Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қорына еліміз бойынша 186,2 млрд.
теңге көлемінде жарна аударылған. Жинақталған жарнаның 5,7 пайызы
Түркістан облысының үлесіне кіреді. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте
сақталып, 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер
ақысын төлеуге жұмсалмақ. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік
коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев мәлімдеді.
«Елімізде 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша
көрсетіле бастайды. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек
(ТМККК) пакеті. Барлық азаматтар пайдалана алатын кепілдендірілген
тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация,
шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Сонымен қатар,
әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі
түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде
консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және
стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория
деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды
оңалту қызметі де осы пакетке кіреді. Ал, екіншісі – МӘМС пакеті. Бұл
пакетке консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат
болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК енгізілмеген
сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын
жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмекпен
қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге
бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ», – деді А. Бейсенбаев.
Биыл Түркістан қалалық орталық ауруханасы жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге сақадай сай.
Айта кетейік, 2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы
медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн. 620 млрд. теңге деп
белгіленген. Бұл биылғы шығындардан 67 пайызға көп. Аталған қаржының
967,7 млрд. теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд теңгесі –
сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.