Start Қоғам ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ҚЫМЫЗ ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ҚЫМЫЗ ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

Қазір жылқының еті, сүті, майы, терісі, жал-құйрығы, тезегі бәрі тұрмыстық қажеттілікке жаратылуда. Бұрынғылар бие сүтін ашыту арқылы нәрлі тағам, қасиетті сусын ретінде тұтынған. Оның ашытылмаған түрін «саумал», ашытылғанын «қымыз» деп атаған. Жас балалар мен қарттар және науқас адамдар негізінен бие сүтін ашытпай, саумал күйінде пайдаланған. Ал сыйлы қонақтар мен құрметті адамдарға бабына келтіріп ашытып барып құйған. Қымызды сусын ретінде пайдаланудан бөлек, түрлі аурулардың алдын алу және сауықтыру үшін дәрумен ретінде де қолданғаны белгілі. Мысалы, толық ашытылмаған қымыз, саумал – көксау, өкпе туберкулезі, кеңірдек қабыну, асқазан, ішек ауруларына, қан аздық, қан қоюлану, жоғары қан қысымы, қан тамырының қатаюы, түрлі бауыр, сүйек босау сияқты ауруларға ем-дом ретінде қолданылған. Соңғы жылдары ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүр жаңғыра бастады. Соның нәтижесінде саумал мен қымызға сұраныс артып отыр.

Сауса – сусын, жесе – тамақ, мінсе – көлік болған жылқы малының адам өмірі үшін пайдасы орасан. Ғылыми зерттеулер бойынша, жылқының қара етінің қоректік қасиеті өзге малдардың етіне қарағанда 24-25 пайызға көп болады екен. Сондықтан да ол қорытуға жеңіл, әрі тез сіңеді. Қазіргі кезде жылқы етінен жасалған қазы-қарта, жал-жаяны білмейтін адам кемде-кем. Дәл сол секілді жылқының етімен қоса сүтінің де үлкен сұранысқа ие екені мәлім.

ИКРАМЖАННЫҢ ИГІ ІСІ

Жақында Шорнақ ауылының тұрғыны, жылқы өсіруге бел байлағандардың бірі Икрамжан Бакировке жолығып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Шіркін, ауыл тұрғындары еңбекқор келеді емес пе?! Икрамжанның да еңбекқор екендігі, мал шаруасына епті екендігі қора жайларына ұқыпты қарағанынан көрініп тұрды.

Икрамжан Бакиров 1971 жылдың тумасы, 3 топ мүгедегі. Отбасылы. Екі ұлы мен бір қызы бар. Екеуара әңгімеміздің бастауы мемлекеттік грантқа қалай қол жеткізгені туралы айта отыруынан өрбіді.

– Әуелі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, қайтарымсыз несиені қалай алуға болатыны жөнінде бағыт-бағдар алдым. Соның бір бастауы «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлікке баулитын арнайы курста 14 күн онлайн оқып, сертификат алдым. Құлынды бие алып, көбейтемін, қымыз жасап халықтың игілігіне қызмет етемін,-деген мақсатымды бизнес жобама арқау еттім. Адам алдына мақсат қойса, жететініне көзім жетті. Сонымен, комиссия мүшелерінің алдында бизнес жобамды жан-жақты қорғап шықтым. Өйткені, қымыздың бірнеше түрлерін, атап айтсам, киік отымен ысталған, сырлы шелекке құйылған ашыған, мейіз салынған, сұр қазы салынған қымыз түрлері мен жасалу жолдарын өз тәжірибемде қолданғанымды айтып бердім. Нақтырақ айтсам, бұрыннан бие сауып, қымыз жасайтын тәжірибемнің көмегі тиді.

Сонымен, 2022 жылы 3 қазанда 1 млн.225 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Негізінде, бизнес жобамда осы қаржыны құлынды биелердің шөбі мен жемін де алуға жеткіземін,-деп жоспарлағанмын. Алайда, алған қаржының үстіне 30 мың теңге қосып екі құлынды биені ауылдан сатып алдым.

Бүгінгі таңда жағдайымыз жақсы. Биелерді сауып, қымызын саудаға шығарып отырмын. Биелерді сәуір айына дейін семіртіп әрі сауып, қымызын алып отырамын. Одан кейін соғымға сойып, орнына тағы екі құлынды бие сатып аламын. Ал, құлындары таза пайда болып, өзімде қалады, – дейді Икрамжан Бакиров.

Осы орайда, «неге құлынды биені көбейтуден бастадыңыз?», – деген көкейдегі сауалға да жауап алдық.

-Мен бала кезімнен мал шаруасына жақын адаммын. Бозбала шағымнан асауларды бағындырып келемін. Негізінде, сүтті биелер асау болып келеді. Үшінші топтағы мүгедек жанмын. Омыртқада грыжа бар. Қол-аяғым қақсап, түнімен жата алмайтынмын. Тура денемді құрт жеп жатқандай, шыдатпай ауырдым. Бірде ауылдағы таныс ағайынның асау биесін қолға үйретіп, бір апта сауып бердім. Осы бір апта тыныш ұйықтап, ауруымнан айықтым. Осыдан кейін бие әкеліп, сауып жүрдім. Бірақ қыс мезгілінде тоқтатсам, қайта ауырып қалып жүрдім. Содан кейін қыс мезгілінде де тоқтатпай сауатын болдым.

Елімізде тәжтажал бастау алып, карантин жарияланған тұста 6 асау биені сауып, күніне 40 литр сүт алып, қымыздың бірнеше түрін дайындадым. Бие сауып, дайындаған қымыздан ішіп алып, шөп орамын, мал қора тазалаймын. Сол тұста дәрі-дәрмектер тапшы болды емес пе. Ауырған адамдар қымыздан алып іше бастады. Иә, қымыз көбінің дертіне дауа болып, емдік шипасын берді, – дейді.

Оның айтуынша, мал жарамды болу үшін қоражай жылы, азығы құнарлы болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда, жылқы малына ерекше күтім керек. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Сондықтан, азаннан кешке дейін қора-қопсыны тазалап, уақытылы азықтандырып тұрады.

– Алла қаласа 5 млн қайтарымсыз грантқа құжат дайындап өткізгелі отырмын. Құлынды биелер санын әрі қарай көбейтуді мақсат етіп отырмын. Ауылымызда шылаушын өсірушілер көбейді. Солардың біразы үйдегі тезекті алып, пайдаларына жаратуда. Сондықтан, мен де шылаушын өсіруді қолға аламын,-деп арман жоспарын айтқанынан алға қойған мақсаты айқын екенін аңғардық. Халық бірлігі мен мемлекет тұтастығының нық болуына осындай қарапайым еңбек адамдарының қосып отырған үлесі зор. Ендеше, «екі қолға бір күрек» тауып, кәсібінен нәсіп көріп отырған Икрамжан Бакировке сәттілік тілейміз.

ӘРІ СУСЫН, ӘРІ ТАМАҚ

Жалпы жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Қымыранды ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Түйе сүтінің маңыздылығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыстары ауыратын адамдарға бұл – мың да бір ем.

Әсіресе, асқазан жарасына шипалы. Шұбаттың арқасында осындай дертпен ауырған талай адам жазылып кетті. Сондай-ақ, қымыран-шұбат адамның иммунитетін көтереді.

Жақында ғана ғалым-профессор Мұсатілла Тоқанов диабеттен құтқарудың ғылыми негізін жасады. Сусамыр дертіне шипа таппай әлемдік медицина дағдарып жатқанда, шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоқанов дауасын түйе сүтінен тапты.

Қазір дүниені рак ауруы теңселтіп тұр. Әлемдік медицина дәрменсіз. Бірақ емін жаппай іздеп жатыр. Мәскеудің Герцен атындағы онкологиялық институтының профессоры Р.И. Якубовская бастаған бір топ ғалымдар обыр ауруының алдын алатын лапрот деген препаратты өндіріске енгізбекші. Профессор ракқа қарсы лактоферрин деген ферментті ана сүтінің ақуызынан тапқан. Бірақ ғылыми жаңалықтың өзіндік қиындықтары аз емес. Мәселен, 1 грамм лактоферринді алу үшін 25 әйелдің сүті өңделуі керек. Оның өзіндік құны 2500–3000 АҚШ доллары. Ал 100 грамм алу үшін 2,5 тонна ана сүті керек.

Ғалымның дәлелдеуінше, түйе сүтінен де лактоферрин алуға болады. Сонымен қатар, түйе сүті сиыр сүтімен салыстырғанда «С» дәрумені 5 есе, «РР» 3 есе, «Е» 2 есе, «темір» 10 есе, «кальций» 1,5 есе, «лактоферрин» 30 есе көп. Басқа қасиеттерін санамағанда, құрт ауруына, ішек-құрылыстары, бауыр, дәрумен жетіспеушілік, қан аздық және қант ауруына бірден-бір еміңіз түйе сүтінде.

БАУЫР, БҮЙРЕК ЖҰМЫСЫН ЖАҚСАРТАДЫ

Негізінде, денсаулыққа аса пайдалы бұл сусынның қадірін бізден бұрын шетел біліп отыр. Қазірде Израиль, Германия, Норвегия тәрізді елдерде қымыранның құны да жоғары, өндірілу технологиясы да сапалы. Малайзия, Израиль, Германия елдерінде қымыранның құрылысын, қасиетін, құрамын зерттеуге сол елдің ғалымдары барынша ықылас білдіруде.

Ғалымдардың айтуынша, сапасы жоғары қымыранның адам ағзасындағы өт жолдарын тазалауға, бауыр-бүйрек жұмысын жақсартуға берер шипасы мол екенін анықтады. Оған дәлел бiр литр қымыран ересек адамның В1, В12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін бере алады екен. Қымыран қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Осы арқылы бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Айран мен сүтке қарағанда шұбаттың тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары.

АЖАЛДАН АМАН САҚТАЙТЫН ЖАЛҒЫЗ СУСЫН

Ғаламторды ашып қалсаңыз, қымыз туралы мәлімет жетерлік. Халқымыз «қымыз – қырық ауруға ем» деуші еді, тіпті одан да асып түседі екен. Жетпіс екі ауруға ем болатынын дәлелдеп жазғандар да бар. Оған шүбә келтірмейміз, даусыз ақиқат, талассыз шындық. Небір білікті дәрігер, атақты профессорлар емдей алмаған немесе «адам болмайсың» дегенді сыпайылап айтып шығарып салғандардың қымыз не саумал ішіп, құлан-таза айығып кеткені туралы мыңдаған факті бар. Өзіміз де көріп-білгенбіз, аты-жөнін айтудың қажеті жоқ. Анада одан да бір сұмдық оқиғаны естідім. Обырға шалдыққан бір келіншекті ауруханадағылар шығарып салған ғой. Обыр жатырын жеп қойғанын, бала көтере алмайтынын тұрмысқа шыққанда бір-ақ білсе керек. Ештеңеден үмітсіз, өмірден де, баладан да. Сол келіншек жаз бойы сауылған бетте биенің сүтін ішіп, обырдан жазылып қана қоймай, кейін нәресте көрген. 

Алланың құдіретінде шек жоқ, биенің сүтіне осындай емдік қасиет дарытып қойған. Үмітсіз деп диагноз қойылған небір атақты адамды білеміз, қымыз ішіп жазылған. Қазақтар ғана емес, қаншама шетелдік тарихи тұлға емделген. Қазақ десең, Қаныш Сәтбаевты, орыс десең, Толстойды айтса жеткілікті. Бұрын ауылдарда екі үйдің біріне кіріп ішіп шығатын сол қымызға қазір қалада қол жеткізу қиын. Қалада екі қадам бассағ бір-бір сырахана, қымызхана жоқ, бірақ. Іздеп жүріп зорға табасың, бағасы удай, дәмі де сол шамалас немесе татымал болып шығады.

Жалпы ақ деген өте шамшыл нәрсе, су араластырған қымыз уға айналады. Ұзақ уақыт сақталған ескі қымыздан ауырмайды адам. Су немесе күріштің суы қосылса ауыртады. Мұның бәрі бастан өткен соң білеміз. Таза қымызды баклашкаға құйып, бес-алты сағат шайқамай қойса, көк суы астына тұнып, сүті бетіне шығады. Қоспасыз қымыз сөйтеді. Бес-алты сағат тұрғанда өйтпеді екен, қымыз таза емес деген сөз. Бұған бәс тігуге бармыз.