Өңір дамуының даңғылына айналатын ауылшаруашылық саласына арналған „Ауыл аманаты жобасы“ аудандарда жақсы қарқын алды. Сауран ауданында «Ауыл аманаты» жобасымен несие алуға 273 адам құжат тапсырған (1 492 млн. теңге). Бүгінгі күнге 1 276 млн. теңгелік 192 жоба мақұлданып, 182 жобаға 1 193 млн. теңгеге қаржыландырылды.
Мал шаруашылығы бағытында – 158 жоба; (құны 945 млн. теңге)
Өсімдік шаруашылығы – 9 жоба; (құны – 54 млн. теңге)
Балық шаруашылығы – 2 жоба; (құны – 17 млн. теңге)
Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері – 5 жоба;
(құны – 124 млн. теңге)
Өз кәсібін ашуға – 8 жоба; (құны 53 млн. теңге)
Бүгінгі күнге аудан бойынша 104 шаруа өзге облыстан 1217 мал сатып алды және 9 шаруа жылыжай салды.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласында 95,4 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлемі-100,8% құрады. Атап өтсек, өсімдік шаруашылығы – 67,4 млрд. теңге (100,9%), мал шаруашылығы – 27,5 млрд. теңгені (100,4%) құрады. Биылғы жылы 44 082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда 1945 гектар артық орындалды (104,6 %).
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 8,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе артты. 2024 жылға ауыл шаруашылығы бойынша жалпы құны – 10,4 млрд. теңгеге 7 ірі және 35 шағын инвестициялық жоба іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығында жалпы құны – 3,8 млрд.теңгеге 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
Ауданда мал саны – 533 484 бас, құс саны – 179 897 басты құрап, бүгінгі күнге 10 535 тонна ет; 49 977 тонна сүт; 8 млн. 209 мың дана жұмыртқа өндірілді. 2024 жылға мал шаруашылығы саласында жалпы құны – 6,6 млрд.теңгеге ірі 3 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қалаларға жұмыс сапарында Сауран ауданындағы бірнеше нысанды аралап, кәсіпкерлермен, тұрғындармен жүздескен болатын.
Бүгінде Сауранда жиһаз өндірісі жақсы дамып келеді. Өңір басшысы Қарашық ауылындағы «Bahyt mebel» жиһаз жасау цехының жұмысымен танысты. Биыл іске қосылған жобаның құны – 20 млн. теңге. Шағын цехта 10 адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі цех иесіне шағын кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар туралы түсіндірді. Өңірде жиһаз кластерін дамыту жұмысы жүріп жатқанын, ол үшін арнайы жер бөлінгенін, жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті. Аудан әкімі мен Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Turkistan» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшылығына кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын ширату жөнінде тапсырма берді.
Одан кейін облыс әкімі Қарашықтағы жеке кәсіпкердің гүл өсіретін жылыжайында болды. Жылыжай 2010 жылы іске қосылған. Жобаның құны – 20 млн. теңге.
– Ауыл шаруашылығы – негізгі драйвердің бірі. Тұрғындарға осы саланы, кәсіпкерлікті насихаттап, қолдау көрсеткен жөн. Аудан әкімдігі, жауапты басқармалар «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жұмысты жандандырып, тұрғындардың іс бастауына көмектессін. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.
«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деген болатын Президент өз Жолдауында.
Ауыл аманаты «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. – несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; – несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; – номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.
«Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тырысамыз. Жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру үшін кең ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өткіздік. Мобильді топ құрамындағы тренерлеріміз 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында республикадағы 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамтыған кездесулер өткізді», – деді ол.
Ауылдықтар жобаға үлкен үміт артып отыр Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза.
«Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау. Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.
«Кооператив құру және өткізу тізбегін қалыптастыру бойынша тренингтер өткізілді. Адамдар жекелей жұмыс істей алатынын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативіне біріге алатынын түсіндірдік. Бұл қадам шығынды азайтады. Мысалы, жемді нарықтағы бағадан 40-50 %-ға арзан бағамен сатып алуға болады. Жер жырту, қоқыс шығару кезінде де арнайы техниканың қызмет құны төмендейді. Кооперативтер техниканы лизингке оңай ала алады. Облыс әкімдіктері кооперативтерге кәсіби агрономдардың, ветеринарлардың, механизаторлар мен зоотехниктердің қатысуын қамтамасыз етеді», – деді жобалық кеңсе хатшылығы басшысының орынбасары Ақмарал Бекмұрзаева.
«Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан 2025 жылға дейін қолданыста болады. Аталған жобаны барлық өңірде іске асыру үшін бюджеттен кредиттер бөлу көзделіп отыр.
Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан қолдау бағдарламаларының арқасында облыста ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің өсу қарқынының тұрақты динамикасы қалыптасты.
Ауыл тұрғындарын жаппай жұмыспен қамтамасыз етудің негізгі жолдарының бірі – қосалқы шаруашылықтарды қолдау және дамыту.
Тұжырымдамалық тәсілдер бойынша аталған жобаны жүзеге асыру үшін ұсынылған критерийлерге сәйкес ауылдық округтер іріктеу жүргізіліп, 96 ауылдық округ анықталды.
Дегенмен, «АМАNАТ» партиясы жанындағы «Ауыл Аманаты» жобалық кеңсесінің ұсыныстары бойынша 17 ауылдық округ ұсынылып, жобаның максималды тиімділігіне жету үшін бюджеттік қаржыландыру көлемін ескере отырып, екі ауылдық округте жобаны жүзеге асыру ұсынылды.
Бұл ретте облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымын, сондай-ақ азаматтардың жеңілдікті шарттармен жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне деген үмітін ескере отырып, барлық ауылдық округтерді тарту көзделуде.
Бүкіл Қазақстан бойынша Үкімет AMANAT партиясымен бірлесіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік беретін „Ауыл аманаты“ жобасына жол ашты берді. Оны Қазақстанда бірінші болып Ақтөбе облысы іске асыра бастады, ал 2019 жылы ол Жамбыл облысында пилоттық режимде сәтті іске асырылды.
Жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджетте 52,4 млрд теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көзделген. Бұл ретте әкімдіктер қазіргі уақытта қаражатқа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізеді.
AMANAT партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу процесінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе ашылды.
Осы жоба бойынша микрокредит беру мерзімі 5 жылды құрайды, бұл ретте мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін 7 жыл кезең көзделген. Максималды сома – 2,5 мыңнан 8 мыңға дейін (зәкірлік кооперация) АЕК, номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.
Қаражатты ала алады: ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған қысқартылатын жұмыскерлер; ЖК ретінде тіркеусіз тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар (оның ішінде әрекетсіз ЖК); отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар; ЖК-да өнім өндіретін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен сату немесе айырбастау үшін жеке қосалқы шаруашылықтың мүшелері; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері.
„Бұл біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36% – ға төмендеді. AMANAT партиясы мен үкіметтің міндеті – „Ауыл аманаты“ жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды“, – деп атап өтті AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.
Өңір басшысына «Қарашық» спорт кешенінің жұмысы таныстырылды. Жеке кәсіпкер салған нысанның құны – 230 млн. теңге. 2021 жылы пайдалануға берілген спорт кешенінде 8 адам жұмыспен қамтылған. Спорт үйрімелерінде 320 тұрғын тұрақты түрде спортпен айналысады.
Іссапар барысында спорт және өзге де әлеуметтік нысандарды салуға жеке инвесторларды тартудың маңызы зор екені айтылды. Облыс әкімі тарапынан жауаптыларға тиісті тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. Сауран ауданын дамыту жұмысы жалғасады.