Start Қоғам ТҮРКІСТАН: КІТАПХАНА – ҰЛТ ӨЗЕГІ

ТҮРКІСТАН: КІТАПХАНА – ҰЛТ ӨЗЕГІ

Ұлттық Құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап пен кітапхананың қоғамдағы орнын ерекше атап көрсетуі біздер – кітапханашылар үшін ғана емес, барша ел жұрт үшін жақсы жаңалық, керемет бастама болды. Атап айтсақ, Құрылтай кезінде Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту және кітапханалар санын арттыру мәселесіне тоқталды.

«Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент кітап оқырманға қолжетімді болуы керектігін атап өтті.

Кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылық. Олай болса, құндылыққа жақын болу, оған сүйіспеншілік таныту, кітапты тұрақты серік ету – адами қасиеттің бір қырына айналғаны абзал. Неге десеңіз, оқу сауаттылығы – тұлға қалыптастырудағы маңызды көрсеткіштің бірі. Мектепте рухани адамгершілікке, патриотизмге, еңбекке баулу сияқты, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру да тәрбие жұмысының басым бағыттарының біріне айналса дейсің. Бұл мектеп оқушысының оқу іс-әрекетін дамытуға, кітап мәртебесін көтеруге, кітап оқуды әдетке айналдыруға зор ықпалын тигізері хақ.

Осы орайда Мемлекет басшысының болашақ ұрпақ үшін барлық мүмкіндіктер туғызуға деген игі істері мен жаңашыл бастамаларын іспен қолдаймыз.

Қазіргі таңда Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасы соңғы технологиялармен жабдықталған, заманауи кітапхана. Мұнда оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Кітапханада жалпы 12 бөлім бар. Олардың ішінде басқа кітапханалардан ерекшелейтін тұстары да бар. Мәселен, техникалық қызмет көрсету және бағдарламалық қамтамасыз ету бөлімі кітапханадағы компьютерлердің бағдарламаларын орнатып жұмыс істеулерін қамтамасыз етумен қатар, кітапхана қызметіне қажетті құжаттарды басып шығарып, «Ирбис Web 64» бағдарламасы арқылы кітапханалық қызметті модернизациялау арқылы дамытып, оқырмандар картасын шығаруды жасақтады.Сондай-ақ, кітаптарды сақтандыру мақсатында чиптеу жұмысы жүргізіледі. Балалар бөлімі – 4-14 жас аралығындағы балаларды кітап оқуға тарту мақсатында – «Ақ әжемнің ертегісі», «Қуыршақ театры», «МультиАрт» жобалары іске асуда. Қазіргі таңда балалар бөліміне келушілер саны артуда. Цифрлық шеберхана бөлімі бірнеше машинаны қолдана отырып жұмыс жасайды. Айта өтсек – 3Д принтер, Чпу лазерлік құрылғысы орнатылған. Қазіргі таңда шеберханада арнайы ағаш ұстасы жұмыс жасайды. Ағаш ұстасы осыған дейін кітапханаға түрлі формадағы сөрелерді, айта кетсек – кесене тәрізді сөрелер, құмыра сөрелері, балаларға арналған ертегі кейіпкері қошқар мен теке сөресі, керуеннің басты сиволы болған түйе сөресі және сынды дүниелерді жасап шығарды.

Кітапханамыздың тағы бір ерекшелігі кітаптарды сақтандыру мақсатында арнайы чип орнатылады. Осынау чип орнатудың тағы бір пайдалы тұсы оқырмандардың кітапханашының көмегінсіз арнайы орнатылған терминалмен жұмыс жүргізе алады. Терминал арқылы оқырман кітап мерзімін создырып, кітапты қайтара алады. Оқырмандардың қолындағы және қолданыста жүрген кітаптарды түрлі шаң тозаңнан тазалау мақсатында арнайы дезинфекция аппараты арқылы жүзеге асып отырады. Кітапханада оқырмандар үшін «Атамұра» құмыра үйірмесі жұмыс жасайды. Аптасына 3 рет, оқырмандар үшін тегін қызмет атқарады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», – деп баса айтты.

Шындығында, Мемлекет басшысының 2023 жылы Түркістанда өткен Құрылтайда тәулік бойы жұмыс жасайтын заманауи кітапханалардың салынатыны туралы айтқан тапсырмаларының Алматы және Астана қалаларында көп ұзамай іске асатыны туралы мәлімдеуі және Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастаманы қолдайтындығы көңілге жылылық ұялатып отыр. Әсіресе, қазақ тілінде жарық көрген өзіміздің әдеби кітаптарымыз бен әлемдік классиктердің ана тілімізде аударылған туындыларын кітапханаларда көбейту – құптарлық іс.

Біздің Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында жастардың кітап оқуға деген құлшынысын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Алайда, Президенттің кітапхана, жалпы кітап туралы айтылған осынау Құрылтайдағы сөзі кітапханашылар қауымына үлкен рухани демеу берді. Ендеше, алдағы уақытта халықты жаппай кітапсүйгіштікке тәрбиелей аламыз деген сенімдеміз.

Жанат ШАРДАРБЕКОВА,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры.