудың жағдайын жасайды. Яғни полиция қызметкерлері апатқа ұшыраған көлік ішінен жолаушыларды алып шыққан. Тіпті кейбіріне алғашқы көмекті дер кезінде көрсете білді. Осы оқиға салдарынан «Audi100» автокөлігінің жолаушылары жан сақтау бөліміне және жүргізушісі түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен.
Өз кезегінде жол-апатынан аман қалған жолаушылар полицейлерге ризашылықтарын жеткізді.
«Ойламаған жерден апатқа түстік. Осыдан аман қалмайтын шығармыз деп едік. Алайда, құтқарушы ретінде бізге полицейлер келіп, былайша айтқанда өлімнен құтқарып қалды, бізге қайта өмір сыйлады. Өздерінің кәсіби шеберлігі мен жеделділіктері арқасында міне, біздер дін-аманбыз. Алла разы болсын, оларға!»-деп көмек қолдарын созған түркістандық полицейлерге алғыстарын жаудырды.