Start Білім ТҮРКІСТАН: ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ МЕКТЕБІ – ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕР МЕКЕНІ

ТҮРКІСТАН: ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ МЕКТЕБІ – ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕР МЕКЕНІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтар сьезінде, ең алдымен, жиынға қатысушыларды Ұстаздар күнімен құттықтап, еліміздің болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті.

– Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Менің бастамаммен  2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30  пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін  артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог  шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы педагогтердің бүгінде тек пәнді ғана үйретіп қоймайтынын, сондай-ақ балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал ететінін айтты. Осынау жоғары атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуға тиіс.

– Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетпіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет, – деді Президент.

Осыған орай облыс тұрғындарының назарына облыстық білім ордаларында қажымастан қайсарлық танытып, ұстаздық жолда аянбай еңбек етіп жүрген жандар жайлы мақаламызды ұсынып отырмыз. Ұрпақ тәрбиелеу жолында ешбір кедергіге қарамай, әрқашанда даму жолынан тайқымай келе жатқан берекелі мектеп ұжымының жұмыстарына тоқталып өтейік. Қазақ поэзиясының дүлдүлі, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектебі жайлы болмақ бүгінгі әңгімеміз. Аталмыш мектеп Түркістан қаласында орналасқан.

Бірер ай бұрын ғана қалалық мектептер арасында үлкен бастама бастап, «Ата-аналарды қолдау» кабинеті мен «Би», «Домбыра», «Робототехника» үйірме кабинеттерін ашқан болатын. Цифрландыру заманында балаларға ең қажетті осындай үйірмелердің ашылуы – оқушылар, ұстаздар, ата-аналар тарапынан үлкен қолдау тауып, зор қуанышқа бөледі. Қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы ашылу салтанатына арнайы қатысып, лентасын қиып, қазақтың қара домбырасының күмбірлеген күйін тыңдап, бишілердің биін көріп, ІТ – технологияларын тез меңгеріп алған «Робототехника» үйірмесі бойынша оқушылардың жұмысымен танысты.

Үйірмелер жайлы айта кетейік, «Би» үйірмесіне 40-қа жуық оқушы қатысып, мектепішілік байқауларда өнер көрсетеді. Алдағы уақытта қалалық, облыстық байқауларда өнер көрсетуге ниетті. Ал домбыраны өмір бойы жанына серік еткен Жамбыл Жабаев мектебінде ашылған «Домбыра» үйірмесінде 15 оқушы өз өнерлерін ары қарай дамытып, ұлттық құндылықтарды бойына ұялатуда. Сондай-ақ «Робототехника» үйірмесінде жалпы екі ауысымда 4-8 сыныптар аралығында 20 оқушы қатысып, түрлі роботтарды құрастырып, уақытты тиімді өткізеді. «Робототехника» үйірмесінің кабинетінде шахмат үйірмесі де бар. Баланың ой-қиялын ұштап, армандарына қанат жалғау үшін атқарылып жатқан жұмыстардың пайдасы ұшан-теңіз.

Білім ордасының оқушылары Ә.Сұлтанмұрат «Робот Бармен» жобасының қалай жүзеге асатынын көрсетсе, Д.Мүтәлбек «Жүк тасушы робот» жобасын көпшілікке таныстырды. Қазіргі таңда мобилография мамандығына сұраныс өте жоғары екенін білеміз. Осыған орай М.Бейбітхан «Оператор робот» жобасын жоғары дәрежеде түсіндіріп өтті. Ал Б.Бейбітхан оқушыларға ең қажетті жол ережесін сақтауды үйрететін «Үкі роботы» жобасын таныстырды. Жиын соңында қалалық білім бөлімінің басшысы О.Шайхықызы білім ордасындағы атқарылып жатқан игі істерге оң бағасын беріп, үйірме жетекшілері мен пән мұғалімдеріне сенім білдіріп, үнемі ізденісте жүруді қалайтын, өмірге жаңашылдықпен қарайтын мектеп басшысы Индира Сатыбалдықызы мен орынбасарларына, жалпы мектеп ұжымына үлкен алғысын білдірді.

Сонымен қатар мектепішілік 5-10 сыныптар арасында «Үздік жүргізуші-2024» байқауын өткізіп, көркем сөз шеберлерінің өнерін дамытып, әртүрлі жанрдағы мәдени шара жүргізушілерді анықтап, шығармашылық орта қалыптастыруда. Байқау оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай 2 кезеңнен тұрды. 13 жұп қатысқан байқау нәтижесінде 5-6 сыныптар арасында 6 «А» сыныбының жүргізушілері Сейдулла Алинұр мен Сырлыбек Ақниет, 7-10 сыныптар арасынан 7 «А» сыныбының жүргізушілері Мүтәлбек Досымжан мен Бейсенбай Диана «Бас жүлдені» иеленді.

Бірер уақыт бұрын білім ордасында қыз баланың биязылығы мен сымбатының көрінісі болған қолаң шашты, бұрымды қыздарымызды тәрбиелілікке, инабаттылыққа баулу мақсатында 5-9 сыныптарының бұрымды арулары арасында мектепішілік «Бұрымды қыз – 2024» байқауы өтті. Байқауға қатысушы қыздар 4 кезең бойынша сайысқа түсіп, 5-6 сыныптар арасында – Нұрланжан Бегім, 7-9 сыныптар арасында – Көшербай Айша «Бас жүлдені» жеңіп алды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жоспарына сүйене отырып 2024 жылдың 20 наурызы күні республикалық «Күй күмбірі» атты республикалық челленджі өткізілді. Челленджге «Домбыра» үйірмесінің 5-10 сынып оқушылары қатысып, «Тепең көк», «Келіншек» күйлерін орындады. Білім алушылардың рухани-адамгершілік мәдениетін, эстетикалық, патриоттық сезімдерін тәрбиелеу, елдің мәдени мұрасын сақтау, балалардың домбырада ойнау өнерін насихаттауды мақсат еткен челлендж ойдағыдай өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп директоры Өмірбекова Индира Сатыбалдықызының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы бойынша «Таза мектеп, таза аула» тақырыбында мұғалімдер мен кіші қызметкерлер арасында сенбілік өткізілді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығында мектеп ұстаздары қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңына тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйке Наурызнаманың онкүндігінде де мектеп ұжымы белсене атсалысты. Мәселен, ұлттық спорт күнінде мектепте денешынықтыру пән мұғалімдерінің ұйымдастыруымен өткен «Арқан тарту», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», «Қазақша күрес», «кір тасын көтеру», «ләңгі» ойыны секілді ұлттық спорт түрлеріне оқушылар белсене қатысты.

Ал жаңару күнінде мектеп ұжымы болып ағаш егу дәстүріне атсалысты. Мектеп басшысы Индира Сатыбалдықызы бастаған мектеп әкімшілігі, ұлағатты ұстаздар, кіші қызметкерлер бірігіп мектеп ауласына шырша, қара тал, раушан гүлдерін отырғызды.

Сонымен қатар Қайырымдылық күніне орай оқушыларға «Қазақстан халқына» қорының «Жаздық жолдама – 2024» қайырымдылық жобасы бойынша берілген сертификатын мектеп оқушыларына тапсыру салтанатты іс-шарасы өтті.

Жаңа заманда сахналық қойылымдар қою арқылы сабақ өту үрдісі қалыптасып келеді. Осы орайда қазақ тілі мен әдебиеті апталығында пән мұғалімі Жұманова Фариза 8-сынып оқушыларымен дайындаған Д.Исабековтың «Әпке» драмасынан қойылым көрсетті.

Сонымен қатар халықаралық әйелдер күні мерекесінің қарсаңында «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңген еңбегі үшін» төсбелгісімен мектеп директоры Индира Сатыбалдықызы мен информатика пәні мұғалімі Тұрсынмұратова Гүлмария марапатталды.

Жақында мектеп ұжымы мен оқушылар Түркістан қалалық бөліміне қарасты жалпы білім беру ұйымдары арасында өткізілген «Қазақстан біздің жалғыз отанымыз» атты қалалық өнер фестиваліне қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін ІІ орынға ие болып, дипломмен марапатталды.

Сонымен қатар білім ордасында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы және «Даналық мектебінің» жұмысын жандандыру мақсатында «Әкелер мектебінің» жоспарына сәйкес «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» атты дөңгелек үстел болып өтті. Шара аясында әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, әкенің қоғамдағы рөлі қандай болу керек секілді бірқатар мәселелер көтерілді.