Start Білім ТҮРКІСТАН: ОҚУ-ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАРЛЫҚ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: ОҚУ-ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАРЛЫҚ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

Түрленген Түркістанның тасқа басылған тарихын сөйлетер болсақ, біраз сырын ақтарары анық. Сондай бір тарихи тамыры тереңге бойлаған тағылымды білім ордаларының бірі – қазақтың тұңғыш геолог-ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы №12 жалпы білім беретін  мектебі екенін шаһар халқы жақсы біледі. Биыл Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Мерейлі күннің құрметіне орай мәртебелі төр иелері мұғалімдер мен аталмыш білім ұясы жайлы болмақ бүгінгі әңгімеміз. Әңгімеміздің әлқиссасын әріден, яғни, тарам-тарам тарихқа шегіністен бастасақ. Қаныш Сәтбаев – Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым Академиясы тұңғыш президенті. Ұлы ғалым тек ғылыммен ғана емес, қазақтың тарихын, әдебиетін, өнерін зерттеумен айналысты. Оның сегіз қырлы бір сырлы болмысын жазушы Мұхтар Әуезов былай деп сипаттаған: «Қаныштың үлкен бір ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі», – дейді жазушы.

Тарихқа шолу жасасақ, 1947 жылы наурызда Қаныш Имантайұлы ССРО жоғарғы кеңесінің депутаттары қатарында Лондонда Уинстон Черчиллмен кездеседі, Сәтбаевты көрген Черчилл оның зор денесіне таңданып: «Өзге қазақтар да сіз сияқты бойшаң ба?» деп сұрағанда академик: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын! Халқым менен де биік!», – деп жауап беріп, өзінен бұрын қазақ халқының биік екенін ерекше мақтанышпен айтқан екен. Осы орайда ұлы ғұламаның атындағы киелі шаһарда орналасқан мектеп жайлы мақаламызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Білім ордасы ең алғаш сонау 1934 жылы  Киров атындағы бастауыш сынып  мектебі болып ашылып, 1960 жылдан бастап тұңғыш академик Қ.И.Сәтбаев атындағы 8 жылдық мектебі болып өзгеріп, 1977-1978 оқу жылы  орта мектеп болып ашылды. Қазіргі таңда ғасырға жуық тарихы бар білім ұясы 2010-2011 жылғы қыркүйек айында 300 орынға арналған жаңа ғимаратқа көшіріліп, шәкірт пен ұстаз арасындағы байланысты нығайтуда тың серпінмен ел игілігіне қызмет атқаруда. Қазіргі таңда мектеп қабырғасында 717 оқушы екі ауысымда білім алуда. «Терең тарихтан – жарқын болашаққа» деген қанатты сөзбен жасөспірімдерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру мақсатында 100-ге жуық ұстаздың басын қосқан үлкен ұжым, 10 әдістемелік бірлестік үздіксіз жұмыс жасап келе жатыр. Мектептің материалдық-техникалық жағдайы жақсы, мектеп базасы соңғы үлгіде жаңартылған, барлық кабинет заман игілігіне сай жаңа технологиялармен жабдықталған. Мектеп ғимараты оқушылардың сапалы білім алуына сай келеді. Химия, физика, информатика, мультимедиа кабинеттері арнайы жабдықталған, талапқа сай. Әр сыныпта интерактивті тақта және LED экрандармен орналастырылған. Мектеп ғимаратында қыздарға және ұлдарға арналған жеке гигиена кабиналары әр қабатта орналасқан, талапқа сай. Сонымен бірге қызметкерлердің де дәретханасы әр қабатта орналасқан.

Десек те мектептерді аралау барысында тосын жағдайлар жиі орын алып жатады. Мәселен, біз барған білім ордаларында интернет желісінің сапасы көңіл көншітпейтін жағдайлар жиі кездесті. Ғұлама ғалымның атындағы мектептің интернет сапасы небәрі – 19 мбит/с. Бұл біз барған мектептердегі жиі кездесетін мәселе. Алдағы уақытта көкейкесті мәселелерді шешу үшін нақты іске көшу жолдарын қарастырып жатырмыз.

Қоғамның алға басуы,  ізгілік пен татулықтың қайнар көзі мектеп болып табылатыны даусыз. Әрине «Мектеп» атты  кеменің тізгінін мығым ұстау әр адамның қолынан келе бермейді. Әсіресе, қазіргі білім саласындағы үздіксіз өзгерістердің енуін саналы қабылдап, әрекет ету ұстаз қауымынан аса жауапкершілікті қажет етеді. Ал ұстаздың шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал етуге мектеп басшысының атқарар рөлі зор. Осы орайда аталмыш білім ордасының директоры Мадина Абдрахманқызы Рысбекованың еселі еңбегін тілге тиек етсек. Еліміздің жарқын болашағы деп үміт күтетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, тағылымы мен өнегесін шәкірттеріне арнап, бойындағы бар күш-жігері мен білімін шәкірт тәрбиелеуге арнайтын Мадина Абдрахманқызының еңбегі ерекше. Ол еңбек еткен 23 жылда талай жетістіктерге жетіп, мектепішілік, қалалық, облыстық сайыстарға қатысып, білім ошағының абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз, ұжымда беделді ұстаз.

– Мектебіміздің 90 жылдық тарихы бар, мектепте жоғары білімді, білікті, тәжірибесі мол мамандар жұмыс істейді. Оның ішінде «Оқу ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне ие болған мұғалімдеріміз бар. Биылғы оқу жылы да соңына таяп қалды, бітіруші түлектердің саны – 39, оның 70 пайызынан жоғары оқу орнына түсіп кетуінен үміт күтіп отырмыз. 11-сынып оқушылары екі бағытта  білім алуда:  қоғамдық-гуманитарлық  және  жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша. Қазіргі таңда мектепте ҰБТ-ға қызу дайындық жүргізілуде, дайындыққа қосымша сабақ кестесі  түзілген, сол бойынша пән мұғалімдері оқушылармен жұмыс жасайды. Олар онлайн тегін платформадағы бар сабақтарды да алуда. Сонымен бірге қосымша дайындыққа барып, білімдерін шыңдап, ҰБТ- ны сәтті нәтижелі тапсыру мақсатында қосымша дайындалып жатыр. Ал мектеп асханасы керекті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бір мезетте сыйымдылығы  80 балаға дейін ыстық тамақпен қамтуға болады. Сапасы жақсы, сондықтан «жақсы»  деген баға бере аламын.

Жеке өзімнің біліктілігіме келер болса, негізгі мамандығым – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін М.Әбенова атындағы жалпы орта мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ бердім, тәрбие саласы бойынша орынбасарлық қызмет атқардым. Одан кейін қалалық білім бөлімінде ағылшын тілі әдіскері болып жұмыс істедім. Міне, биыл төртінші жыл осы мектепте басшылық қызметін атқарудамын. Осы 23 жыл еңбек өтілімде жалпы педагогикалық салада да, ұйымдастырушылық салада да тәжірибе жинақтадым деп ойлаймын.

Білім ордамызда жоғары білімді, біліктілігі мол, тәжірибелі мұғалімдер жұмыс жасайды. Баламен жұмыс жүргізіп, бала тәрбиелеп отырғандықтан, мұғалімдердің жүріс-тұрысы, сөйлеу, өзін-өзі ұстау мәдениеті және бір-бірімен ынтымағы да жоғары деңгейде. Мұғалімдер 3 жылда бір рет біліктілік курсынан өтіп тұруы керек, барлық мұғалімдер жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өткен. Сабақ беретін пәндері бойынша да 100% курстан өткен. Сонымен бірге цифрлық технологияның дамуына байланысты мұғалімдер өз білімін жетілдіруде. Әрине, олардың барлығы оқушылардың білім сапасына әсер етеді. 2023-2024 оқу жылында білім сапасы I тоқсанда – 50,82%, II тоқсанда – 56,80%,  III тоқсанда – 57,72% болды.

Сөз соңында мектептен түлеп ұшқан түлектердің жетістіктері жайлы тоқталып өтейін. Осы уақытқа дейін мектебімізден ұшқан түлектеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде лауазымды қызметтер атқаруда. Мысалы: білім  нәрімен сусындаған мектептің түлектері – Примашов Нұрзада Махамбетұлы   мектепті үздік аттестатқа бітіріп, қазіргі таңда Астана қаласындағы ҚР Президентінің жанындағы академиясының оқытушысы қызметін атқарып, білім саласына пайдасын тигізіп жүрген азаматтардың бірі. Сондай-ақ Примашов Нұрсафа Махамбетұлы да мектептің үздік аттестат иегері. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының экономикалық сотының төрағасы қызметіндегі білікті азамат. Бекболатов Ержан өз қаламыздың прокуротурасында бас маман қызметін атқаруда. Ал Молдабеков Жеңіс Нұртасұлы академик Қ.И. Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Қ.И.Сәтбаев атындағы музейдің директоры қызметінде, Әбенов Ерғали Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Менеджмент» кафедрасында PhD, доцент лауазымында қызмет атқарды. Бекболат Жеңіс Ыбырахымұлы жеке кәсіпкер,  Медет Сагинбеков Түркістан облысы Полиция департаменті ЖҚАЖ АМБ-нің Рота командирі полиция подполковнигі, Байшора Айдос Нұртасұлы «Сәулеттік бюро» КММ-нің директорының орынбасары қызметінде жүр, – дейді мектеп басшысы.

Мадина Рысбекова басқаратын ұжым бүгінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, асулардан асып, биіктерді бағындыра білді. Оларды атап айтар болсақ: «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты облыстық жас өнерпаздар фестивалінде мектеп оқушылары 2-орынды иеленді; «Өрлеу-өркендеу» журналы ұйымдастырған «Педагогика – менің таңдауым» байқауында жүлделі 1-орынды иеленді; ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының «Алғыс хатымен» марапатталған; «AMANAT» партиясының «Алғыс хатымен» марапатталған; «Облыстық қосымша білім беруді дамыту» орталығының «Алғыс хатымен» марапатталған; Түркістан қалалық маслихатының «Алғыс хатымен» марапатталған; Түркістан төтенше жағдайлар басқармасының «Алғыс хатымен» және т.б. марапаттармен марапатталған.