Start Қоғам ТҮРКІСТАН: ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ

ТҮРКІСТАН: ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ

Тіл туралы айтқанда мемлекеттік тіл – ана тіліміз үнемі ойымыздың бір түкпірінде тұратыны шындық.

Себебі: «Тіліңді сыйламағаның – ұлтыңды сыйламағаның» деген аталы сөз жадымызда. Біртуар ақын Мұқағали Мақатаев бірінші бақытын халқына баласа, «…ал екінші бақытым – тілім менің, тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей-кейде дүниеден түңілсем де, қасиетті тілімнен түңілмедім» деп қасиетіне, барына, базарына теңеді. Иә, қазақ тілі – қасиетті де қадірлі тіл, аз сөзбен-ақ ойыңды аңғартып, бір ауыз сөзбен дауды доғаратын да – қазақ тілі. Алаңдайтынымыз – оның шынайы жағдайы. Елдіктің негізгі шарттары, ұрпақ тәрбиесі, түптеп келгенде, мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенетін болғандықтан, тілге қатысты проблема толық шешімін тапты деуге әлі ерте. Қазіргі кезде қазақ тілі – өсіп-өркендеген тіл, қоғамның барлық салаларында қолдануға жарамды, заман талаптарына толық жауап бере алатын тіл. Алайда біз көңіл бөлуге тиіс мынандай жайттар бар. Тәуелсіздік алғанға дейінгі құжат атаулы орыс тілінде жүргізілді. Негізінен, білім осы тілде беріліп, осы тілдің қарыштап ілгері дамуына жабыла қызмет еттік. Егемендік алған алғашқы жылдары ана тілінде сабақ жүргізу барысында, іс жүргізуде болсын термин тапшылығы қатты сезілді. Өкінішке орай, кей салалар бойынша бүгінгі күнге дейін толық шешім табылған жоқ. Дегенмен содан бері тіл жанашырлары мен тіл білімі саласы мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында бүгінде қыруар шаруа атқарылды, түрлі салалар бойынша терминологиялық сөздіктер жарық көрді.

Қытайдың атақты философы Конфуций айтқан екен: «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді (түсіндірілмейді). Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды». Осындай маңызды мәселені еліміздің кез келген азаматы түсінсе, жүрекпен сезіне білсе, біздің қоғамдағы тіліміздің мәртебесі де асқақтай түсер еді.

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде! Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің материалдық қана емес, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта-ықыласы тереңдей түсуде. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, ай-жұлдызымыз оңынан туып тұрған шақта осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы – қазақ тілінің қадір-қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биігіне көтерген жөн. Бұл міндет – сіз бен біздің перзенттік парызымыз. Себебі, қазақ тілі – ата-бабамыздың келер ұрпаққа аманаттаған асылы; халқымыздың небір жауһар мұраларын қалыптастырған тіл; әдебиетіміз бен мәдениетімізді сақтап қалған тіл; болашаққа апаратын ең құнды жәдігеріміз.

Тіл – халықтың, ұлттың баға жетпес ең қымбат киелі қазынасы, оның бірден-бір иесі – халық. Оны бағалап, сақтап, кемелдендіріп, келесі буынға жеткізіп отыру – әрбір ұрпақтың міндеті. Ауызекі тіл атадан балаға ауызша ауысу арқылы өз өміршілдігін сақтаса, ұлттың ғылыми қолданыстағы тілі түрлі сөздіктер арқылы сақталып, жүйеленіп, топтастырылу жолымен сарапталып, кейінгі ұрпақтың игілігіне айналып отырады. Ендеше, қасиетті тіліміз ұлтымыздың да төлқұжаты дегім келеді.