Start Қоғам ТҮРКІСТАН: ФЕРМЕРЛЕР ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

ТҮРКІСТАН: ФЕРМЕРЛЕР ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Негізгі тақырыпқа кіріспес бұрын, ферма немесе фермер шаруашылығы туралы анықтама беріп өтейік. Фермер шаруашылығы дегеніміз — меншікті, жалға алынған немесе зиян тигізбеу құқығы шартымен берілген жерде құрылған, иелерінің немесе жалгерлердің күш-құралымен жүргізілетін ауылшаруашылығы саласындағы жеке меншік, кооперативтік немесе мемлекеттік кәсіпорын. Қысқаша айтқанда ет-сүт немесе басқа да өнім өндірумен шұғылданатын шаруашылық. Тиісінше, бұл тақырыптың кәсіпке бейім Түркістан облысының тұрғындары үшін маңызы зор деп санаймыз. Сондықтан да қазіргі таңда елімізде фермерлерді қолдау шаралары қалай жүргізіліп жатқанына тоқталмақпыз.

Естеріңізде болса, былтыр көктемде сол кездегі ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов фермерлерді қолдау саласында қандай реформалар болатынын мәлім етіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдерін фермерлер қауымдастығымен бірлесе отырып қайта қарауды тапсырғанын айтқан болатын. Сондай-ақ, бұл ретте, субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша: шағын және орта шаруашылықтарға субсидияларды жеңіл тәртіпте беру, оларды алу рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру, субсидия алушылар үшін тиісті міндеттемелерді енгізу, сондай-ақ субсидиялау жүйесін мемлекеттің өнеркәсіптік саясатымен өзара байланыстыруды қамтамасыз ету сынды нақты міндеттер қойылғанын жеткізген. Оған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен ауыл шаруашылығын субсидиялау саласына кешенді талдау жүргізіліп, қорытындысы бойынша министрлікке субсидиялау жүйесін жетілдіру мақсатында 170-тен астам ұсыныс жіберілгенін тілге тиек еткен.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, біз айтып отырған субсидиялау жүйесіндегі кемшіліктерді жойып, саланы жетілдіре түсу мақсатында Министрлікте «Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру» жөніндегі жұмыс тобы құрылған еді. Тиісінше, бұл топтың қатарына саладағы қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнес, ғылым, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен Парламент депутаттары қосылған. Өз кезегінде жұмыс тобы субсидиялау жүйесін жетілдіру тәсілдерін талқылап, қолданыстағы субсидиялау жүйесінің негізгі талаптарын сақтай отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған тиісті өзгерістерді қамтитын нұсқаны дайындаған болатын.

Сонымен қатар, ішкі салалардағы мемлекеттік қолдаудың негізгі өзгерістеріне қатысты сөз қозғалғанда қаражат бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары қалатыны, қарыз алушы үшін жылдық мөлшерлемені 6 пайызға дейін төмендете отырып, несие мен мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау ескерілгені және тиісті ережелер бекітілгені айтылған.

Осылайша, елімізде көкөніс өсіруді ұлғайту мақсатында жылыжай кешенін салу және кеңейту бойынша берілетін өтемақы үлесі 25 пайыздан 30 пайызға көтеріліп, өз кезегінде бұл өзгеріс маусымаралық кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болған. Одан бөлек, жеміс-жидек, жүзім отырғызу бойынша инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 25 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайған еді. Дегенмен, асылтұқымды бұқалар мен қошқарды жалға алуды субсидиялау жойылып, суда жүзетін құс пен күркетауық етін субсидиялау да тоқтатылатын болған. Оның себебі – аталған тауарлардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына жатпайтындығы. Ал, құс шаруашылығы бойынша жұмыртқаға 3 теңге субсидия беруді жалғастыру ұсынылып, бұқа мен қошқарды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалатын болған.

Ал, екі аптадай уақыт бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқанының соңғы көрсеткіштеріне тоқталып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау туралы тағы да айтып берді. Министрдің айтуынша, елімізде 6,9 млн. гектар жерге егілген дәнді және бұршақты дақылдарды немесе негізгі жоспардың 40 пайызын отандық фермерлер жинаған. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егілген аумақ 24 млн. гектарды құраса, оның 17,3 млн. гектары дәнді дақылдар болған екен. Министрдің айтуынша, егін жинау науқаны уақытылы басталғанымен, астық егілетін негізгі аймақтарда жауын-шашын ұзаққа созылған. Өкінішке қарай, бұл астық сапасының төмендеуіне, оның өнуіне, ылғалдың жоғарылауы мен рефакцияға соқтырған. Тиісінше, ауыл шаруашылығы министрлігі энергетика министрлігімен бірлесіп, астықты кептіру мақсатында бағасы арзандатылған дизель отынын бөлуді пысықтаған. Бұл тұрғыда, өңірлердің өнімді кептіруге арналған дизель отынына деген қажеттілігі 73 мың тоннаны құрапты.

Сондай-ақ, жиын-терім науқанында барлық астық қабылдау орындарының дайындығы пысықталып, олардың тәулік бойы жұмыс істеуі тапсырылған. Ал, әкімдіктер астық кептіру бойынша көрсетілетін қызмет бағасының дұрыс болуын бақылауға алып, тарифтердің негізсіз өсу фактілері анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданатын болған.

Сонымен қатар, министр «Бәйтерек» холдингі мен «Қазагроқаржы» филиалдары фермерлердің стационарлық және жылжымалы астық кептіргіштерді лизингке алуға өтінімдерін жеделдетілген режимде қарауды бастайтынын хабарлаған. Қажет болған жағдайда өңірлерді қаржыландыру лимиттері кеңейтілмек.

– Жиналған өнім сапасының төмендігіне байланысты тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі өткір болып тұр. Азық-түлік корпорациясы тұқым қорын қалыптастыру мақсатында қолда бар астық қорларының тұқым ретінде пайдалану үшін жарамдылығына сараптама жүргізуді бастады. Тұқымның өнгіштігі, тазалығы және басқа да параметрлерге сәйкес келетін астық бөлек жиналады. Облыстардың өтінімдері бойынша мұндай астық егін егу науқаны кезінде фермерлерге тауарлық несие ретінде берілетін болады, деді АШМ басшысы. Сонымен қатар Азық-түлік корпорациясы астықты жеткізу мерзімін биыл 1 қазаннан 1 қарашаға дейін ұзартады. «Бәйтерек» холдингінің қаржы институттарында және Азық-түлік корпорациясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін айыппұл санкцияларынсыз кредит мерзімін ұзарту мәселесі қаралды. Бұл фермердің несие тарихының бұзылмауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, астық бойынша күтілетін көлем елді нанмен, ұнмен және макаронмен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті болады, деді министр. Ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі күнбағыс, картоп, көкөністер, күріш және басқа да әлеуметтік маңызы бар дақылдар бойынша сақталады. Бұл ретте өнімділіктің төмендеуіне байланысты экспорттық әлеует те төмендейді, алайда экспортқа жоспарланған астық көлемі Қазақстанның дәстүрлі экспорттық нарығындағы позицияны ұстап тұру үшін жеткілікті, – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Министрдің айтуынша, биыл қолжетімді бағамен сатылатын жемдік астық жеткілікті болады екен. Бұл тұрғыда өңірлердің жем-шөп дайындау жоспары орындалып жатыр. Егер бір өңірде жем-шөп тапшылығы бола қалса, өзге өңірлерден тасу арқылы қамтамасыз етілмек.

– Жалпы, биыл егін жинау науқанына барлық техника дайындалды. Егін жинау жұмыстарына 404 мыңнан астам трактор, комбайн және орақ іске қосылды. 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, оның 58 мың тоннасы жем дайындауға бағытталды. Республикада элеваторлардың жалпы сыйымдылығы 29,9 млн тоннаны құрайды, бұл астық сақтау үшін жеткілікті. Мемлекет Басшысы үкіметке астық өндірумен айналысатын фермерлік және шаруа қожалықтарына қаржылай және өзге де қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Біз биыл қолайсыз ауа райынан болатын шығындарды азайтуға көмектесетін қолдау шараларын әзірледік. Министрлік егін жинау барысын тұрақты бақылауда ұстайды, мәселелер туындаған жағдайда олар жедел шешілетін болады, – дейді министр Айдарбек Сапаров.

Осы орайда, қала тұрғындарына «Шаруа немесе фермер қожалығы туралы» Заң бойынша да біршама ақпарат ұсынғымыз келіп отыр. Жалпы, Ата Заңға сәйкес, адамдардың жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруы ауыл шаруашылығына арналған жерлердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрумен, сондай-ақ осы өнiмдi ұқсатумен және өткiзумен тығыз байланысты еңбек бiрлестiгi шаруа немесе фермер қожалығы деп танылады. Сөз соңында шаруа немесе фермер қожалықтарын мемлекеттiк қолдау мәселесіне де тоқталып өтейік.

Әлбетте, кез келген қала тұрғыны үшін шаруа қожалығын құрып, фермер атанып кету оңайға соқпайды. Дегенмен, аталған салаға қатысты заңды, өз құқықтарын білетін, мемлекет қарастырып жатқан қолдауларды тиімді пайдалана алатын және аянбай еңбек ететін азаматтар өз ойын іске асырып, әлеуметтік ахуалын көтере алады. Сондықтан ойыңызда жүрген идеяны тұмшаламай, жан-жақты білім мен сауаттылықты арттыра отырып, әрекет етуге ешқашан кеш емес. Тіпті, сіз егін егуге мүмкіндігі жоқ қала тұрғыны болсаңыз да, қазіргі таңда үйіргелік жерлерді тиімді пайдаланып, көл-көсір пайдаға кенеліп отырғандардан үлгі алуыңызға, тәжірибе алмасуыңызға болады. Бүгінгі қоғамда «кез келген мемлекетті кәсіпкерлер асырайды» деген пікір қалыптасқан. Қазақстан билігі де бұл пікірмен келісетінін әрдайым аңғарып келеміз. Демек, біздің елімізде кәсібін сауатты түрде дөңгелетем деген адамға ешқандай шектеу болмайтынына сенім мол. Өз ойыңызды іске асырудан тартынбаңыз. Бұл қолдаудың барлығы ел азаматтарына беріліп отырған мол мүмкіндік.