Start Қоғам ТҮРКІСТАН: БИЫЛДАН БАСТАП СУ САЛАСЫ МАМАНДЫҚТАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ «БОЛАШАҚ» БОЙЫНША БІЛІМ АЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: БИЫЛДАН БАСТАП СУ САЛАСЫ МАМАНДЫҚТАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ «БОЛАШАҚ» БОЙЫНША БІЛІМ АЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылған  өзекті мәселенің бірі – еліміздегі су шаруашылығын дамыту.

Осы орайда, таяуда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек су саласының мамандықтары мәселелері бойынша бірлескен кеңес өткізіп, оған жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше, «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған «Гидрогеология», «Су ресурстары», «Су қауіпсіздігі» секілді мамандықтар қосылды. Нәтижесінде, биылдан бастап Қазақстан студенттері аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 10 оқу орны су саласының мамандарын даярлайды. Ал қазіргі уақытта су мамандықтары бойынша 2500-ге жуық студент оқиды.

«Біз үшін су саласы мамандығын тартымды ету маңызды. 2024 жылдың басынан бері су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 22% – ға өсті. Бұл Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген іс-шаралардың арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар отандық су саласының кадрлық әлеуетін арттыру үшін министрлік су шаруашылығы мамандарын қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр», деді Нұржан Нұржігітов.

Осы орайда, өткен жылдың қараша айында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Швейцарияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салман Бал мырзамен және су ынтымақтастығы мәселелерімен айналысатын Швейцария даму және ынтымақтастық агенттігінің Blue Peace Central Asia (BPCA) бағдарламасының өкілдерімен кездескен болатын.

Нұржан Нұржігітов 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ететінін, сондықтан еліміз Орталық Азия мемлекеттерімен, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарымен ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін мәлімдеген еді. Министр Қазақстан Мемлекет басшысының өңірде Орталық Азияның барлық елдерінің мүдделерін ескеретін Халықаралық су-энергетикалық консорциум құру жөніндегі бастамаларын іске асыруға ниетті екенін атап өтті.

Елші BPCA-ның бірінші кезеңі аяқталуға жақын екенін айтты, сондықтан қазіргі уақытта бағдарлама өкілдері екінші кезеңде қандай бағыттарды қамту керектігін анықтау үшін Орталық Азия елдеріне барады. Сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан қатысатын гидрогеологиялық болжау бағдарламасы Өзбекстанда іске қосылып жатыр. Аталған бағдарлама Орталық Азия елдері арасындағы су ағындары мен су шығынын бақылауға мүмкіндік береді.

Blue Peace Central Asia өкілдері олардың жобасы бірнеше бағытты қамтитынын атап өтті. Аталған жоба, мысалы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Дүниежүзілік банк іске асырып жатқан Орталық Азия үшін су-энергетикалық бағдарламасы (Cawep) шеңберінде су ресурстарын басқарудың өңірлік институттарын нығайту, сарапшыларды тарту және тәжірибе алмасу, трансшекаралық гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және реконструкциялау, сондай-ақ әртүрлі курстар мен тренингтер арқылы кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру секілді бірнеше бағыттарды қамтиды.

«Келесі жылы біз Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырып жатқан Кіші Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отырмыз. Сондықтан біз Blue Peace-пен бірлесіп Орталық Азия елдерінің су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылы мәселелерімен жұмыс істегіміз келеді. Сондай-ақ біз жаңа кадрлар даярлауға және су саласында жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін арттыруға мүдделіміз. Біздің ынтымақтастығымыз тығыз әрі жемісті болады деп сенемін», деген еді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұл орайда, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті Ақылбек Күрішбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылған  өзекті мәселенің бірі – еліміздегі су шаруашылығын дамыту екенін айтады. Президенттің пайымынша, аталған олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қабылдануы қажет.

«Ең бастысы, мемлекет үшін аса маңызды осы салада өз алдына жеке Су ресурстары және ирригация министрлігін құру – 30 жылдан астам уақыттан кейін ғана қолға алынғаны қуантады. Су тапшылығы жылдан жылға артып отырған қазіргі таңда көптеген елдер су ресурстарын басқару саясатын өзгертіп, осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуде. Оларда су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бірыңғай вертикалы ретінде мамандандырылған мекеме дербес жұмыс істейді», – дейді А. Күрішбаев.

Осыған орай, Мемлекет басшысы жылдар бойы қордаланған және әлі күнге дейін өз шешімін таппай отырған проблемалар мен кемшіліктерді қадап айтқаны белгілі.

Шынында да, халық санының өсуі мен ел экономикасының қарқынды дамуын ескерсек, 2040 жылға қарай су тапшылығы жылына 12-15  км3  жетуі мүмкін. Бұған бірнеше фактор ықпал етеді. Біріншіден, климаттың өзгеруі, ол мұздықтардың азаюына әкеп отыр.  Өз кезегінде бұл өзендердің су қорына әсер етті, яғни жыл сайын олардың ағыны төмендеп бара жатқаны байқалады. Тағы бір маңызды фактор – судың 48%-ын көршілес мемлекеттерден: Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден алып отырмыз. Бұл трансшекаралық өзендер арқылы сумен қамтамасыз ету көбінесе көршілерімізбен келісімшарттық қарым-қатынастарға байланысты деген сөз. Шешімін таппаған ауқымды мәселелер осында жатыр, бұған жаңа министрлік ерекше назар аударуы тиіс. Жоғарыда айтылғандай, су – бұл шектеулі ресурс, оның көлемінің азаюы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан ел Президентінің маңыздылығы бойынша суды мұнай, газ, металдармен салыстырғаны кездейсоқтық емес. Қазірдің өзінде де суармалы жерлер бүкіл егіс алқабының 7%-ын ғана алып жатыр (20,6 млн га), өсімдік шаруашылығы өнімі құнының 40%-ын құрайды. Сонымен қатар біздің фермерлер суару гектарының мүмкіндіктерін толық пайдаланбайтынын мойындауымыз керек. Егер барлық агротехникалық нормалар мен ережелерді сақтасақ және жоғары сұрыпты тұқымдарды қолданатын болсақ, бұл көрсеткішті екі есе арттыруға болады. Себебі суармалы жерлерде барлық көкөніс дақылдары, сондай-ақ күріш, мақта, соя, қант қызылшасы және басқа да ауылшаруашылық дақылдары өсіріледі.

Қазіргі қордаланған мәселе су шаруашылығы саласындағы жылдар бойғы үздіксіз реформаларға байланысты да күрделене түсті.  Мысалы, Су ресурстары комитеті бір ведомстводан екінші ведомствоға 6 рет көшті, бұл су шаруашылығын басқару жүйесіне де, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға да кері ықпалын тигізді.

Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың га кеңейту туралы тапсырмасы өте маңызды болып табылады. Тапсырма өте өзекті, бірақ бұл оңай шаруа емес. Себебі  бүгінде суды үнемдейтін технологиялармен қамтылған суармалы жерлердің ауданы жалпы суармалы егістіктің 280 мың гектарын ғана құрайды, бұл  – 1470 мың гектар, немесе 19%.

«Ауыл шаруашылығының ғалым-маманы ретінде бірден айтайық, бұл істі тиімді бастау үшін Үкімет Қазақстан аумағында заманауи суару жүйелеріне қажетті құралдар шығаратын зауыт салу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Әйтпесе, бұл тапсырманы орындау өте қиын болады. Соңғы жылдары суды үнемдеудің маңызды компоненттерінің бірі – мелиорациялық желінің жағдайы қатты алаңдаушылық туғызуда. Мамандардың пайымы бойынша, олардың тозуы 60%-дан асты, бұл ретте суармалы алқапқа жеткізетін судың жоғалуы 40%-ды құрап отыр», – дейді А.Күрішбаев.

Мемлекет басшысының Жолдауында кемінде 3,5 мың шақырым арнаны жаңғырту және цифрландыру міндеті қойылған, ол үшін қаржы ресурстары ғана емес, сонымен қатар су шаруашылығы инфрақұрылымының нысандарын жобалау мен салуды сапалы орындай алатын мамандандырылған ұйымдар да қажет.

Суармалы сумен қамтамасыз етудің маңызды көздерінің бірі – еріген және тасқын суды жинақтау бойынша су қоймаларын салу. Еріген суды жинақтау жөнінде осындай міндет бұрын да қойылған болатын, бірақ ол жүзеге асырылмады. Жылдар бойы ауылдағы су пайдаланушылар үшін тарифтерді көтеруге «тыйым» салынды. Суды суару қажеттіліктері үшін қолдану барысында оны табиғи ресурс ретінде де, егістікке су беруде де болмашы құнмен есептеліп пайдаланылды. Бұл оның талан-таражға салынуына, суды үнемді пайдалануға деген ынтаның жойылуына әкеп соқты, яғни Президент атап өткендей, судың көлеңкелі нарығы пайда болды. Тариф белгілеудің жаңа тәсілдерін енгізу су пайдалану қызметкерлерінің жалақысын арттыру, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйін жақсарту бойынша көптеген мәселелерді шешуге, жоспарлы жұмыстар жасауға мүмкіндік береді. Тарифтік саясат су көзіне қолжетімділік, оны пайдалану мүмкіндігі деңгейінде құрылуы тиіс. Әрбір өзен бассейні үшін судың нақты құнын анықтау қажет. Онсыз суды үнемді пайдалану мүмкін емес. Бүгінгі күні «Қазақ су шаруашылығы» РМК белгілеп берген суармалы бөліністегі судың бүкіл республикаға бірыңғай тарифі – ақылға қонымсыз. Бұл тәсіл өте қолайсыз және әлемдік тәжірибеге қайшы келеді.