Start Қоғам ТҮРКІСТАН: МАҚТАШЫЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: МАҚТАШЫЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынады. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. Өңірде жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналып, ауыспалы егіс жүйесі қолға алынатын болады.Ауыл шаруашылығы саласындағы осы және өзге де өзекті мәселелерді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының Жетісай ауданы Жаңа ауыл, Жылы су ауылдық округтерінде өткен кездесулерде айтылды.Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Сакен Жайлыбаев пен облыстық, аудандық мәслихат депутаттары қатысқан жиында шаруалар талап-тілектерін ортаға салып, мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру, мақта өсіріп, оны терең өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын саласын дамытуға нақты қадамдар жасау мәселелерін ортаға салды.

— Түркістан облысы мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынып отыр. Бұл тұста Үкімет тарапынан да, облыс әкімдігі тарапынан да барынша қолдау көрсетілуде. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды.Біздің өңірімізде өндірісті дамытудағы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өңірлік бағдарламаларды қабылдау, осы бағыттағы жұмыстарға күш салу, жеңіл өнеркәсіпті арттыру арқылы жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік беру үлкен маңызға ие, — деді Ермек Кенжеханұлы.

Сондай-ақ кездесулерде жылына 300 мың тоннадан астам мақта өндіретін өңірде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді екендігі, мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма тігін фабрикаларын ашу керектігі айтылды.Айтылған ұсыныстарға байланысты мақтаны сатып алушы трейдер компаниялардың былтырғы мақтаны әлі де толықтай сата алмағандығы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізген жұмысшы топ өкілдері заңдылықтарын түсіндірді.Шаруалар тарапынан мақта кластерін дамыту, өнім сапасын арттыру бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді, көтерілген мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.