Start Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОТЫРАРДА ЕРІКТІЛЕР БЕЛСЕНДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОТЫРАРДА ЕРІКТІЛЕР БЕЛСЕНДІ

Бүгін әдеттегідей берік қалыптасқан ізгі дәстүр бойынша ауданымызда сауабы мол ізгілікті іс атқарылды. Әрине, естіген, көзімен көрген кез-келген жанның ет жүрегін елжіретіп, көңілін тебірентетін мұндай сауапты тірлік қаламгерлер қауымы тәжтажал деп айдар таққан коронавирус індеті жер жақанды жайлап, дүниежүзін дүрбелеңге салып, адамдар үрейленіп, әбігерге түскен кезеңде адамгершілік, имандылық тұрғысынан мән-маңызы зор қуаныш, демеу болды деуімізге негіз бар.
Қайырымдылық пейілдің жарқын көрінісіндей болып танылатын демеушілік ниет дегеніңіз ешқашан көлемімен өлшенбесе керек. Әңгіме өзіндей жандардың жай-күйін дұрыс түсініп, олардың басындағы хал-ахуалды адами тұрғыдан зерделі түрде пайымдап, соған сай әрекеттің үдесінен шыға білу азаматтың ажарын әрқашан жарқыратып аша түспек.
Бүгінгі қайырымдылық іс-шарасын аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде ел мұқтажын әрдайым басты орынға қоя білетін кәсіпкер Аралбай Асан Түркістан облысындағы Шәуілдір және Талапты ауыл округтеріне қазіргі таңда жұқпалылығымен, қауіптілігімен адамзат баласын үрейлендіріп отырған індеттің бірден-бір қорғаныш құралы болып табылатын бума-бума бетпердені тегін үлестірсе, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман мен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манаповтардың тікелей ұйытқы, бастамашы болуларымен аудандық орталық ауруханаға бір жылқының тұтас еті мен әртүрлі азық-түлік түрлері арнайы жеткізіліп берілді.

Қазір қайсыбір істерде болса да еріктілердің белсеніп жүргендеріне көзіміз әбден үйреніп қалғандай. Бүгін де осындай қайырымды көрініс орын алып, еріктілердің елжандылық қасиеттері айқын аңғарылып, ауруханадағы әрбір бөлімдерге Маяқұмның дәмі тіл үйіретін, шипалы дәрумендерге аса бай балдай тәтті шұбаттар үлестірілді. Мұндай адамгершілік ізгі қасиетке көңілдері толқып, ерекше қуанған емделуші сырқаттар қайырымдылық пейілдерін нақты істері арқылы жарқырата көрсеткен мейірімді жандарға шынайы алғыс сезімдерін ризашылықпен жеткізіп жатты. Шын ниетті шынайы пейілдердің жемісі болып табылатын мұндай сауабы мол ізгі істер біздің киелі Отырарда бұған дейінде бірнеше рет жүзеге асырылғанына куә болып келеміз. Бұл қайырымдылық ізгілікті істің ең соңы емес екендігін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман мен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Аралбай Асандар «Айғақ» телеарнасына берген сұхбаттары арқылы сенімді түрде мәлімдеді. Азаматтардың мұндай нық тұжырымдарға келіп, ой түюлеріне негіз де жоқ емес десек қателеспейміз. Себебі, бұл сан құбылып, екі сөйлеуді ерсі көретін отырарлықтардың ортақ тұжырымы екендігі дау тудырмайды.