Start Қоғам ТҮРКІСТАНДА „АШЫҚ ӘКІМДІК“ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ІСКЕ АСУДА

ТҮРКІСТАНДА „АШЫҚ ӘКІМДІК“ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ІСКЕ АСУДА

Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. «Ашық әкімдік» тұжырымдамасы аясында қала әкімі үнемі әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан тікелей эфирге шығып, соңғы ақпараттарды хабардар етіп отырады. Одан өзге, бөлім басшылары да былтырғы жылдан бері кезегімен тікелей эфир арқылы тұрғындардың мәселесін қарап, сауалдарына жауап беріп келеді. Жақында қабылданған шешімге сәйкес, барлық дербес бөлім басшылары да бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстары бойынша тікелей эфирде онлайн форматта есеп беруде. Есептер әкімдіктің ресми парақшаларында өтіп жатыр.


Бұған қоса, әкімдік ғимаратының бірінші қабатында жөндеу жұмыстары атқарылып, бірнеше бөлім шыны кабинетке ауысқан болатын. Шаһар басшысы да аталған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасын қолдау ретінде осы аптада арнайы шыны қабырғалы бөлменің біріне отырмақ. Бұл – қызметкерлер, тұрғындар мен қабылдауға келуші азаматтармен қарым-қатынастың және байланыстың ашықтығын көрсетіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға сеп береді. Сонымен қатар, «#АшықӘкімдік» жүйесін ұстанған Түркістан қаласы әкімдігінің қызмет көрсету барысының ашықтығын жандандырмақ. Шаhар басшысы алдағы уақытта орынбасарлары және дербес бөлім басшыларының да бұл бастама бойынша уақытымен ашық шынылы кабинетке ауысатынын жеткізді.
Облыс орталығының даму бағыты бойынша екінші кезеңін жан-жақты айтқан Рашид Абатұлы инвестициялық жобалардың маңыздылығына тоқталды. Жалпы, Түркістан қаласында құрылыс бөлімі тарапынан 103 нысанның құрылысы жүруде. Мұндағы нысандардың құрылысы әкімшілік-іскерлік орталық пен рухани-мәдени орталықта жүріп жатыр. Мұнымен қоса, көпқабатты тұрғын үйлермен қатар, кәсіпкерлік нысандар саны да артып келеді. Брифингте қала басшысы ауыз су, сарқынды су, газ жүйесі, жылу, қала және кесене аумағын абаттандыру, жол тағы да басқа алдағы уақытта атқырылатын жұмыстардың барысын баяндап өтті.
Қ.ТАСЫБАЕВ