Start Қоғам ТҮРКІСТАН: 2024 ЖЫЛЫ ТӨЛЕБИ АУДАНЫ АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: 2024 ЖЫЛЫ ТӨЛЕБИ АУДАНЫ АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ


Түркістан облысы Төлеби ауданындағы ауыз су мәселесі облыс және аудан әкімінің тұрғындарымен кездесулерінде көтерілген болатын. Мәселені шешу бағытында ауқымды жобалар қолға алынды. Нәтижесінде, аудандағы бірқатар елді мекенде түйткілді мәселе шешімін табуда.
Орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған Жаңакүш елді мекенін таза ауыз суға қосу бағытында тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, аудан халқы 100 пайыз ауыз су жүйесімен қамтылады деп күтілуде.
Ауданда ауыз су сапасына да жіті назар аударылуда. Ескірген су жүйелерін жөндеп, ашық су көздеріне су тазалағыш қондырғыларын орнату жұмыстарына биыл 1,2 млрд. теңге бөлініп, 9 нысан бойынша жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, 5 нысан (Керегетас, Зертас, Бейнеткеш, Нысанбек, Көктерек (Ленгір) биыл аяқталса, қалған 4 нысан (Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы, Жаңажол) келесі жылға өтпелі. Көктерек су тазалау имаратының құрылысын аяқтауға 64 млн. теңге қаралды. Сонымен қатар биыл Бейнеткеш, Зертас, Керегетас, Нысанбек елді мекендеріндегі су қабылдау нысаны мен су құбыры желілері іске қосылады деп жоспарлануда.
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Қоғалы ауылдық округіне арнайы іс-сапармен барып, Алшалы және Ұзынарық елді мекендеріндегі су құбырының құрылысымен танысты. Ұзынарық елді мекенін таза ауыз сумен қамту бағытында 9000 метрге диамерті 160 мм құбыр, 1700 метрге диамерті 110 мм құбыр және 54 су құдығы орнатылды. Бүгінгі таңда резервуар аумағы тегістеліп, қарауылхана, бактерицидтік ғимарат пен резервуардың құрылысы жүргізіліп, қоршау жұмыстары аяқталды. Жоба негізінде 1248 тұрғын немесе 192 абонентті сапалы ауыз сумен қамтылады. Кіші Алшалы ауылына 1000 метрге диамерті 110 мм, 5000 метрге диаметрі 63 мм құбыр тасталып, көмілді. 22 су құдығы орнатылды. Үлкен Алшалы ауылына 3500 метрге диамерті 125 мм, 1500 метрге диаметрі 63 мм құбыр тасталып, көмілді. 59 су құдығы орнатылды. Резервуардың алаңшасы тегістеліп, қоршау жұмыстары атқарылуда. Жоба бойынша 576 тұрғын немесе 118 абонент сапалы ауыз сумен қамтылады. Диханкөл елді мекенінде «Жаңғақты» бұлағынан келетін су құбырын жүргізу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған елді мекендердің ауыз су құрылысы 2024 жылы аяқталады.
Жұмыс барысын бақылаған аудан басшысы Төлеген Телғараев мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі көрсетілген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Төлеби ауданындағы су құбырларының жалпы ұзындығы – 1 226 шақырым, абонент саны – 22 368. Аудандағы 55 елді мекеннің 54 елді мекені ауыз су жүйесіне қосылып, көрсеткіш 98,2 пайызды құрап отыр.