Түркістанда құс шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Ал құстың ерекше түрлерін өсіру кімді де болсын таңқалдырары сөзсіз. Ордабасылық Гүлдана Жарылқадиева құстың ерекше түрі қырғауылды қолда өсіреді. Оның құстарға деген бала күнгі қызығушылығы кәсіп ашуына себепші болған. Биыл жыл басында өз жобасын қорғап, мемлекеттен қайтарымсыз несие алған кәсіпкер Гүлдана кәсіп бастамас бұрын аталған құс жайлы көптеген деректер жинап, жан-жақты ізденген. Алғашқыда 30 шақты қырғауыл сатып алып бастаған ол бүгінгі таңда санын 300-ге жеткізген.
-Қырғауылдарға қолайлы жағдай жасау үшін мемлекеттен алған қаржыға әуелі инкубатор мен 3 брудер, екі аккумулятор және бір генератор құрылғыларын сатып алдым. Себебі, жарық сөніп қалса генератор көмегімен тоқ беремін. Құстар өте нәзік келеді. Сондықтан да инкубаторға жұмыртқа салған соң белгілі бір температурада үздіксіз жұмыс істеуі керек, – дейді кәсіпкер келіншек.
Осы орайда өңір тұрғындарына кәсіп туралы аз-кем ақпаратты ұсынамыз.
Құстар –жаратылыстардың ішіндегі тамаша туындылардың бірі. Олар шапшаңдығымен, сыртқы сымбаттары мен сұлулықтарымен көз тартады. Қырғауыл – ең әдемі құстардың бірі. Ол оңтүстікте кездесетін құс, алайда оны еденіне құм төселген, аналығы жұмыртқа салу үшін шөп салынған күркешесі бар ашық торлы қораларда жыл бойы өсіруге болады. Мұның бәрін үй маңындағы учаскеде жасауға әбден болады.
Тұқым түрлері. Азия аумағының кең көлемін мекендейтін қарапайым қырғауылдың (Phasianus colchicus) қанаттарының бояулары арқылы ерекшеленетін 30-ға жуық түрлері бар. Жалпы дене тұрқы тауыққа ұқсас болады, одан айырмашылығы ұзын құйрықтары ғана. Қырғауыл қанаттарында алтын, қою-жасыл, қызғылт-сары, күлгін және басқа да түстер кездеседі. Құйрығы сарғылт-қоңыр, жолақты болып келеді
Өсіру. Қырғауылдарды әдетте торлы қораларда ұстайды. Ағаш немесе темір тіректерге үш жағынан сым торларды керу арқылы тор қораларды қолдан жасап алуға болады. Қораның төртінші қанаты жағында тақтайдан жасалған сарай болады. Қырғауылға арналған қораның төбесін тормен кейде құстарды жауын мен ыстықтан қорғау үшін шатырмен жабады. Жалпы, қырғауылды орналастыру ережесі бойынша 1 м2 жерге 0,9-1,1 келеді. Оларды жұбымен, үйірімен ұстайды.
Қырғауылды күтуді құстар үнемі тоқ әрі тазалықта болатындай етіп ұйымдастыру керек. Тор қораны тазалықта ұстау – құс денсаулығын сақтаудың негізгі шарттарының бірі.
Қыс мезгілінде өсіру. Қораны арасына жылу сақтайтын жабын салынған екі қабатты тақтайлардан жасайды, оның терезесі мен желдеткіші болуы керек. Мұндай жылы жабындар шатыр мен төбенің арасына да салынады. Қораға жылытқыш құралдар орнатып, электр жарығын жүргізеді. Қыста күн жылы кезде жылу сүйетін қырғауылдарды тор қораға, күн көзіне шығаруға болады, алайда сарай есігі үнемі ашық болуы керек, өйткені қай жерде ыңғайлы болатынын құстардың өздері таңдайды.
Жем беру. Жемдерді түрлі топтарға бөледі, дәнді: жүгері, сұлы, арпа, бұршақты, шөпті: көк шөп (жоңышқа, беде, бұршақ, жас қалақай). Көк шөпті қырғауылдарға жаңадан шабылған жас күйінде, ұнтақтап немесе басқа жеммен араластырып, сулы быламық ретінде беру қажет. Жас шөпті жеке жем салғышқа салып та беруге болады. Қырғауыл балапандарының әр басы күн сайын 5-15 гр. жас шөп жесе, ересек қырғауылдар — 20-30 гр тұтынады.
Жас шөп каротиннің, түрлі дәрумендердің, көбіне ақуыздың қайнар көзі болып табылады. Қырғауылдың балапандарына мал жемдері ерекше қажет. Қырғауыл азығы үшін ұйыған сүт, ірімшік, қаймағы алынған сүт, ацидофильді сүт секілді сүт тағамдары да пайдаланылады. Балықты, балық ұнын алдын ала қайнатып, ұнтақтап береді.
Көбейту. Қырғауылдың ұрғашысы сарғыш-қоңыр түсті, жасыл теңбілдері бар 7-ден 18 жұмыртқаға дейін салады. Жұмыртқасының түрі мен үлкендігі өзгеріп отырады. Жұмыртқасының ұзындығы — 42-46 мм, ені — 33-37 мм. Жұмыртқаның орташа салмағы — 30-35 гр. Жұмыртқа басуының ұзақтығы 21-ден 27 күнге дейін жалғасады. Қырғауыл ұясы топыраққа тереңдете төселген собық, бұтақшалар, құс қанаттарынан тұрады.
Кішігірім шаруашылықтар мен бақша учаскелерінде қырғауыл балапандарын карлик (қортық) тұқымдас тауықтар (бентамка) мен үндіктер, т.б. күріктету арқылы көбейткен оңай. Күріктегіш құс балапандарды қыздырады, қауіп-қатерден сақтайды, ауладан олар үшін жем табады, әр уақытта өз жанынан тастамай, қарайлап, құстарды өсіруді біраз жеңілдетеді. Қырғауыл балапандарын күрік тауық арқылы көбейткен кезде ұялық бақшада ұстайды.
Ұялық бақша алдыңғы қабырғасы тұтас ағаштан кейде қырғауыл балапандары емін-еркін кіріп-шығатын, бірақ күрке тауық сыймайтын алынып-салынатын тормен алмастырылатындай ағаш жәшік түрінде жасалады. Қырғауыл балапандарын тауық балапандары секілді тамақтандырады. Инкубаторлық әдіс арқылы қырғауылды дәл тауық балапандары секілді көбейтеді.
Өнімді құс фабрикаларына, мейрамханалар мен дәмханаларға, базарларға өткізуге болады. Жергілікті басылымдарға жарнама беру арқылы өнімді тікелей сатуға да болады.
Ордабасылық келіншек Гүлдананың құстарға деген сүйіспеншілігі кәсіп ашуына себеп болыпты. Айта кетейік, кейіпкеріміздің негізгі мамандығы бағдарламашы. Келіншектің бұл бастамасына отбасы түгел қолдау білдірген. Еңбекқор келіншек кәсібіне кіріспес бұрын ғаламтордан, түрлі дерек көздерінен қырғауыл құйрықты құстың ерекшелігін, қыр-сырын, оны күтіп баптау әдістерін толық зерттеп шыққанын айтады. Сосын мемлекеттік «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, сертификат алған. Биыл жыл басында арнайы комиссия отырысында, өзіне қойылған бар сұраққа түгел жауап беріп, ерекше жобасын сәтті қорғап шығыпты.
Мемлекеттен алған қаржысына көптен көздеп жүрген инкубатор мен 3 брудер, екі аккумулятор және бір генератор құрылғыларын сатып алған. Себебі, жарық сөніп қалса генератор көмегімен тоқ береді. Құстар өте нәзік келеді. Сондықтан да инкубаторға жұмыртқа салған соң белгілі бір температурада үздіксіз жұмыс істеуі керек. Кәсіпкер келіншек құрылғының ылғалдығы мен уақытын да бақылауда ұстап, күнкөрісіне жарап тұрған құстарына ерекше баппен қарайды.
Бір инкубаторға 300-ге дейін жұмыртқа салуға болады екен. Балапандар 20 күнде жұмыртқа жарып шығады. Сосын оларды арнайы будерге қояды. Бір ай бақылаудан кейін далаға ашық аспан астындағы қораға шығарады. Құстарды бір жерде ұстау өте қиын шаруа. Бір-біріне тиісіп, шұқып тастауы да мүмкін. Сондықтан оларға арналған арнайы көзілдірік сатылады. Келіншек құстардың қауіпсіздігі үшін әрбіріне осы көзілдіріктен тағып қойған. Алайда, қырғауыл өте өсімтал екен. Ерте көктемнен күзге дейін жұмыртқалайтыны кеткен шығынды екі еселеп өтейді. Бастапқыда отыз шақты қырғауыл сатып алып, кәсібін бастаған келіншектің қазір олардың саны 300-ден асып кеткенін қуанышпен айтады. Былай бір қарағандағ оп-оңай көбейе салғандай көрінгенмен, олардың көбею жолы өте нәзік, кірпияз. Әр сағат, әр күн сайын мұқият бақылауды, көзден таса қылмауды талап етеді.
Осынау қиындығы мол кірпияз шаруаны келіншегі қолға алатынын айтқанда күйеуі көп ойланыпты. Әрине, күдік басым болған. Алайда, іскер келіншегіне сенім білдіріп, кәсіптің ерекшелігі мен жаңа бастама болған соң келісіп, қолдай кеткен. Жұмысбасты болса да қолы қалт етсе, жолдасы да құстарға қарап, қолғабыс етеді. Өнімді арттырып, пайданы еселеу үшін ізденеді. Қырғауылды күтіп-баптауды үйрету үшін ютуб каналдарын ашыпты. Қазір сұраныс өте көп тіпті солтүстік өңірлерден келіп алып кетіп жатыр,- дейді.
Жалпы жеке кәсіп ашып пайда тапқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көп. Тағы бір қуаныштысы биылдан бастап берілетін қайтарымсыз несиенің қаржы көлемі де артқан. Соның арқасында ауданда шағын және орта бизнес саны артып келеді. Әсіресе, бұл бастама ауыл келіншектерін қызықтырып отыр. Түрлі жобалар ұсынып, өздерінің сүйікті істерінің арқасында отбасын асырап жүр.